- Фин соғысына кеткен адамның мұрағат мәліметтерін табу үшін қайда хабарласу керек және оған не қажет? Әлі күнге дейін туысқандары одан еш хабар ала алмаған. Сұраныс жіберетін электронды мекен-жай бар ма және бүкіл іздеу процесі қанша уақыт алады?
Сұраққа Атырау облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының тәрбие, әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Асқар АҚЫНБАЕВ жауап береді:
- Хабар-ошарсыз кеткендер, қаза болғандар, жарақат алғандар, марапаттар және т.б. туралы барлық мәліметтерді дерлік Подольск қаласында орналасқан Ресей Федерациясындағы Орталық мұрағаттан алуға болады. Туған жылы, шақырылған жылы, қай ауданнан және қай әскери комиссариаттан жіберілгендігі, егер бар болса жерлеу кәртішкесі немесе марапаттары туралы мағлұматтарды жазып, жазбаша сұраныс жіберу қажет...
Ақынбаевтың айтуынша, сондай-ақ, мұны электронды нұсқада жасауға мүмкіндік бар. Мұрағат сайтын табу қиын емес, www.memorial.ru мекен-жайына шықса, сол жердегі өздерінің іздеу жүйесінен қолда бар мәліметтерді енгізіп, туысқаныңызды табуға тырысып көруіңізге болады.
Егер өзіңіз іздеу салғанда қиындықтар кезіксе, әскери комиссариат қол ұшын беруге дайын. Сұраныс жіберсеңіз жеткілікті, Атырау облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент немесе қорғаныс істері жөніндегі қалалық басқарма (сіздің қайда тұратындығыңызға – ауылда ма немесе ауданда ма, соған байланысты) өз атынан Ресейге ресми сұраныс жібереді. Іздеуге кететін уақытқа қатысты дәл жауап айту мүмкін емес. Бәрі де істің орайына қарай.