Атырау, 29 қараша 09:49
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

«Провинцияда ешкім грантта оқығысы келмейді, бәрі Астанаға немесе Алматыға барғысы келеді»

1 086 просмотра

Биыл Атырау облысының түлектеріне мемлекет алғаш рет 4 мың мақсатты грант бөлді. Ал түлектеріміздің оның 20 пайыздан аз бөлігін игергені қатты қынжылтты. Облыстық білім басқармасы мен рекрутинг агенттігінің өкілдері бұл мәселеге қатысты өз көзқарасын білдірді.

Білім басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВАНЫҢ айтуынша, биылғы 5999 түлектің 4 мыңы мемлекеттік, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың бюджеті есебінен білім беру гранттарын алу конкурсына қатысу құқығын беретін ҰБТ-ға өтініш білдірген. Соңғы жылдары түлектердің жылына бірнеше рет ҰБТ тапсыру мүмкіндігі бар, бірақ тек мамыр-маусым айларында өтетін тестілеу ғана оларға білім гранттарын алу конкурсына қатысуға құқық беретіні белгілі.

– Қаңтар айында ҚР Президентінің халыққа жолдауында «Халық тығыз орналасқан және батыс өңірлердегі жастардың жетекші жоғары оқу орындарында оқуға арналған мақсатты білім беру гранттарын» бөлу туралы ақпарат айтылған болатын. Атырау және Маңғыстау облыстарының талапкерлеріне 10 мың мақсатты грант бөлінді, оның 4030-ы біздің облыстың талапкерлеріне тиесілі. 3200 грант техникалық мамандықтарға – негізгі пән ретінде физика мен математиканы таңдаған түлектерге арналған. Ал 830-ы – педагогикалық мамандықтар үшін. Жыл басынан бері барлық талапкерлерге қолда бар мүмкіндік туралы ақпарат беру үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сұхбат беріп, брифинг өткіздік, – дейді Айнагүл Дүйсекенова.

БӘРІ АСТАНАДА НЕМЕСЕ АЛМАТЫДА ОҚЫҒЫСЫ КЕЛЕДІ

Бұл 4030 грант Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары, Алматы және Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана) қалаларының 50 арнаулы университетіне түсуге бөлінген. Бұл ЖОО өкілдері Атырауға келіп, бағдарламаның артықшылығы – жатақхана, тамақтану және т.б. бар екені туралы әңгімеледі. Грантқа үміткер түлектер грант алуға өтініш берген кезде бейіндік пәндер аясында 4 түрлі мамандық пен 4 жоғары оқу орнын көрсетуге мүмкіндігі болды. Сол өтініште олар қандай - мемлекеттік пе, әлде мақсатты грантқа үміткер ме, соны көрсетуі керек. Сөйтіп биылғы 213 түлек мақсатты грантты таңдаған. Ал қалған 755 мақсатты грант иегерлері - колледждердің немесе өткен жылдардың түлектері. Осы жылдың 1419 түлегі мемлекеттік грант иегері атанды, оған қоса 192 адам облыс әкімінің грантына ие болды. Атырау облысы бойынша барлығы 1824 түлек білім грантына ие болды. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр біздің талапкерлер 1173 грант алған. Облыстық білім басқармасы жүргізген талдауға сәйкес, өтініш берген 4 мың түлектің 30 пайызы медициналық мамандықты таңдаған. Бірақ медициналық мамандықтарға мақсатты грант берілмеді.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, шекті балл жинаған түлектердің барлығы дерлік түрлі грантқа ие болды. Жоғары оқу орындарына түскісі келмегендер колледждерге түсті, мұндай түлктер саны мыңға жуық. Түлектердің көпшілігі Атырау жоғары медициналық колледжін, қалған бөлігі – Қатира Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжін және т.б. таңдады. Оларға колледжге түсу үшін ҰБТ тапсыру міндетті емес, оқуға қабылдау аттестаттың орташа баллы мен әңгімелесу нәтижесі бойынша жүргізіледі. Мықты оқу орындары саналатын облыс мектептерінің 500 түлегі еліміздегі ең үздік жоғары оқу орындарын  – ҚБТУ, Назарбаев Университеті, Сүлеймен Демирел атындағы университетті таңдады; олардың біразы – 100-ге жуығы шетелдің жоғары оқу орындарына түсті.

– Неліктен мақсатты гранттар игерілмей қалды?

- Өйткені мектеп бітіруші түлектердің ешқайсысы Қостанай мен Павлодарға барғысы келмеді, алайда мақсатты гранттардың көпшілігі сол ЖОО-ларға бөлінді, - деп жауап берді А.Дүйсекенова. - Оларды мәжбүрлеп жіберуге ешкімнің құқығы жоқ. Мақсатты грантты алушыларға ешқандай міндеттеме қойылмайды. Бірақ бәрі Алматыға, астанаға ұмтылады. Биыл мемлекеттік грант саны да өте көп болды – 56 мың. Түсіндіру жұмыстарын жүргізген кезде балалары үшін жоғары оқу орындары мен қалаларды көбіне ата-анасы таңдайтынын байқаймыз. Мүмкін, олардың таңдауына қаланың қашықтығы немесе менталитет әсер ететін шығар. Шекті балл жинағандар кез келген өңірде білім грантына түсуге мүмкіндік алды. Бірақ Алматы мен астананың жоғары оқу орындарындағы конкурс қатал болды, грантқа өту балы жоғары еді. Мақсатты гранттардың игерілмей қалуының бір себебі де осы шығар. Келесі жылдың түлектері бұл мүмкіндікті жіберіп алмайды деп үміттенемін.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕРТИФИКАТ НЕМЕСЕ ДИПЛОМ

«FSSA» ЖШС директоры Ермек ЕРЕУЛИЕВТІҢ айтуынша, қазақстандық еңбек нарығында кереғар жағдай қалыптасқан. Бір жағынан, талапқа сай келетіндер жетіспейді деген себеппен жергілікті мамандар орналаса алмай жатқан бос жұмыс орындары көп. Нәтижесінде шетелден мамандарды шақыруға тура келеді. Екінші жағынан, жұмыс іздеп, таба алмай жүргендер өте көп. Бос орындар мен үміткерлер арасында үлкен алшақтық бар, оны толтыру мүмкін емес. Қазақстандық жұмыс іздеушілер жұмыс тәжірибесі, біліктілігін растайтын құжаттар және т.б. қойылатын талаптар бойынша сәйкес келмейді.

– Кәсіби кадр даярлау процесінде мемлекет пен бизнес, жұмыс беруші, еңбек нарығы арасында тығыз байланыс болуы керек. Біз мұны «рекрутинг және тренинг» тандемінде жүзеге асыра алдық. Рекрутерлер қазіргі уақытта жұмыс берушілерге кім қажет және мамандарға қандай талап қойылатыны туралы ақпарат жинайды. Бұл ақпарат нақты уақыт режимінде тренинг-командаға беріледі және тиісті халықаралық бағдарлама қарастырылады. Өз тәжірибемнен айтарым, клиенттер үміткерден дипломнан гөрі біліктілікті растайтын халықаралық сертификатты жиі сұрайды. Яғни, біздің диплом емес, халықаралық сертификат керек. Нарық сұранысы көп жағдайда аймаққа байланысты, Атырау облысында мұнай-газ саласының мамандары сұранысқа ие. Ал жұмыс берушілер мамандардан ұңғымаларға қызмет көрсетуші мамандар сұрайтын болса, маманның көбінесе халықаралық IWCF сертификатын талап етеді, – дейді Е.Ереулиев.

Мәселен, бұған дейінгі 2018-2019 жылдары жүргізілген күрделі жөндеу кезінде бұранда жалғау маманы секілді мамандық өкілдеріне деген қажеттілікті жергілікті кадрлар толықтай қамтамасыз ете алмай, шетелден шақыруға тура келген. Бұл жұмыс берушілер үшін де тиімсіз болды: қосымша шығындар мен ұшуға кететін уақыт, рұқсат алу, мемлекеттік баж. Біліктілігі халықаралық сертификатпен расталмаған маманды жұмысқа шақыру – үлкен тәуекел, біздің белгілі бір разрядқа сәйкестігі жөніндегі дипломымыздың еш беделі қалмады. Оның себебі: мәселен, Амур ГӨЗ құрылысы кезеңінде кәсіпорын Қазақстанның түкпір-түкпірінен бірнеше жүздеген дәнекерлеушілерді жұмысқа тартты. Барлығында 5-6 разрядты растайтын құжат болды. Жұмыс беруші олардың бәріне Амурға билет сатып алып, арнайы рейспен Ресейге жіберді. Ал жобада тестілеу кезінде дәнекерлеушілердің көпшілігі өз шеберлігін растай алмады, кейбірінің білімі әрі кеткенде 4-разрядқа жетті, ал басқалары тек түрлі жұмысқа ғана жарамды болды.

– Кәсіпорындар біліктілігі расталмаған қызметкерлерді қабылдауға тәуекел етпейді. Егер қызметкер бұрандаларды дұрыс бекітпесе, онда үлкен шығын болуы мүмкін – адамдар құрбан болып, қаржылай шығын кетеді. Біз бұранда жалғайтын мамандар үшін тренинг өткізуге бастама жасап, халықаралық ECITB аккредитациясын алдық. Біз өз мамандарымызды дайындап шығардық. Биыл 3-4 жыл тренинг өткізгеннен кейін 1000-нан астам қазақстандықтарды бұранда жалғаушы мамандығы бойынша оқытып, сертификаттадық. 2022 жылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін біз шетелдік қызметкерлерді 100% қазақстандық қызметкерлерге ауыстыра алдық, - деп әңгімелейді Ермек Ереулиев.

Оның пікірінше, кәсіптік-техникалық колледждердің сұранысқа ие кадрларды даярлауда болашағы зор. Олардың нарық талаптарына сай тез әрекет етіп, қысқа мерзімді курстарды ұйымдастыру мүмкіндігі көбірек. Бірақ колледж түлектерінің біліктілігін растайтын аккредиттелген ұйымдар қажет. Бұл әлемдік тәжірибе – оқу орындары кадрлар дайындайды, тәуелсіз аккредиттелген органдар біліктілікті растайды.

 

ТРЕНДКЕ ЕМЕС, СҰРАНЫСҚА БЕЙІМДЕЛУ КЕРЕК

Бұдан басқа, оның пікірінше, оқытуды тек мамандықтармен ғана емес, бағдарламамен де байланыстыру керек. Студенттерді ескірген бағдарламалар мен ескі жабдықтармен оқыту тығырыққа тірейді. Бұл тұрғыда АМжГУ жақсы жұмыс істейді - көптеген компаниялар осы университетпен ынтымақтасады, келіп лекция өткізеді, өздеріне шақырады, жабдықтар береді. Жоғары білімнің өз артықшылығы бар – бұл іргелі білім, оның негізінде жаңа білімді меңгеруге болады. Бірақ кемшілігі де бар – жоғары оқу орындарына икемділік, еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделе отырып, өз бағдарламасын жылдам қайта құру, содан кейін оны Білім министрлігіне мақұлдатып, бекіту мүмкіндігі болмауы мүмкін. Жоғары оқу орындары жаңа бағдарлама дайындап, мұғалімдерді қайта даярлап, оны бекіткенше, жұмыс берушілерге бұл мамандықтар керек болмай қалуы мүмкін.

– Басқа сала сияқты білім беру саласына да трендтер әсер етеді. Бір кездері жастар жаппай заңгерлік және қаржылық мамандықтарға құжат тапсырса, одан кейін мемлекеттік қызмет, кеден, әкімдіктер сәнге айналды. Қазір жаңа қызығушылық пайда болды - робототехника, инстаграм, SMM. Бірақ робототехникадағы бір маманға шартты түрде бұранда жалғайтын 10 маман тура келетінін түсіну керек. Бұрандаларды да біреу бұрау керек қой, – дейді Ермек Ереулиев.

Одан әрі ол сұранысқа ие жұмысшы мамандығы мен экономикалық білім туралы дипломның айырмашылығын ұғынықты түрде түсіндірді.

– Ісін жаңа бастаған есепші 100-150 мың шамасында, ал жас дәнекерлеуші маман 200-300 мың теңге табыс табады. Айлығын 200-300 мың теңгеге көтеру үшін есепші бірнеше жыл жұмыс істесе, бір жылда тәжірибе жинақтаған дәнекерлеуші 500-600 мың теңге алады. Мыс, алюминий, никель дәнекерлеушілер одан да көп – 1,5-2 миллион теңге алады. Яғни, мемлекет осы тепе-теңдікті сақтап, гранттарды өңірлердегі сұранысқа ие пәндерге бағыттағаны абзал. Бұл білімге салынған инвестицияның тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мемлекет кадр даярлауды белгілі бір кәсіпорынға белгілі профильде қанша маман қажет болатынын ескере отырып, жоспарлауы қажет. Бизнесті оқу орындарымен байланыстыру керек, – дейді Е.Ереулиев.

Егер Атырау өңірі туралы айтатын болсақ, қазір сұраныстың қозғаушы күші - ірі мұнай-химиялық жаңа жобалар. Бізде осы профильдегі мамандар жетіспейді, кәсіпорындардың өздері де әлденеше рет мәлімдегендей, олар өз қызметкерлерін Ресейге оқуға жіберуге немесе басқа елден қызметкерлерді шақыруға мәжбүр. Яғни, өсіп келе жатқан сұранысқа алдын ала дайындалудың орнына, біз бұл өндірістер салынып жатқан кезде еңбек нарығын «қуып жетеміз». Басқа аймақтарда «жасыл экономика», IT, KIP перспективалы бағыттар болып табылады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

27 қыркүйек 2022, 15:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.