Атырау, 16 қазан 13:24
 ашықВ Атырау +12
$ 487.42
€ 531.39
₽ 5.04

Ескі жатақхана әлегі

3 812 просмотра

Төлебаев көшесі, №44 үй - бұл қаланың қақ ортасында орналасқан ескі жатақхана. Нақтырақ айтсам, қаладағы американдық қалашық пен «Өнерпаз» сауда үйінің арасынан орын тепкен. Жатақхана жаңа ғимаратқа сұранып-ақ тұр. Тұрғындардың да арызданатындай жөні бар екен. Ғимараттың сырты бүтін көрінгенімен, іші жыларман күйде. Ішіне бас сұғудың өзі қорқынышты.

Ғимараттың ортасында үңірейген төрт бұрышты алаң жасай салынған баспалдақтар реті – ескіліктен естелік сыйлайды екен. Қабырғалары да, электр сымдары да әбден тозған. Қараңғылық шалған қуыс бөлмелерге кірудің өзі үрей туғызады. Дегенмен, біз бір пәтерге кірмек болдық. Онда сәбидің жылаған үні естіліп жатты. Анасы байғұс, сәбиіне ұрысып жіберген сіңлісіне қабақ шытты. Бұл пәтерде жас отбасы туыстарымен жалдап тұрады екен. Демографияға дем берейік деп жүргендер алдымен баспана жағын ойласа ғой... Әйтпесе, тұншықтырған иіс мүңкіп, араққұмарлар мен бұзақылар жиналатын жерде балаға обал...    

Билік пен халықтың арасына көпір болған бұқаралық ақпарат құралдарының біріне мұңын жеткізуге асыққан осы жатақхана тұрғындары біздің редакцияға тілек арыздарын арқалай келген болатын. Тұрғындар атынан сөйлегенАсхат Ералиев бұл жатақханада тұрмыстары өте төмен адамдар тұратынын айтады.

- Жағдайымыз жақсы болса, осындай шұрық-тесік үйде тұратын ба едік. Бізді балансына алған ПИК те жоқ. Әкім көптеген қомақты істер тындырып жатыр. Қолы тигенде, бізді де ұмытпай келіп, қалай тұрып жатқанымызды, жалпы жағдайымызды көріп кетсе екен дейміз. Мұхиттың ар жағынан келгендер қандай үйде тұрады, біздер қалай тұрамыз... Өте күйінішті,– деп налыды ағамыз. Расында да, өз жерінде өгейлер көз алдында керемет жайлы үйлерде тұрып жатқанда, күйін көріп қуарған жергілікті халық ашынбағанда қайтсын. Жатақхана тұрғындарының сондағы бар тілегі – ғимаратты күрделі жөндеуге бюджеттен ақша бөлінсе немесе тұрғындарды көшіруге болатындай жағдай жасалса деген.

Қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВАНЫҢайтуынша, аталмыш жатақхана тұрғындарының арызы қазір қалалық әкімдіктің назарында. Бұл арыз бойынша бүгінде жатақхананың техникалық жағдайын тексеру мақсатында қала әкімінің орынбасары Әділбек Нұрлығожиевтің төрағалық етуімен комиссия құрылмақшы.

Айтпақшы, осы жатақхананың бірінші қабатында орналасқан «У Гаджи» кафесінің қожайыны жатақханаға бір кездері жөндеу жүргізген-мыс. Алайда, тұрғындардың өздері тұрып жатқан мекенін күтіп ұстамаған деп отыр қалалық әкімдікте. Бірақ, жатақхана тұрғындары жатақхананы бүлдіріп отырған күні-түні кәуәп пісіріп, түтінді аспанға көтерген кафе жұмысшылары деген уәж келтіреді.     

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

17 наурыз 2011, 18:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.