Атырау, 24 қараша 08:40
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Буға бөккен подъезд

2 840 просмотра

Авангард 2 ықшам ауданының №3 үй тұрғындары үш аптадан бері подъездерінің көк түтінге оранғанын хабарлады. Түтін болғанда, судың буы бұл. Подъезд ішінен көзіңді біреу тұмшалағандай түк те көрінбейді. Тұрғындар дымқыл ауамен тыныстаймыз деп ауру болатын болдық деп отыр. Және, пәтер іштерінің де дымқылданып бара жатқанына алаңдайды.

Ал бар мәселе – канализация құбырынан шыққан еді. Редакцияға қоңырау шалған осы үйдің тұрғыны Сәуле Иманалиеава өткен жазда тұрғындар болып ақша жинап, канализация құбырын пластикке ауыстыртқалы, бәрі жақсы болғанын айтады. Алайда, жақында жертөле асты суға толып кетіпті. Мұндай жағдай жалғыз бұл үйде кездесіп отырған жоқ.

Аталмыш үйді өз балансына алған «Асыл-Атырау» ПИК-нің төрайымы Таразы АЛПЫСБАЕВА подъездің буланып кетуі – сырттағы канализация жүйелерінің бітеліп қалғанының кесірінен болып отыр дейді.

- Кінә бізден емес. «Атырау Су Арнасы» КМК Авангард 2 ықшам аудандағы №3 үйдің жертөлесіндегі суды сорғызу үшін сан мәрте берген тапсырысты қабылдағанымен, ешкім келмей қойды. Олар қала тұрғындарынан тапсырыс көп түсіп жатқандықтан, үлгере алмай отырғандығын айтты. Тұрғындар шу шығармаса тіпті келетін түрі жоқ, - дейді ПИК төрайымы.

Қазір «Атырау Су Арнасы» КМК-ның жұмысшылары жертөледегі суды азайтуға тырысып жатқан көрінеді. Алайда, канализация жолын тазарту мүмкін емес екен.

КАНАЛИЗАЦИЯ ЖҮЙЕСІ ЖҮЙКЕНІ ЖҰҚАРТЫП КЕЛЕДІ

Ал «Атырау Су Арнасы» КМК-ның директоры Серік ЖҰМАШБАЕВ канализация жүйелері мәселесіне орай қойылған сауалымызға мынадай жауап қатты:

- Авангард 2-ші ықшам ауданындағы №3 тұрғын үйдің тұрғындары құдықтар мен жертөле ішіне лақтырып тастаған және жертөледегі бұзылған таратушы құбырлар мен үйлерден шығарылған канализация құбырлары арқылы қалалық канализация жүйесіне түсетін тұрмыстық және құрылыс қоқыстарымен, полиэтилен қапшықтармен, шүберектермен, полиэтилен құтылармен бітелуі салдарынан сарқынды суларды бұрып әкету қиындап отыр. Жертөле ішіндегі таратушы желілерді жөндеу және үйден шығарылған канализация құбырларын тазалау - «Елді  мекендердің сумен жабдықтау және суды бұру жүйелерін пайдалану ережелерінің» 41-ші тармағына сәйкес, кондоминиумдардың (ПИК-тер) міндеті болып табылады. Қазіргі кезде канализация желілерін пайдалану қызметі Авангард 2-ші ықшам ауданының №3 үй маңындағы өзіаққыш коллекторды әлсін-әлсін тазалап отырады. Сол секілді Лесхоз ықшам ауданында орамдық (квартальный) канализация коллекторлары тазаланып, сарқынды суларды  бұрып әкету қалыпқа келтірілді.

Одан бөлек, «Атырау Су Арнасы» КМК-ның басшылығы канализация  желілері мен  сорғы стансаларын пайдалану қызметінің 265 шақырым канализация желілері мен 57 канализациялық сорғы стансаларын пайдаланатынын хабарлады. Оның айтуынша, қазіргі күні қызметтің канализация желілерін жөндеу және пайдалану жұмыстары бойынша 7  апаттық-жөндеу бригадасы іске қосылған. Аталған  қызмет 7  вакуум автокөліктерімен, 1  экскаватормен, 3 апаттық-жөндеу шеберханасымен, арналарды тазартуға арналған арнаулы машинамен және адам тасымалдайтын 3 автокөлікпен жарақтандырылған.

Алайда, қала тұрғындарының тапсырысын орындауға үлгере алмай жатқаны немесе басқалай себептері жайлы жақ ашпаған. 

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

17 наурыз 2011, 18:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.