Атырау, 17 мамыр 14:35
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +15
$ 441.58
€ 480.00
₽ 4.86

Ауыл аңшылары: «Бізге өз жерімізде аң аулауға мүмкіндік беріңіздер!»

Сурет Бейнежазба
878 просмотра

Индер ауданындағы әуесқой аңшылар күзгі аң аулау маусымы басталса да жолдама ала алмай отырғандарына шағымдануда. Махамбет, Қызылқоға аудандарының аңшылары да осы кепті киіп отырғанын айтады. «АЖ» тілшісі индерлік аңшылармен сөйлесіп қайтты.

- Біз осы жерде проблемаларымызды айтып, шешіп беру жөнінде жиналып отырмыз. Осы жылы аңшылар мен балықшылар қоғамы жолдама беруден бас тартып отыр. Осы әуесқой аңшылықпен айналысқаныма 40 жылдан асыпты. Әуесқой аңшылықпен айналысатындардың басым бөлігі зейнеткерлер, арамызда мүгедектер де бар. Біз жолдама немесе жарна төлемін төлеуге дайынбыз, бірақ үлкен мәселе бар, - дейді Виктор МАКАРОВ. - Бұрынғыдай емес, қазір ауданымыздан өте шалғайда, теңізге қарай орналасқан тіркелген жерлерге ғана жолдамалар беріледі. Бірақ біз, тәжірибелі аңшылар, қазір жасымызға және қаржылық мүмкіндігімізге байланысты соншалықты алысқа бара алмаймыз. Бізге өз жерімізде аң аулауға мүмкіндік беріңдер!

- Мен осы ауданда туып өскенмін, аңшылықпен әкем айналысқан. Қасында еріп жүріп менің де қызығушылығым артты. Енді өз балам да бірге шығатын болды. Жылда жолдаманы ақысын төлеп, облыс орталығынан кідіріссіз алатынбыз, ол Атыраудың кез-келген жерінен аң аулауға болады деген рұқсат қағаз еді. Жолдаманың өз графасы бар, сонда қанша құс, қанша аң атқанымызды толтырып тұратынбыз. Бұл жерде аң аулауды кәсіп етушілер жоқ, бізде бос уақытымызда өз көлігімізбен, рұқсат етілген қаруымызбен табиғат аясында аң, құс аулауға деген қызығушылық қана бар. Көбіне аудан төңірегіндегі қаз, үйрек, шіл, ал қыс кезінде көбіне қоян аулауға шығамыз. Қабанға тиіспейміз. Жергілікті жүздеген аңшы осындай мүмкіндіктен айырылып отырмыз, себебі сендерде қорықшы жоқ деді,- дейді Мақсот БИСЕНОВ.

- 1976 жылдан бері аңшылықпен айналысып келемін. Бұл жайтты жергілікті әкімшілік ауыл шауашылығы саласымен бірлесіп шешуге болмай ма? Аудан көлемінде Бағырлай, Алғабас-Жорық каналдарында, көлдерде, көршілес Қызылқоға ауданында аң аулауға мүмкіндік бар ғой. Жарнасын төлейік, жолдама берсін бізге. Қалай еткенде де бұл проблеманы шешу керек қой. Ал аң аулау мерзімі болса басталып кетті. Біз рұқсат алғанның өзінде шалғайдағы, бірнеше шақырымдағы Жылыой, Құрманғазы ауданына бара алмаймыз, - дейді Владимир КАТЬКОВ.    

Түсініктеме алу үшін облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамына жүгіндік. Басқарма төрағасының орынбасары, облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамының бас аңшысы Александр ИВАСЕНКО мынадай жауап жолдады.

«Атырау облысында әуесқой аңшылықты ұйымдастыруға қатысты қойған сауалдарыңыздың мәні бойынша облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамы мынаны түсіндіреді:

1. «2022 жылға дейін облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамына 6 аңшылық шаруашылығы бекітілді: Құрманғазыда алаңы 188,6 мың га, Исатай (69,4 мың га), Махамбет (50,8 мың га), Мақат пен Жылыой аудандарының жерінде орналасқан Жылыой (998, 7 га), Қызылқоға (312,3 мың га) және біздің облыстың Батыс Қазақстанмен шекарасынан бастап оңтүстікке қарай Елтай ауылына дейін Жайық пен Бағырлай өзендерінің арасында орналасқан Индер (27,3 мың га) шаруашылықтары.

Облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамы – ешқандай мемлекеттік дотациясы жоқ, аңшылық маусымында мүшелік жарна мен жолдамалар есебінен жұмыс істейтін қоғамдық ұйым. Қоғамға барлығы 2500 аңшы мүше, бұл Атырау облысы бойынша. Қызылқоға ауданында мүшелік жарна төлейтін аңшылар қоғамының мүшесі – 6 адам, Индер ауданында – 12. Бұл тіркелген аңшылық шаруашылықтардың рентабельді болмауына байланысты аңшылар қоғамы 2022 жылдан бастап олардан бас тартып, Атырау облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасымен аңшылық шаруашылығын жүргізуге келісімін біржақты бұзуға мәжбүр болды. Қарапайым мысал, Индер ауданында қоғамға мүше 12 аңшы жыл сайын 3900 теңге төлесе, қоғамның табысы 46800 теңгені құрайды. Келісімге сәйкес, аңшылық қоғамы осы шаруашылықта жылына 840 мың теңге жалақы алатын бір қорықшыны ұстауға міндетті - бұл қоғам жерді қорғауды қамтамасыз ету үшін бензинге ақша бөлетінін, қорықшыны киім-кешекпен қамтамасыз етуді қоспағанда. Нәтижесінде бір қорықщыға 1 миллион 500 мың теңге шығады. Ал мұның қисыны қайда? Бұл ақшаны қайдан алуға болады? Қызылқоға аңшылық шаруашылығында да солай. Махамбет аңшылық шаруашылығынан бас тартуға бекітілген аумақта қалыптасқан табиғи-климаттық жағдайлар себеп болды - бұл топырақтың толық эрозиясы мен шөлейттенуі. АОАмБҚ кеңесі осы 3 аңшылық шаруашылығынан бас тартуды қажет деп тапты, ол үшін бізде барлық заңды негіз бар және қандай аңшылық шаруашылықтардың қайсысын ұстау-ұстамау керектігін шешуге құқығымыз бар. Оның үстіне, біз аңшылық шаруашылықтардың аумақтары орналасқан жер телімдерінің меншік иелері емеспіз, оларды жалға алғанбыз, яғни біз екінші кезектегі пайдаланушымыз. Осылайша, 2022 жылдың ақпан айынан бастап табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасымен аңшылық шаруашылығын жүргізу шарты бұзылды, ол бойынша 03.03.2022 жылғы келісімшартты бұзу туралы келісім алынды. 2022 жылдың көктемгі аңшылық маусымында бұл шаруашылықтардың аумағында жабайы үйректерге әуесқойлық аң аулау жүргізілмеді.

2. Облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамының мүшелерi боп табылатын аңшылардың маусым кезінде қоғамға бекiтiлген аңшылық алқаптарда аң аулауға мүмкiндiгi бар. Яғни, Құрманғазы, Исатай және Жылыой аумақтарында тіркелген аңшылық шаруашылықтарында. Аңшылық қоғамының өзі бас тартқан аңшылық шаруашылықтардың аумағына жолдама беруге құқығы жоқ. Мұның басқа жолы бар ма? Индер, Қызылқоға аудандарында тұратын аңшыларды қайда аңшылыққа шығады? Мұның жолы бар! Жеке аңшылық шаруашылықтарды ұйымдастыру қажет, оны осы ауданның аңшыларымен әңгіме кезінде әлденеше рет түсіндіреміз. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында – 32, Ақтөбе облысында – 47, Ақмола облысында – 100-ден астам жеке аңшылық шаруашылықтары ұйымдастырылған. Ал бұл аудандардың келген аңшылардың облыстық қоғамға мүше болуы – ерікті іс. Үш аңшылық шаруашылығынан бас тарту туралы ақпарат біздің сайтта бар, осы жылдың басындағы хабарландырулар Facebook және WhatsApp арналарында да жарияланған.

3. Қызылқоға және Индер аудандарында аңшылар үшін әуесқойлық аң аулау мәселесін шешу үшін жеке аңшылық шаруашылықтарын ұйымдастыру қажет. Мұны қалай істейді? Аңшылар қоғамы ниет білдіргендерге кеңес бере алады.

4. Атырау облысы аумағында 6500 азаматтың аңшы куәлігі бар. Оның ішінде 2400 адам облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамының мүшелері – бұлар жыл сайын мүшелік жарна төлейтіндер және біздің жарғымыз бойынша қоғамға бекітілген аңшылық шаруашылықтардың аумағында аң аулай алады. Аңшылық қоғамының 2500 мүшесiнiң 1200-ден астамы рұқсат етiлген аңшылық мерзiмдерiнде әуесқойлық аңшылыққа белсендi қатысады.

Аңшылықтың барлық мерзімі ҚР Аң аулау ережелерінде көрсетілген. Облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамы мүшелерінің мүшелік жарнасының құны жылына 3900 теңгені құрайды. Аңшылық маусымында әуесқойлық аулауға аңшылық жолдаманы аңшылар қоғамының кассасынан, сондай-ақ Құлсары қаласында, Құрманғазы және Аққыстау кенттерінен алуға болады.  Аңшылық қоғамына мүше еместер үшін жолдамаларды аңшылар қоғамы АОАмБҚ кеңесі белгілеген және бекіткен әр түрлі бағамен сатады».

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

    

19 қыркүйек 2022, 16:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.