Экология белсенділері қалалық қоғамдық тамақтану нүктелеріне сенсорлық шүмек орнатуды міндеттеуді және Жайықтан жазғы уақытта қаладағы жасыл желектерді су тасығыштармен суаруды тоқтатып, басқа әдіспен алмастыруды ұсынды.
Атырау облысының осы және өзге де сан қилы мәселесін Астанадан келген «Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының» басшысы Лаура МАЛИКОВАНЫҢ төрағалығымен өткен жиында белсенділер, депутаттар, табиғат қорғау және басқа да ведомство өкілдері талқылады.
Ұйым 2018 жылдан бері жұмыс істейді және оның негізгі міндеті қоршаған ортаның сапасын жақсарту арқылы Қазақстан халқының өмір сүру сапасын арттыруды қолдау болып табылады. Жақсы әрі дұрыс іс, тіпті жиында айтылған барлық мәселе талай рет көтерілді.
Олар ірі ұйымдардың ауаны ластайтыны, ұшқыш органикалық қосылыстардың концентрациясын бақылайтын бекеттердің тапшылығы туралы айтты. Галина ЧЕРНОВА кәсіпорындардан апатты шығарындылар бойынша есеп жүргізуді енгізуді және қазіргі уақытта жер қойнауын пайдаланушылардың ыңғайлы болып отырған осы шығарындыларды есептеу әдістемесін қайта қарауды ұсынды. Ал Шынар ІЗТЕЛЕУОВА Жайық суының сарқылуы тақырыбын көтерді.
Әсіресе, «АМӨЗ» ЖШС қоршаған ортаны қорғау бөлімінің бастығы Әділбек ИМАНҒАЛИЕВҚА оңай тимеді. Оның Атыраудағы булану алаңдарын құрғату бойынша «Тазалық» экологиялық жобасын жүзеге асыру (жобаны Еуропалық қайта құру және даму банкі қаржыландырады, онымен Атырау мұнай өңдеу зауыты 80 млн долларға келісім жасасқан) барысы және бұрын жабық механикалық тазарту құрылыстарын (ЖМТҚ) салу бойынша қабылданған міндеттемелерді орындаудағы қиындықтар туралы айтқан сөздері жиналғандардың наразылығын тудырды. Бұл тақырып бөлек мақала.
Сондай-ақ «Арнаулы автобаза» ЖШС қоқыс шығару ұйымының өкілі шақырылды. Ол 150-ге жуық рұқсат етілмеген үйінділер жойылғанымен, жаңалары пайда болғанын айтты. Осы жерде қалдықтарды шығару, сұрыптау және қайта өңдеу қызметтеріне тарифтерді көтеру туралы өткір тақырып көтерілді. Оны келесі жолы егжей-тегжейлі талқылауды ұйғарды.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА