«Ресей Федерациясында ішінара мобилизациялау жариялау туралы» жарлық жақсы таныстарымды да айналып өтпеді. Бейсенбі күні астрахандық достарымыз ұлдарын бірнеше күнге паналатуды өтініп, қоңырау шалды. Жұма күні кешке жігітті вокзалдан күтіп алдық.
«БҰЛ ОТАН СОҒЫСЫ ЕМЕС»
Жігіт Астрахань тумасы, 28 жаста. Кезінде Алексей Абхазиядағы мотоатқыштар батальонында әскерде болған. Мобилизациялау туралы жарлық төбеден жай түскендей болыпты. Өзі былай деді:
– Бұлай болатынын алдын ала білгенімде, шетелге шығатын паспорт жасатар едім. Бірақ болар іс болды. Шақырту қағазы жұмысыма келді, ақымақпын ғой, қол қойдым. Келесі күні дәрігерге барып, науқастанып қалдым деп, демалыс алдым.
26 қыркүйекте жұмысым жоғарылайтын еді. Ақсарай ауылына Астрахань газ кешеніне барып, КИП слесары қызметіне орналасуым керек болатын. Жалақым да жақсы болады деген. Бұл лауазымды көп күттім, ақыры бұйырмады.
Ата-анаммен түні бойына асүйде не істеу керектігін талқыладық. Таңертең жұмысқа бармай, өз еркіммен жұмыстан кету туралы арыз жаздым. Оны жұмысқа әкем апарды. Ал анам менің төлқұжатымды алып, билет алуға кетті. Теміржол вокзалындағы кассада оған пойызда орын жоқ екенін айтқан. Бірақ бір қызығы, басқа мемлекеттің төлқұжаты бар адамдар да кассаға барған, оларға орын табылды. Таксистер шекарадағы кептелісте сағаттап тұрғылары келмейтінін айтып, Атырауға барудан бас тартты. Біраз уақыттан кейін шарасыз қалған анама жергілікті такси жүргізушілерінің бірі жақындапты. Оның портмонесінде қызыл төлқұжат көп екен. Кассадағы билет ресми түрде 1500 рубль тұрады, бірақ ол билетті 5000 рубльге тауып беремін депті. Анам келіскен. Ер адам жайбарақат касса терезесіне жақындап, бір бума төлқұжаттарды беріп, ақшасын төлеп, Ганюшкинге дейін билет әкеп берген.
Мен купеге міндім, түзге шыққым келсе де, шықпауға тырыстым. Менімен бірге негізінен еуропалық келбеттегі жігіттер келе жатты, мүмкін олар да Астраханнан шығар, бірақ мен мазасыздықтан және түнді ұйқысыз өткізгендіктен шаршап, өз сөреме құлап, қатты ұйықтап қалдым. Мені Қазақстанмен шекарада ресейлік шекарашылар оятты. Олар жігіттерді бастығына апарды, үстел үстінде тек Ресей төлқұжаттары жатты. Ол әрқайсысынан шақырту алған-алмағанын, Қазақстанға қандай мақсатпен және қанша уақытқа бара жатқанын сұрады. Шақырту қағазын алмадым, Қазақстанға бір-екі аптаға туыстарыма бара жатырмын деп өтірік айтуға тура келді. Қазақстан шекарасынан қиындықсыз өттім, бірақ Ганюшкинде перронға шықпадым. Бәрі тынышталып, адамдар вагон дәлізімен жүруді тоқтатқанда жолсерікке жақындап, кешірім сұрап, Атырауға билетім жоқ екенін мойындадым. Ол қобалжып, бұлай істеуге болмайтынын айтты, оған 500 рубль берген соң мәселе шешілді.
...Міне, енді осындамын. Қалтамда 40 мың рубль мен екі жүз доллардай бар, бірақ Отаным да, жұмысым да жоқ, болашағым да жоқ сияқты. Күні кеше ғана мақсаттарым, жоспарларым көп еді, ал қазір түгім де жоқ. Біраз күннен кейін Алматыға жетуді жоспарлап отырмын, ол жақта әкемнің танысы тіркеуге көмектесемін деп уәде еткен. Ары қарай не болады, білмеймін.
Келесі күні Алексей қазақстандық сим-карта сатып алып, Атырауда өз бетімен серуендеген.
– Алдымен Coca-Cola сатып алып, сауда орталығындағы жергілікті кафеге кіріп кеттім, «Байзаар» деп аталатын сияқты. Бургерімді жеп бола бергенде, қасыма бір жігіт келіп отырды. Түрі орыс, бірақ кішкентай қызының азиялық екені анық. Амандасып, қай жақтан екенімді сұрады. Оның сыпайылығы мен баламен жүргені баурап алды. Мен Ресейден екенімді мойындадым. Ол бұл жерде жалғыз жүрмеуге, сұраса Оралдан келгенімді айтуға кеңес берді.
Украинамен соғыс туралы біраз әңгімелестік. Ол осыған қатысты менің пікірімді сұрады. Шынымды айтсам, мен кез келген зорлық-зомбылыққа, Путинге және оның жаулап алу амбицияларына қарсымын. Бұл Отан соғысы емес, бұл басқа. Мен бейбіт, байсалды адаммын және ешкімді өлтіргім келмейді.
Кафеден шығып, шылым шегіп тұрдық, сол маңда азиаттық келбеттегі бір топ жас жігіт тұрды. Олар сауда орталығының есігінен шығып келе жатқандардың бәрінің жүзіне қарап, біреуді күтіп тұрғандай болды. Жігіттердің бірі қасымызға келіп, түсінуімше, «Ресейден келдіңдер ме?» деп сұрады. Жаңа танысым оған қазақша бірдеңе деп жауап берген соң әлгі жігіт кетіп қалды.
...Бірер күннен кейін қонағымыз Алматыға жол тартты. Қоштасып, көмектескенімізге алғысын білдірген Алексей: «Мен Ресейге, үйіме, анама, сүйіктіме барғым келеді. Бірақ Путинсіз Ресейге оралғым келеді» деді.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА