Атырау, 2 қараша 19:05
 бұлттыВ Атырау +11
$ 488.11
€ 530.09
₽ 5.01

Белгілі суретші-сценограф Гүлмаржан МАХАМБЕТ: «Сән театрын ашсам деп едім»

10 552 просмотра

Наурыздың 11-і күні облыстық Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрында қалың көпшілікке еліміздің бас суретші-модельері ретінде танылған талант иесі Гүлмаржан МАХАМБЕТТІҢ «Ертеңім – елім» атты жеке шығармашылық есеп беру концерті болып өтті. Спектакль кейіпкерлерінің түрлі киім үлгісінен бөлек, күнделікті тұрмыста киіп жүруге болатын киімдердің сән үлгілері де таныстырылды. Біз осы кештен соң Гүлмаржан апайдан сұхбат алдық.

«АЛҒАШ ҰЛТТЫҚ КИІМ ҮЛГІСІН ГҮЛФАЙРУЗ АПА ОЙЛАП ТАПТЫ»

- Гүлмаржан апай, әңгімемізді әуелі сәндік өнер жолына қалай келгеніңізден бастасақ?

- Өнер маған нағашыларымнан дарыған болуы керек. Олар зергерлік жұмыстармен айналысқан. Өзім есімді білгеннен сурет салдым. Ең алғашқы салған суретім әлі есімде. Бірде ботаника сабағынан үй тапсырмасы бойынша алма ағашының гүлін салып келгенімде, мұғалімдер оны өзімнің салғаныма сенбеді. Көшіріп алдың ба деп сұрағанға жылап, апайларыма өкпеледім. Одан кейінгі суреттерімді олар бір-біріне мақтанышпен айтып, көрсететін болды. Аудандар арасында байқауларға қатыстыратын. Мектеп бітірердің алдында газет-журналдарға шығып жүрдім. Сонда Алматыдан келген мамандар мені өнерлі балалар ортасына алып кеткісі келді. Онымен анам жалғыз болғаннан кейін жібермеді. Сөйтіп, үйде қалып қойдым. Бірақ, айналып келгенде өнер жолына түстім. Құдайға шүкір, ешқандай өкінішім жоқ. Өзім кәсіпті Атырау мемлекеттік университінде игердім. Алматыда, кейін Мәскеуде сегіз рет біліктілігімді арттыру мақсатында болып, Балтық елдерінде тәжірибеден өттім. Қазір суретшілер академиясының мүшесімін.

- Сіздің киім үлгілеріңізді Нұрғиса Тілендаиев атындағы кіші өнер академиясының «Кербез» сән театры Эстония, Киевте өткен байқауларда таныстырып, жеңіспен оралды...

- Мен бір қызық әңгіме айтайын. Эстонияда менің коллекциямдағы қызыл көйлекті таныстырған кезде, бүкіл эстондықтар орындарынан атып тұрып, қол соғыпты. Ол маған емес, өнеріме емес, халқымызға деген құрметі деп білемін. Сондай құрметтің өзі біз үшін үлкен мәртебе. Жақында оқушыларымыз Эстонияға тағы да менің көйлектерімді апарып, көрсетіп келгелі отыр.

- Атырауға жұмыс бабымен келген шетел азаматтарынан сұраныс түскен кезддер болды ма?

- Жақында Америкадан келген бір келіншек өзіне киім тіктірді. Менің бір эксклюзивті ұлттық киім көйлегім бар еді. Соны ұнатқан соң, қайталап тіктіртіп кигісі келді. Еліме апарып көрсетемін деді. Мен ондай ниетіне қатты қуанып қалдым. Сол секілді кейбір шетелдіктер тіктіріп алады.

- Атыраудың ақшалы апайлары сізге киім үстіне асыл тастар салып тігуге тапсырысты жиі жасай ма?

- Көп деп айта алмаймын. Бірақ, беріп жатады. Ол жұмыс қымбат болғаннан кейін, бізде ештеңе қалмайды десек те болады. Өйткені, оның тасы да, матасы да қымбат. Бірақ, жұмысың сол болғаннан кейін, жасайсың.

- Бізде ұлттық қазақ киімдерімізді «Наурыз» мерекесінде немесе бір тойларда ғана еске түсіреді. Ал күнделікті тұрмыста киіп жүруге ыңғайлы ұлттық киімдерді ойлап тапқан ешкім жоқ. Соны икемге келтіріп тігуге болмас па? 

- Негізі, қай адам болса да, егер өзінің ұлтына жақын киімді тіккісі келсе, әуелі түбін зерттеу керек. Түбін зерттеп білсең, оның ұлттық бояуын жоғалтпай қазіргі мезгілге әкелу қиын емес. Жалпы, ұлттық киімдерді көптеп тіккенде өтпей қала ма деп қорқамыз. Ал енді тапсырыс беріп жатқандарға әрине, қиялымызды іске қосып, ойдан шығу үшін барынша әдемі жасап шығаруға тырысамыз. Кейбір қыздар киіп жүрген көйлектеріне өрнек салдыртып жатады.

- Жалпы ұлттық киімдеріміздің түпкі негізін ойлап тапқан кім екен?

- Негізін театр жасап шығарады ғой. Мен театрда істемеген болсам, ұлттық киім үлгісін жасай алмаған болар едім. Мен «Қарагөзді», «Еңлік-Кебекті», бүкіл классиканы жасасам ғана ұлттық киімді білемін. Танымал суретші Гүлфайруз Исмаилова менің ұстазым. Спектакль кейіпкерлеріне киім үлгісін ойлап табуды, жалпы сән театры мен ұлттық киім үлгілерін алғаш жасаған осы Гүлфайруз апамыз. Оған да себепкер болған – театр.

ҚЫЗ БАЛАНЫҢ СИМВОЛИКАЛЫҚ ТҮСІ - ҚЫЗЫЛ

- Cіздің бір сұхбатыңызда той көйлегі қызыл түсті болуы тиіс деген пікіріңізді оқыдым.   

- Қыз баланың символикалық түсі – қызыл. Ол түс қыз баланың пәктігін білдіреді. Қызыл түсті той көйлегін кию қалды бүгін. Қыз бала қызыл көйлек киеді дегенді мен емес шығарған. Бұл ертеден келе жатқан салт. Кей жерлерде осы сақталған. Өзіңіз де байқап отырсыз, менің киімдер коллекциямда қызыл түсті той көйлегі бар. Бірақ, сұраныс ақ көйлекке көп. Сондықтан да оюды ақ матаға салуға тырысасың. Ал негізі, қыздарға қызыл көйлекті ұсынамын. Оны мойындап киіп жатқандар да бар.

- Өмірдегі секілді, сәнгерлер де бір-бірінің идеясын ұрлайтын кездер бола ма?

- Мысалы, менің киімдеріме ұқсатып тігетіндер көп. Тіпті Алматыда да кездеседі. Біздер енді қазақшылыққа салып, оның артын қуаламаймыз. Бірақ, ренішті болып қалады. Сахнадан көремін. Менің оюларым өзіме мәлім ғой, өзіме ғана анық білінеді. Әркімнің өзіндік қолтаңбасы бар. Менің қолтаңбамды Атырауда көпшілігі біледі. Идея ұрлайтын суретшілер емес, көбіне қарапайым тігіншілер. Суретшілер өз ойынан салады ғой. Ал тігіншілер ойлап таба алмайтындары болады және олар көшіруге шебер болуы мүмкін.

- Авторлық құқыққа қатысты не айтасыз?

- Енді осымен айналысуға тура келеді. Бүкіл киімдер коллекцияларымды суретке түсіріп, қорғау керек.

- Сәнгер ретінде сән әлемінде қандай жаңалық аштым деп ойлайсыз?

- Мен сән әлемінде Қазақстанда сән театрын бірінші болып көрсеттім. 1994 жылы алғаш рет үш сағаттық сән театрын көрермен назарына ұсындым. Сонда сақ дәуірінен бастап, қазіргі заманға дейінгі киім үлгілерін сахнаға шығардық. Сән театры үлкен еңбекпен келеді. Әлі де бұл сала шала. Оны көтеру үшін өзімнің сән театрым болуы керек. Қазір сол өнерді елге танытып келе жатырмын деп ойлаймын.

«АҚШАМ БОЛСА ДА АТАҚТЫ САТЫП АЛМАС ЕДІМ»

 - Тігін саласындағы қиыншылықтар жағы қалай?

- Біздегі тігіншілердің табыс табу мәселесі қиындау. Табыс табатындардың бәрі базарда отыр. Өйткені, онда көбі шалбардың балағын кескені үшін 400-500 теңге алады. Мен 500 теңгені жеңіл-желпі киім тіккенге беремін. Оларға бұл өте арзан болады. Олар жанын қинамай ақша тапқысы келеді. Кім болса да үйін асырау ерек, ақша керек әрине. Өзге біреу сенің шығармашылығыңды не қылсын. Оны түсінетін соның соңына түсіп жүргендер. Өткен жолы театр сыншысы Әшірбек Сығай маған «сен неге еңбек сіңірген деген атақты алмай жүрсің?» дейді. Мен ел құрметтемей жатыр, көңіл бөлмей жатыр деп айта алмаймын. Бірақ, атақты артынан жүгіріп жүріп, ақшаға сатып алмаймын. Еңбек сіңірген деген атақ артыңнан өзі іздеп келмей ме? Әшірбек жасың келіп жатыр, мен әкіммен сөйлесейін деп қояды. «Мен сені әкімге жұмсап, ұятқа қалатын жағдайым жоқ» дедім оған. Құдай қаласа, бір күні болар. Ал кейбіреулер ақшаға сатып алып жатыр дегенді өздері біліп отыр ғой. Мен ақшам болса да сатып алмаймын. Жақында Астанада халықаралық сән киім үлгісі көрме байқауына қазылар алқасының төрайымы ретінде шақыртылдым. Менің атағым Қазақстан бойынша жер жарады. Бүкіл республика мойындайды. Осындайда атыңды жариялағанда бір түрлі болып қалады екенсің. Кейде көңілге келеді. Әлі өкпелеймін.

Тағы бір айтатыны, менде «вышивка» жасайтын тігін машина жоқ. Ондай машина 10 мың доллар тұрады. Мен ол ақшаға машина алсам, тақырға отырамын. Егер машина болса, ол жұмыс тез жасалады әрі арзанға шығар еді. Мен сондай машинаға жете алмай отырмын. Егер әкімшіліктен көмектессе риза болар едім. Ендігі бір өкініштісі, бізде Қазақстаннан шыққан мата жоқ қой. Шетелден келетін маталар - өте арзан немесе өте қымбат болып келеді. Осы үлкен проблема. Итальяндық бір метр мата 4-12 мың теңге тұрады. Қазір тіпті бір метрі 1500 теңге матаның өзі іріп-шіріп тұр. Оны тағы пайдалана алмайсың. Себебі, кейін жаманатты болып отырасың.

- Болашаққа құрған қандай жоспарыңыз бар?

- Мен Атыраудан сән театрын құрғым келеді. Есеп беру кешімдегі көрсетілген киім үлгілері соған икемделген. Ондай театр Қазақстан бойынша әлі жоқ. Мен осындай театр құру туралы басшыларға ұсыныс жасағанмын. Өзіңіз де куә болдыңыз, кешімде облыс әкімінің орынбасары Серік Қалешұлы мені қолдаймын деп жатты. Адам өмірінде қанша жыл ғұмыры барын бір Алла біледі. Мен әзірге басым жасап, жүруге жағдайым келіп, біреуге ақылымды айтатындай мүмкіншілігім болып тұрғанымда, сол сән театрын ашсам, балаларды тәрбиелесем деймін. Мен сол балаларға ісін әрі қарай өрбітуіне көмектескім келеді. Серік Қалешұлының кештің басынан аяғына дейін қалып отыруы да сән театрының не екенін көргісі келгендігінде.

- Әңгімеңізге рахмет!   

Сұхбаттасқан Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

17 наурыз 2011, 18:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.