Атырау, 23 қараша 05:40
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Кипрдегі ахуал тағы бір дағдарыс толқынын тудыра ма?

1 817 просмотра

Осы кезге дейін жер жаннаты болып келген Кипрдің басынан бақ кеткелі қашан. Ал өткен демалыста оның жағдайы тіпті мүшкілдене түсті. Қыршаңқы тілдер мұндағы жағдайға «шегерілген дефолт», «Кипр сойқаны», «әлемдік қаржы дағдарысының жаңа айналымы» деген баға беруде.

Қалай тартса да – құрдымға

Сарапшылар осылайша тілдерін безеп жатқанда, биржадағы ойыншылар шығы­нын санап әлек. Дүйсенбіде Ресей, Еуропа, Азияның биржа алаңдарында қор индекс­тері төмендеді. Нью-Йорктегі Уолл-стритте де құлдырау. Қатты сасқаны ма, Кипр пре­зиденті Никос Анастасиадис салымшылар шы­ғынын жартылай қайтаруға уәде беріп тастады. Бірақ оған сөз соңында тоқтала­мыз.

Иә, 100 мың евроға дейінгі депозитке – 6,75 пайыз, 100 мың евродан асатын сома­ға 9,9 пайыз салық салу – Еуроодақ тарапынан Кипрге шұғыл түрде берілетін 10 млрд евро (13 млрд доллар) жәрдемнің шарты осындай.

Әлбетте, мұндай шешім Кипрде кәдім­гі­дей дүрлігіс тудырды да, жаңғырығы Ре­сейге келіп жетті. Өйткені шетелдік сарап­шы­лардың ойынша, мұндай «бір түрлі ше­шімді» қабылдауға Кипрдің банк жүйе­сіндегі Ресей қаржысы себеп. Өйткені «Брюс­сельдегі келіссөздерде Кипрге бө­лін­ген қаржы осы аралда есепшоты бар бай орыстардың қалтасына түсуі мүмкін» деген қауіп айтылған болатын. Германия канц­лері Ангела Меркель депозитке салық салу шешімін барынша қолдап, оны «Кипр­ге бөлінетін жәрдемді жеңілдетеді» деп бағалады.

Бірақ та Брюссель келіссөзіне қатысу­шы­лар ең әуелі арал тұрғындарының, со­сын салымшылардың мұны қалай қабыл­дай­тынын есепке алмапты. Берілетін жәр­демнің шартын оғаш деп білген жұрттың ашу-ызасын тудырды. Тығырыққа тірелген Кипрдің таңдауға шамасы жоқ: не мо­йынсұнып, қаржы жүйесін тұрақтан­ды­ра­ды. Не қаржылық еуроаймақтан шығып, қар­жы дағдарысына ұрынады.

Егер алдыңғы жолды таңдаса, Кипр бюд­жет тапшылығын қысқартуы қажет, оны салықты көтеру есебінен жүзеге асы­рады. Сондай-ақ банк заңнамасын рефор­малайды. Дегенмен саясаттанушы Уәли­хан Төлешовтің пікірінше, Кипрдің еуро­ай­мақтан шығуы неғайбіл.

Ресей инвесторларын кім құтқарады?

Былтырғы қараша айында немістің «Шпи­гель» басылымы Ресей бизнесмен­дерінің Кипр банктерінде 26 млрд доллар сақтап отырғанын жариялаған болатын. Оған Кипр билігі «Шпигельдің» бұл шат­пағы халықаралық инвестициялық орта­лық ретіндегі елдің беделіне күйе жағу» деп қарсылық білдірген. Ал Үкіметтің өкілі Стефанос Стефану елде «лас» ақшаны жа­риялауға қарсы заң қабылданғанын ай­тып, осы үшін Халықаралық валюта қоры­нан мақтау естіген. «Шпигельдің» күздегі ақ­паратты аспаннан алмағаны бүгін ашыл­ды. «Фигаро» жазғандай, Кипр банк­терін­дегі 68 млрд евроның 40 пайызы – ре­сейліктердің үлесінде. Енді олар са­лықтың кесірінен 2 млрд евродай қаржы­сынан қағылуы мүмкін. Бұл – «Газпром» мем­ле­кеттік корпорациясы, «Лукойл» мұнай алыбы, сондай-ақ бірқатар ірі банк­тердің басына тиетін таяқ.

Осылайша Кипрдегі ахуал ресейлік са­лымшылардың мүддесіне тиетіндіктен, те­рістік көршіміздің де қарап қалмайтыны белгілі. Ресей Президенті Владимир Путин бұл шешімге «кәсіби емес және аса қауіпті» деп баға берді.

Дмитрий Медведев «біреудің ақшасын тәркілегенмен бірдей» деген пікірде.

Әйгілі сарапшы Михаил Хазин бүгінгі жағ­дайды Ресейдің кешегісімен салыс­ты­рады. «Біздің елімізде 1998 жылы бар­лық банк­терде азаматтардың салы­мын тәркі­леу реформасы жүргізілгені бел­гілі. Сол кезде бұл өркениетті емес Ре­сейдің әрекеті деп түсіндірді. Бүгін біз өркениетті елдердің де дәл сондай әре­кетке баратынын көріп отырмыз. Жағдай ушыға бастағанда, бөг­де біреулердің қаржысымен осылайша тесіктерді бітей бастайды», – дейді ол.

Соңғы тұяқ серпу

Кипр көлемі азырақ салымдарға са­лық­ты алып тастау немесе азайту жөнінде сау­даласуға талпынып көрді. Еуроодақ ұсақ салымшыларға салық мөлшерін азай­туға келісім беруге дайын. Тек бюд­жет­ке түсетін жалпы түсім жоспарда қа­рас­ты­рыл­ғандай 6 млрд евроны құраса ғана.

Кипр экономикасы Еуроодақ көле­мін­де шағын болғанымен, банкроттың аз ал­дында тұрған Грекия, Португалия, Ир­лан­дия және Испанияға көмек көрсетілген кез­де ондағы салымдарға ешқандай са­лық енгізілмеген еді. Енді бұл қадам са­лым­шылардың банктегі қаржысын шыға­рып алуға берілген белгідей көрінуі мүм­кін. Бұл үш жылдан бері қарыз дағдарысы­мен арпалысып жатқан Еуропа үкіметтері­не ауыр соққы болары сөзсіз. Бұл шешім көп­теген ма­ман­дардың пікірін­ше, 2008 жыл­ғы дағдарысты ауыздықтауда қол жет­кен басты жетістікті – банк депозиттері кепілдігін жоққа шығарудан басқа түк те емес. Әрі бұл шешімнің бастамашысы бұ­рын салымды қорғаған Еуроаймақтың қар­жы министрлері. Осының бәрі – оф­шор­лы аймақтарға қаржысын сақтайтын­дарды қорғаштағандардың пікірі.

Брюссель Кипрге беретін жәрдемді екі есе дерлік қысқартқан соң, бұл елдің билігі қайтсе де 7 млрд евроны табуға мүдделі. Сондықтан әлгі шешімге бер жағынан қар­сылық білдіргенімен, ар жағынан қол­дайтыны белгілі. Президент Анастасиадис ауадан ақша жасауға да тырысып бағуда. Салымның салыққа алынатын бөлігін ол болашақта игерілетін көмірсутегі есебінен жабамын деп уәде беріп отыр. Осыдан екі жыл бұрын Кипр қайраңында газдың мол қоры табылған. Анастасиадис соған сүйе­ніп акция шығармақшы. Әйтсе де, кенішті игеру 2020 жылдан бері басталмайды. Әрі ол кенішке Кипрдің түрік жағалауы да өз құқығын білдірген еді. Демек, алдағы 10-15 жылда әлгі құнды қағаздың құны көк тиын. Ал жаңа салықтан жалтару үш жылға бас бостандығынан айырылуға немесе 50 мың евро төлеуге алып келеді.

Уәлихан Төлешов, саясаттанушы:

– «Кипр – офшорлы аймақ. Осындай оф­шор­лы аймақтар әу бастан көп адамның қаржысын өз елінен әкету үшін пайдала­ныл­ғаны белгілі. Дағдарыс басталған соң, Үлкен жиырмалық офшорлық аймақтарға қарсы күрес ашуды ұйғарғанын білеміз. Себебі мұндай аймақтарды «қара апан­мен» салыстыру керек. Өз елінде салық төлеуден қашқандар ғана офшорлық ай­мақтарға бет алатын.


Қазір солардың ішіндегі ең ұрымталы Кипр болып отыр. Жағажай елі саналатын Кипрде өндіріс жоқ, туристерге арнап ин­фра­құрылымды салып тастаған. Тек соның есебінен күн көретін. Ал Еуроодаққа енгелі кипрліктер мүлде жұмыс істеуді қойды. Тек қарыздың есебінен күн көрді десе де болады. Сондықтан салымшыларға салы­на­тын салық – тығырықтан шығуға деген талпыныс. Қол ұшын созған Еуроодақтың бұл шешімін өз басым қолдаймын. «Көп асқанға бір тосқан» демекші, осы елде қар­жысын сақтағандар ешкімге кінә тақпауы тиіс. Ресей қанша шуласа да, бұл –Еуро­одақтың ішкі мәселесі. Ал біздің азамат­тардың ол елде салымы бар-жоғы­на кел­сек, болған күннің өзінде оларға аяу­шы­лық білдіргеннен басқа айтарымыз жоқ».

Дереккөз: alashainasy.kz

22 наурыз 2013, 14:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.