Өңірлік коммуникациялар қызметінде Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Мэлс АҚЫЛБАЕВ пен департаменттің басқарма басшысы Бекболат АНЕСОВТЫҢ қатысуымен брифинг өтті. Олар өткен жылғы жұмыс қорытындысы жөнінде әңгімеледі.
2022 жылы департаментке жеке және заңды тұлғалардан 669 арыз түсті. М.Ақылбаевтың айтуынша, 2022 жылы 32 қылмыстық іс қозғалған, оның басым бөлігі бюджет қаражатын жымқыру, нақты орындалмаған жұмысқа шот-фактура беру және салық төлеуден жалтару фактілеріне қатысты. Белгіленген залалдың жалпы сомасы 5,8 млрд теңгені құрады.
М.Ақылбаев қазір сотта бұрынғы облыстық құрылыс басқармасы бастығының міндетін атқарушыға, оның орынбасарына, бөлім бастығына, техникалық қадағалаудың мердігерлік ұйымы басшылығына қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру деректері бойынша қылмыстық іс қаралып жатқанын айтты. Әңгіме 4 әлеуметтік нысанның (мектеп, 2 дәрігерлік амбулатория және дене шынықтыру-сауықтыру кешені) құрылысына бөлінген 467 млн теңге туралы болып отыр. Сотта 8 айыпталушының ісі қаралып жатыр.
Сондай-ақ ол Қылмыстық кодекстің «Монополистік қызмет», «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру (жылыстату)», «Бөгденің сеніп тапсырылған мүлкін иемдену немесе талан-таражға салу» деген үш бабы бойынша айыпталған «Жылыойсу» МҚҚ бұрынғы директорының ісіне тоқталды. «Жылыойсу» МҚҚ директоры 2019 жылдың наурызы мен 2021 жылдың наурызы аралығында Құлсары қаласының тұрғындарын сумен жабдықтау қызметіне монополиялық жоғары баға белгілеген. Сондай-ақ кәріз жүйелері мен магистральдық желілерді жөндеу кезінде 126 млн теңге қаражатты жымқыру дерегі анықталды. Өткен жылдың шілде айында сот оны кінәлі деп танып, 6 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды, сонымен қатар өмір бойына материалдық жауапкершілікке байланысты мемлекеттік мекемелерде қызмет атқаруға тыйым салды.
Қазір сотта «Аурум» компаниясының директоры мен оның екі сыбайласына қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 197-бабы («Мұнай және мұнай өнімдерін шығу заңдылығын растайтын құжаттарсыз тасымалдау, иемдену, өткізу») және 218-бабы («Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті (жылыстату) заңдастыру» бойынша айып тағылған.
Сұйытылған мұнай газын сақтау паркінің бас директорына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 221 («Монополистік қызмет») және 218-баптары бойынша тағы бір сот процесі жүріп жатыр. "Жеке компания белгілеген жоғары тариф аймақтағы газ бағасына тікелей әсер етті. Заңсыз кіріс 2,4 миллиард теңгені құраса, қазіргі уақытта ол толығымен мемлекет пайдасына өтелді", - деп атап өтті Ақылбеков.
№2 қалалық сотта 2019 жылдың ақпанынан 2021 жылдың шілдесіне дейін зауытты басқарған АМӨЗ-дің бұрынғы бас директорына қатысты іс қаралуда. Оған «Мұнайды терең өңдеу кешенін салу» жобасын жүзеге асыру кезінде «лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып, ауыр зардаптарға әкеп соқтырды» деген айып тағылып отыр. Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, басты сот отырысы 24 қаңтарға белгіленіп, куәгерлерді шақыру үшін 9 ақпанға шегерілген.
Айнұр САПАРОВА