Атырау, 23 желтоқсан 11:12
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Бақытгүл Хаменова: «Рысқалиев сыбырлап сөйлесе бастады, сосын мен де сыбырлап сөйлестім»

Бейнежазба
2 349 просмотра

Атырау облысы әкімінің экс орынбасары Бақытгүл ХАМЕНОВАҒА қатысты іс бойынша сот отырысы Атырау қалалық №2 сотта 5 күн қатарынан жалғасты. Іс бойынша сотталушы ретінде облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек РЫСҚАЛИЕВ пен «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай АДАМОВ қатысып отыр.  

Cот барысында  Б. Хаменованың сөзі тыңдалып, ол сөзінде  өзіне тағылған айыппен түбегейлі келіспейтінін айтты. 

- Рысқалиев мырза бұл іске мені өзінің заңсыз әрекеттері үшін тартылатын жауапкершіліктен жалтарып, оны жеңілдету үшін ғана араластырып отыр есептеймін. Оған қоса, «Алтын Орда» конференциясын өткізгені үшін менің одан 5 миллион теңге талап етті дегені де өтірік, - деді Хаменова. Сондай-ақ, ол Абай ескерткішін орнату үшін Адамовтан да, басқадан да ақша талап етпегенін айтты. 

- Рысқалиевпен 2021 жылғы 10 желтоқсанда жасырын тергеу әрекеттері кезінде жазылған әңгіменің мән-жайына қатысты мынаны түсіндіре аламын. Рысқалиев 4 500 000 теңге деп қағазға жазып бергенде, оны шынымен түсінбедім. Мен оған «түсінбедім» дедім. Ол «Алтын Орданың ақшасы», деп жауап берді. Мен оны демеушілік ақша деп қабылдадым. Ол мұны заңсыз сыйақы немесе Адамовтың ақшасы деп айтқан жоқ. Егер ол осының пара екенін сол сәтте айтса, мен оның бұл заңсыз әрекетіне жол бермес едім, - деді Хаменова. 

Хаменова келтірген дәлелге сүйенсек, Рысқалиев Хаменованың кабинетіне келіп, одан қағаз беруін сұрайды. Хаменова оған кішкентай стикерді ұсынады. Рысқалиев одан үлкендеу қағаз беріңіз дейді. Сол кезде оған Хаменова А4 қағазын береді. Осы қағазға Рысқалиев «Алтын Орданың қаржысын реттедім», деп жазып, Хаменоваға ұсынады. Хаменова «Түсінбедім» деп жазып береді. Содан соң екеуі Хаменованың кабинетінен шығып, басқа бөлмеге барады. 

- Мен оның қандай сома туралы айтқанын түсінбедім. Демеушілік ақша деп қабылдадым және «2 500 000 теңгені Жәнібекке бер,  ал 2 млн-ды өзіңе қалдыр» дедім.  Мұндағы мақсат - өз пайдам  үшін емес, «Асыл Өлкеге» берешекті өтеу және Сарайшықта этноауылмен айналысқандықтан, Жәнібек арқылы Пазыловтың (Сарайшық ауылының әкімі – Н.Н.) қарыздарын жабу болатын, - деді Хаменова.

Еске салсақ бұған дейінгі сот материалдарында Сарайшық ауылын «Алтын Орда» конференциясын өткізуге дайындау жұмыстарына Сарайшық ауылының әкімі өз қаражатын жұмсағаны және оған облыс әкімдігі берешек қаржыны демеушілікпен жауып беруі тиіс болғанын жазған едік. 

- Көлігінде қолма-қол ақша барын айтқан кездегі менің таңданысым видеода анық көрінеді. Өйткені біз ешқашан демеушілерден қолма-қол ақша алған жоқпыз, қаражат  тек аударым арқылы түсіп отырды, - дейді Хаменова.

Хаменова сөзін аяқтағаннан кейін оған адвокаты Игорь ВРАНЧЕВ сұрақ қойып, 10 желтоқсанда Рысқалиев екеуі әңгімені не үшін басқа кабинетте жалғастырғанын сұрады. 

- Мен оның қағазға не жазғанын және не айтқысы келгенін түсінбедім. Өзім келесі жиынның материалын алу үшін коридорға шықтым. Содан соң, кешіріңіздер, дәретханаға баруым керек болды. Бірақ хатшылардың кабинетіне кірдік.  

Вранчев: - Кабинетке кіргенде неге сыбырласып сөйлестіңіздер? 

- Бейнежазбадан көргендеріңіздей, бірінші Рысқалиев маған сыбырлап сөйлесе бастады. Ол сыбырлап сөйлеген соң, мен де сыбырлап сөйлестім. 


ҚАТЕЛІКТЕН СОҢ ҚАТЕЛІК

Хаменоваға Рысқалиевтың адвокаты Нұрлан ЖОЛБОЛОВ сұрақ қойды:  

- Ол сізге 4,5 млн теңге туралы (қағазға 4, үтір, 500 мың деп) жазды. Сіз қайтадан «түсінбедім» деп жаздыңыз. Оның не ақша екенін түсінбедіңіз бе? 

- Тап солай. 

Жолболов: Ол «Алтын Орданың» қаржысын реттедім дегеннен кейін, «не және қанша?» дедіңіз бе? 

Хаменова: Иә, мен оның демеушілік қаржы ма, басқа ма, не ақша екенін түсінбедім. 4,5 млн дегеннен кейін демеушілік шығар деп ойладым. 

Жолболов: Әңгімені келесі кабинетке барып жалғастырмай, сол жерде айтуға болмады ма?  

Хаменова: Мен оның қандай оймен келіп тұрғанын білмеймін, сондықтан келесі кабинетке шықтым. Ол жерде бережақ қарыздарымызды кімге беру керек екенін айттым. Менің қателігім - Рысқалиевқа қалған ақшаны «Асыл өлке» қоғамдық бірлестігіне бер деп айтпағаным. Негізі мақсатым - «Асыл өлкедегі» қарызды жабу керек болатын. Сол секілді, ол ақшаны Пазыловқа бер деп, Жәнібекке де айтып үлгерген жоқпын.

Жолболов: Сіз «ақша қайда?» деп сұрағанда, ол «машинада» деп жауап береді. Сіз сол кезде «Сенің есің дұрыс па?» дейсіз.

Хаменова: Бұл - машинаға сондай қомақты ақшаны тастай ма, ол ақша машинада қалай тұрады дегенім.

Сондай-ақ, Хаменова Рысқалиевқа «Сен манағыға сақ бол. Сенің артыңнан аңдып жүрген адам көп» деген сөзін түсіндірді: 

- «Сақ бол» деп ақшаға қатысты айттым. Ол да біреудің маңдай терімен келген ақша, мұқият бол дегенім еді. Ал сенің артыңда кісілер бар дегенім - 30 желтоқсан күні Құрманғазы мәдениет үйінде шара өтетін болды. Оған жауапты Рысқалиев еді. Артында адам бар дегенім - артыңда әкім бар дегенім. 

Жолболов: Бұл сөздерді сыбарлап айтуға не себеп? 

Хаменова: Себебі Ералы Тоғжановтың жиналысында болдым. Сол жиналыста төрағалық еттім. 

Прокурор Лаура АСАНОВАНЫҢ «Неге Хаменова Рысқалиевқа 2 миллион теңгені «Алтын өлке» қоғамдық бірлестігіне бережақты өтеу үшін бер деп айтпады?» деген сұрағына ол: «Иә, бұл менің қателігім болды» деп жауап берді.

Судья Жұмағали ТАШИМОВ сұрақ қойды:

- Бұған дейін Рысқалиев сізге демеушілерден қолма-қол ақша әкелді ме?

- Жоқ. 

- Рысқалиевпен болған әңгімеде «демеушілік қаржы» деген сөз неге айтылмады?

- Қағазда «Алтын Орданың» қаржысы реттелді деп жазылған. Сол кезде мұны демеушілік қаржы деп ойладым.

- Неге сөзбен сұрамадыңыз? 

- Ол менің қателігім болды.

- Бұл ақшаның қандай мекемеден түскені жөнінде неге сұрамадыңыз? 

- Менің қателігім сол болды.


«ҚҰЛЫНДАРЫМДЫ КӨРМЕГЕЛІ 9 АЙ БОЛДЫ»

Сот кезінде Хаменова балаларын 9 ай бойы көрмегенін айтып, көзіне жас алды:

- Құрметті сот! Менің әкеден ерте айырылып, шешеден тірі айырылған екі құлынымның дауысын естімегеніме 9 ай болды. Әрі қарай тағдырым қалай болатынын бір Алла біледі. 70 жастағы анам бар. Құрметті сот! Қазір күштінің заманы. Мен туралы «Назарбаевтың жақтасы» дейтін болар. Елбасын жақсы көремін. Ол кісі туралы айта беремін. Сол үшін мені жек көре қойсын. Бірақ менің 15 жыл бала оқытқанымды, коронавирус кезінде адамдарды аман алып қалу үшін алысқанымды ел неге айтпайды?

Келесі сот отырысы 3 қазан күні жалғасады. 

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор 

10 қыркүйек 2022, 13:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.