Атырау, 1 мамыр 10:30
 бұлттыВ Атырау +22
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

Энергетика министрі: «Cіздің өңірдің қуатын күшейтуге жұмыстанып жатырмыз»

701 просмотра

Тұтынушылардың электр энергиясын тұтынуы үшін шекті тарифтердің көтерілуіне отынның қымбаттауы және энергетиктердің жалақысын көтеру қажеттілігі себеп болып отыр. Бұл туралы «АЖ»  сұрақтарына жауап бере отырып, ҚР Энергетика министрі Болат АҚШОЛАҚОВ айтты.

Қазіргі уақытта Атырау облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаменті тұтынушылардың электр энергиясын тұтыну тарифтерін көтеру туралы өтінішті қарауда және оның бір себебі АЖЭО үшін электр энергиясының шекті тарифтерінің қымбаттауы болып отыр. Әрине, тұрғындарда бірқатар сұрақ туындайды. Неліктен бұл тариф көтерілді, министрліктің сайтында АЖЭО-нің кіріс-шығысы, табыс деңгейі туралы ақпарат неге жоқ? Бұрын тарифті көтерілгенде қандай шара қолданылды және бұл жолы кәсіпорын қандай міндеттеме алып отыр? Неге «Атырауэнергосату» қымбат энергияны АЖЭО-дан емес МАЭК-тен сатып алады? Алдағы жылдары шекті тарифте электр энергиясын өндірудің қандай көлемдері қарастырылған?

Болат Ақшолақовтың айтуынша, осы бойынша қабылданған министрліктің барлық бұйрықтары, басқа да мәліметтер секілді Ашық НҚА порталында орналастырылыл тұрады. Биыл электр энергиясын жеткізуші ұйымдардың жекелеген топтары үшін тариф көтерілді. Бүгінгі таңда Энергетика министрлігінің ережелерімен энергия өндіруші ұйымдарға, яғни энергия станцияларының өздеріне шекті тарифтер белгіленген. Одан әрі өңірлік энергия желілері компанияларының және соңғы тұтынушыны энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың шығынын Ұлттық экономика министрлігі бекітеді.

– Жанар-жағармайдың қымбаттауына байланысты бірқатар бекеттерде өсті. Бұл бірінші себеп. Екіншіден, біз оған станция жұмысшыларының жалақысын 20-30 пайызға көтеру мәселесін енгіздік, өйткені бізде энергетиктердің төмен жалақысына байланысты жағдай объективті қалыптасқан және бұл көп  маманның жұмыстан кетуіне жеткізді. Бәрі де штатты ұстап тұруды және станциялардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді қалайды. Энергияны тұтыну көлеміне келетін болсақ, өкінішке орай, Қазақстанның энергетика жүйесінде жабдықтар мен желілер әбден тозған. Біз станциялар бойынша да, желілер бойынша да бұл бағалауды жартылай аяқтадық. Бірақ жұмыс жалғасып жатыр. Бізде генерация айтарлықтай ауыр, яғни станциялар ескі. Жаңғырту, жөндеу керек болса жасаймыз, бірақ жаңасын да салу керек. Мен 2035 жылға дейінгі электр қуатын тұтыну бойынша болжам айта аламын – ол бүгінгі күні 114 млрд кВт/сағ-ға қарсы 150-160 млрд кВт/сағ. Бұған қоса, бұл ескі станциялардың өткізу қабілетінің төмендеуі және жаңасын салу қажеттігі аясында. Егер біз ештеңе салмай, қазіргі станциялармен өмір сүре берсек, онда 150-160 млрд кВт/сағ-тың максимум 90-ын жабуға болады. Сондықтан қуаты төмендегенді ауыстыру үшін 17,5 млрд кВт/сағ жаңасын іске қосуды ойлап отырмыз. Қызылордада стансалар салу жоспарланып отыр, Алматының барлық энергетика жүйесі жаңғыртылуда, бұл 3 ЖЭО стансасы, басқа да нұсқалар қарастырылуда, - деді министр.

Сондай-ақ, ол сапар барысында барлық дерлік ірі нысандарды, соның ішінде Қарабатанды да аралағанын айтты. Қазіргі таңда облыс орталығын және жалпы облысты электр энергиясымен қамтамасыз етуді негізінен Атырау ЖЭО және «Karabatan Utility Solutions» ЖШС газтурбиналық электр станциясы жүзеге асырып отыр. Атырау облысы бойынша жыл басынан бері 4,268 млрд кВт/сағ электр энергиясы өндірілсе, облыстың ішкі тұтыну көлемі 3,9 млрд кВт/сағ. АЖЭО негізгі жабдығының физикалық тозуы 54% құрап отыр, «Karabatan Utility Solutions» ЖШС ГТЭС 4,5% құрайды. Атырау ЖЭО-да электр энергиясының сату бағасы ЖҚК үстемеақысын есепке алғанда (жаңартылатын қуат көздерін пайдалануды қолдау үшін) 15,21 теңге/кВтсағ құрайды. «Karabatan Utility Solutions» ЖШС ГТЭС электр энергиясының сату бағасы шамамен 11,39 теңге/кВт.

Атырау ЖЭО-дан электр энергиясын беру және бөлу ұзындығы 9 746,6 км және 40% тозып тұрған 1 761 бірлік қосалқы станса құрайтын «Атырау Жарық» АҚ өңірлік электр желілік компаниясының балансында тұрған қуат көзін беру желілер кешені бар электр желілері арқылы жүзеге асырылады.

Атырау облысында барлығы 5 орталықтандырылған және 638 автономды жылумен жабдықтау көзі бар. Атырау ЖЭО орнатылған жылу қуаты 695 Гкал/сағ, қолда бар қуаты 633 Гкал/сағ. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы 561 шақырымды құрайды. Жылу желілерінің орта есеппен 68 пайызы тозып тұр. Атырау облысын алдағы жылу беру маусымына сапалы және уақтылы дайындау мақсатында «Атырау ЖЭО» АҚ-ның 3 қазандық агрегаты мен 2 турбоагрегаты, сондай-ақ 13,2 шақырым жылу желілерін жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

– «Karabatan Utility Solutions» стансасының жүктемесі толыға келді, ол ең көп дегенде өндіре алатын 310 МВт-тың 160 мг-ын қала тұтынады. Бірақ KUS cтанциясының міндеті - ЕЭА (еркін экономикалық аймақ) аумағындағы өнеркәсіптік нысандардың қажеттілігін жабу. Қуатты ертең сол жерге жіберу керек болады, ол жеткіліксіз болуы да мүмкін. Сондықтан қазір Атырау үшін қуатты арттыру, қосымша жаңа турбиналар салу, қандай да бір жолмен өндіруді ұлғайту міндеті қойылды. Оған жылуды қосыңыз. Мінә, осындай күрделі міндеттер бар, есептеп, шешім қабылдаймыз, - деді Б.Ақшолақов.

Оның айтуынша, БҚО-дан келетін желі жөндеуде болғандықтан, Маңғыстау облысынан электр энергиясын сатып алуға тура келіп отыр. Бірақ жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Атырау мен Ақтаудың арасы Орал мен Атырау аралығына қарағанда қашық, бұл шығынға да әсер етеді.

– Батыс Қазақстан мен Атырау облыстары өткізу қабілеті 100 МВт болатын 220 кВ электр желісі арқылы қосылған. Бұл желі жөндеуге тұрғанда Атырау және Маңғыстау облыстарының электр жүйелері оқшауланған жұмысқа ауысады, бұл сенімді түрде тұтынушыларды электрмен жабдықтау мәселесіне теріс әсер етеді. Осыған байланысты «KEGOC» АҚ инвестициялық бағдарлама шеңберінде «Қазақстан Республикасы БЭЖ Батыс аймағының электр желісін күшейту. Электр желілері объектілерінің құрылысы». Жобаны іске асыру мерзімі 2021-2023 жылдар. Бұл жоба Атырау облысының тұтынушыларын электрмен жабдықтаудың өткізу қабілеті мен сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 2575 бағана немесе 61,6% орнатылды, электр желілерінің жалпы көлемінен 132 шақырымы немесе 16,9 пайызы салынды, - деп түйіндеді министр.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

15 тамыз 2022, 10:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.