Таяуда ғана қоғам белсенділерінің жақын арада президент пен үкіметке жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың иелері, келісімшарттар мен лицензиялардың толық мазмұны, сондай-ақ табиғи ресурстарды игеру нәтижесінде алынған олардың табысы туралы мәліметтерді әрбір қазақстандық осы ақпаратпен танысуы үшін ашық порталда тезірек жариялауды талап етіп, ашық хат жолдағаны белгілі. Біз хатқа қол қойғандардың бірі, «Эхо» ҚБ бағдарламалық директоры Мария ЛОБАЧЕВАМЕН хабарласқан едік.
Білмейтіндер үшін, ӨСАБ (Халықаралық өндіруші салалардың ашықтығы бастамасы) 2003 жылдан бері қолданылып келе жатқанын және елдердің мұнай, газ, тағы басқа да табиғи ресурстар төңірегіндегі ашықтығын қамтамасыз ететін халықаралық стандарт екенін нақтылған жөн. ӨСАБ бойынша жер қойнауын пайдаланушы компаниялар жыл сайын өз мәліметтерін (салықтар, өңірлерге әлеуметтік аударымдар және басқа да төлемдер) жариялап отыруы тиіс. Бірақ Қазақстан әлі 2020 және 2021 жылдар үшін есеп бермеген. Нәтижесінде елдің ӨСАБ-дағы мәртебесі есеп жарияланғанға дейін тоқтатылды.
Бұған міндетті Индустрия және инфрақұрылым министрлігі 17 ақпанда өз сайтында мақұлданған есепті жақын арада жариялау жоспарланып отырғанын хабарлады. Олардың айтуынша, оны дайындау COVID-19 таралу қаупіне және 2022 жылдың қаңтарындағы оқиғаларға байланысты кейінге қалдырылған.
Мария Лобачеваның айтуынша, қазақстандықтар пайдалы қазбаларды өндіру қандай жағдайда жүргізілетінін және еліміздің жер қойнауын игеретін компаниялар кімге тиесілі екенін білуге құқылы.
"Біздің өндіруші салада не болып жатқанын түсіну маңызды, өйткені Қазақстан әлі де ресурсқа тәуелді ел. Бұл тәуелділіктен қанша құтылуға тырысқанымызбен, бүгінде біздің экономикамыз табиғи ресурстарға құрылған, шикізат экспорты басым. Егер біз жер қойнауын пайдаланушылар туралы ақпаратты көре алмасақ, онда мемлекеттің бұл ресурстарды қаншалықты жақсы немесе нашар басқаратынын, олардан түскен кіріс мемлекетке немесе жеке қорларға түсіп жатыр ма немесе басқа жолмен пайдаланылып жатыр ма, білмейміз», - дейді М.Лобачева «АЖ» тілшісінің сұрағына жауап беріп.
НАҚТЫ МЫСАЛДАР КЕЛТІРСЕҢІЗ
- Менің ойымша, жақсы мысал ретінде бүкіл Қазақстан бойынша әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаларды айтуға болады. Жергілікті халық үнемі жергілікті билік пен компаниялардан осы жобалар туралы ақпаратты – оларға қанша қаражат жұмсалғанын, кім таңдағанын жария етуді талап етеді. Өйткені көптеген өңірде белгілі бір ескерткіш кімнің есебінен тұрғызылды, мерекелер кімнің есебінен өткізіліп жатыр және бұл ақшаны ысырап ету қаншалықты орынды деген сұрақтар туындайды. Ал ашық деректер адамдарға мәселе көтеріп, үкіметтен дұрыс басқаруды талап етуге мүмкіндік береді. Өңірлерде «бізде анағұрлым маңызды міндеттер бола тұра, онша маңызды емес жобаларға неге ақша жұмсаймыз?» деген сұрақтар туындайды.
Міне, нақты мысал. Жақында БҚО-да жергілікті белсенділер мен БАҚ өкілдері «Неліктен Орал әуежайының бір бөлігі ресейлік компанияға сатылды? Ал әуежай ҚПО-ның ( Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг) әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаларының қаржысына жөнделді ғой» деген мәселе көтерді. Яғни, бұл ақшаны мемлекет ӨБК (Өнімді бөлу туралы келісім) бойынша өзінің мұнай үлесімен өтеп қана қоймай, оны қалпына келтіріп, әлдебір компанияға берген. Бұл жерде жайдан-жай мемлекет қаржысын ысырап ету бар ма, жоқ па?
Тағы бір мәселе: ӨСАБ есептерінен біз бұл ақшаның жергілікті бюджетке төленетінін түсіндік, бірақ олардың табиғат қорғау іс-шараларына тікелей жұмсалып жатқанына кепілдік қайда? Яғни, тағы да қайталап айтамын – ашық деректер адамдарға бұл ақшаның дұрыс жұмсалуын қадағалауға және осы кіріс қаншалықты тиімді басқарылып жатыр деген мәселені көтеруге мүмкіндік береді.
– Мынадай сұрақ туындайды: бұл ақпарат Қазақстанда соңғы жылдары неге қолжетімді болмай отыр?
– Меніңше, бұл бүгінде үкімет дұрыс түсінбейтін немесе түсінгісі келмейтін басымдылық мәселесі сияқты. Біздің уәкілетті ведомство – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі. Бұл алып министрлік, бірақ ӨСАБ енгізу оларға бір пайыз немесе одан да аз орын алады. ӨСАБ есебін дайындауға бюджеттен өте аз қаржы бөлінеді. Алғашқы бюджет 2014 жылғы девальвацияға дейін – доллармен есептегенде 200 мың шамасында болса, 2022 жылы бұл мақсатқа 9 миллион теңгедей қаржы бөлінді, бұл доллармен есептегенде 18 мың. Үлкен айырмашылық, солай емес пе? Ірі аудиторлық компаниялардың ешқайсысы мұндай ақша үшін біздің есеппен айналысқысы келмейді.
2020 және 2021 жылдарға арналған есепті бекіту туралы келісімшартқа өткен жылдың 28 қарашасында ғана қол қойдық. Соңғы мерзім 31 желтоқсанда аяқталды. Бір айда 2 жылдың есебін дайындау ақылға қонымсыз. Есеп жобасы өте нашар болды, сондықтан азаматтық қоғам оны бекітуден бас тартты. Жақында бізге есептің екінші нұсқасы жіберілді, бірақ онда да сұрақ көп.
Біз жоғары сапалы ӨСАБ есебі болған кезде ғана өз қолымызды қоямыз.
Айнұр САПАРОВА