Наурыздың 15-і күні қабылданған құжатқа орай барлық елдер өздерінің салт-дәстүрін немесе дінді желеу етіп, әйелдерге күш қолданбайтын болды. Мағлұмдамада зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға шұғыл көмек көрсету және гендерлік жаңсақ ұғымға жол беріп, кісі өлтіргендерді қатаң жазалау қарастырылған. Құжатта, сондай-ақ адамның сексуалды бағдарына байланысты артықшылыққа жол берілмейтіндігі айтылған.
muslim.kz сайтының жазуынша, 17-беттен тұратын аталмыш құжаттың екі апта бойы талқыланып барып, қабылданғанын айта кету керек. Қызу пікірталасқа арқау болған құжатқа бүкіләлемдік ұйымға кіретін 193 ел келісімін берді.
Ансар.Ru ақпарат агенттігі хабарлағандай, бұл құжатқа мысырлықтар қатты қарсылық көрсеткен. Осы елдегі ықпалы зор «Мұсылман бауырлар» қозғалысы бұл құжаттың ислам ұстанымына қайшы келетінін және отбасы институтын шайқалтатынын алға тартқан. Осыған орай Мысыр құжатты әр ел өз әдет-ғұрпы мен заңдарына қарай қолдану құқығын енгізуді ұсынды.
Алайда, мысырлықтардың бұл ұсынысы өзге елдер тарапынан қолдау таппады. Дегенмен мысырлық делегация БҰҰ-ға мүше елдер бірауыздан келісімін беруі тиіс бұл жобаның қабылдануына бөгет жасаған жоқ.
Сонымен бірге, кейбір Ливан, Судан, Иран секілді мұсылман елдерімен қатар Ватикан мен Ресей де құжатқа өз талап-тілектерін енгізбек болды. Олар түсік жасатуға және зорланған әйелдерді мәжбүрлеп мойындатуға қатысты тармақтарды жұмсартуға талпынды. Өзге елдер сексуалды азшылықтың құқығын қорғауға қатысты ережеден бас тарту арқылы олармен ымыраға келіп, жоғарыда сөз болған тармақтар өз күшінде қалатын болды.
БҰҰ-ның Әйелдер ісі жөніндегі комитет басшысы Мишель Бачелет құжаттың тарихи мәніне тоқталды. Оның айтуынша, әлем әйелдері бұдан былай өз құқықтарын қорғаудың тиімді құралына ие болмақ. Оның бұл пікірімен БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун де келісіп отыр. Ол әйелдерге көрсетілген зорлық-зомбылықты бүкіл әлемге төнген қауіп ретінде қарайды.
Аталмыш құжаттың 2003 жылы қабылданбай қалғанын айта кету керек. Ол кезде БҰҰ-ға мүше елдер түсік жасату, әйелдердің діни талаптар мен салт-дәстүр бойынша артықшылыққа ие болу мәселелері бойынша бір мәмілеге келе алмаған еді.
Дереккөз: inform.kz