Атырау, 24 қараша 17:12
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Нұрсая апатты жағдайда

864 просмотра

Нұрсаялықтар жарықтың жиі сөнетініне наразы. Жақында Нұрсая ықшамауданындағы №10, 11, 12, 13 үйдің тұрғындары жиналып, әкімдіктен мәселенің тездетіп шешімін табуын талап етті.

Расында, Атырау қаласында «Атырау Жарықтың» жұмысына ризашылық білдірген жер жоқ. Атыраулықтар үшін жарықтың өшуі үйреншікті жағдайға айналды. Профильді қызметтің кабельдердің ескіргенін желеу еткен жауабы жауыр қылды. Жаңбыр жауса, қар жауса, жел тұрса, жарықтың өшетініне үйреніп қалғанбыз. Бірақ соңғы уақытта ауа райы жақсы кезде де өшуін жиілетті. Әсіресі жарықтың сөнуі электр құрылғыларына әсер етіп, істен шыққан құрылғыларды жөндеу, әрине, тұтынушылардың өздеріне түседі.

Тұрғындардың айтуынша, жарық көбіне кешкі уақытта өшеді. Мұндай кезде фонарик пен майшам қолданылады. Мұндай заттар әдетте әр үйде бар. Енді қайтсін...

Байтұрсын ІЗТЕЛЕУОВ, зейнеткер.  

- Үйде тек жолдасым екеуміз тұрамыз. Жолдасым 1-топ мүгедегі, мен көз жанарынан 2-топ мүгедегімін. Жарықсыз бізге тіпті қиын. Свет бір сөнгенде кемінде жарты сағаттан 2 сағатқа дейін болмайды. 109 ға хабарлассақ нақты жауап бермейді, бригада кетті деп айтады. Ескі кабельді жамай бергенше, түбегейлі ауыстыруға болмай ма?

Балалар алаңының тозығы жеткенін, жөндеу туралы әкімдікке бірнеше рет ескерттік. Ақыры, ешқандай пайда болмаған соң өз қолымызға алуға тура келді. Ер азаматтар күнде кешкісін жұмыстан кейін қолдарына құрал-сайманын алып, әйел адамдар сырлап, ауламызға өз күшімізден алаң салып алдық, - дейді тұрғын Айгүл УАЛИЕВА.

 - Былтыр ТКШ тапсырмасымен осы үйлердің кәріз су құбырлары жаңартылды. Алайда мердігер мекеме ауладағы асфальтты қазып бүлдіріп, орнын тек топырақпен бітеп кетті. Қазір бұл жерге жаңбыр жауса су жиналып, көліктердің дөңгелегі қиылып кетіп жатыр, - дейді тағы бір тұрғын Нұрбек ҚҰСАЙЫНОВ.

Нұрсаялықтар жарыққа қатысты мәселелермен қатар, жақын арада пайдалануға берілген көпқабатты үйдің сыртқы келбеті де ескіргенін еске салады. Ал ойын алаңдары апатты жағдайда.

Бірақ электрмен қамту мәселесіне оралайық. Аталған көпқабатты үйлердің жер астымен жүргізілген электр кабельдерінің тозығы жеткені белгілі болды. Қазіргі кезде жаңа кабель жүргізу бойынша конкурсқа құжаттары дайындалып жатыр.

- «Нұрсая», «Тұлпар» мөлтек аудандарындағы көпқабатты және жеке тұрғын үйлерді электр желісімен қамтамасыз етіп жатырған жер асты желісінің әбден ескіріп, тозығы жетуіне байланысты 2023 жылы аталған желіні заманауи желіге ауыстыруға жобалау-сметалық құжатын жасақтау жұмыстары қолға алынып, жасақталған жобаға ағымдағы жылы сараптаманың оң қорытындысы шықты. 

Күні бүгінде жасақталған жоба бойынша аталған жұмыстарды іске асыратын мердігер мекемені анықтау мақсатында ашық электронды конкурсқа құжаттары дайындалып жатқанын хабарлаймыз. Жоба бойынша жоспарланған жұмыстар толықтай аяқталғаннан кейін «Нұрсая», «Тұлпар» мөлтек аудандарындағы көпқабатты және жеке тұрғын үйлердегі электр желісіндегі ақаулықтар жойылатынын қаперіңізге береміз", - деді Атырау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің баспасөз қызметі.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттерді түсірген автор

30 сәуір, 18:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.