Атырау, 2 мамыр 18:36
 ашықВ Атырау +11
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

Қант тиелген вагондар, жасалған келісімдер

1 542 просмотра

Атырауға Алматы облысының Көксу қант зауытынан алты вагон (408 тонна) құмшекер  келеді деп күтілуде. Бір вагон (68 тонна) қазір жолда келе жатыр. Ал өткен аптада облыс орталығына «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ-нан екі вагон келді. Сонымен қатар, бұл өнімді Үндістаннан жеткізу мәселесі шешілуде, бірақ кейінірек.

Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің "АЖ" сауалына берген жауабында Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік АЙДАРБЕКОВ хабарлады.

Жалпы әлеуметтік маңызы бар тауарларға қатысты жағдайға келетін болсақ: «Доллар мен рубль бағамының өзгеруі тауарлар мен өнімдердің бағасына белгілі бір түзетулер енгізді, өйткені көп тауар Ресей Федерациясынан әкелінді, әлі де әкелініп жатыр. Бірақ біздің де өз мүмкіндіктеріміз бар – облыста бірнеше жылыжай мен көкөніс қоймасы жұмыс істейді, 9,6 мың гектар егістік алқапты ауыл шаруашылығы өнімдері алып жатыр. Азық-түлік қауіпсіздігін қалыптастыру бағытында біршама жұмыс атқарылуда. Бірақ, өкінішке орай, облыс өз қажеттілігін 100 пайызға қамти алмай отыр. Оның үстіне, Атырау облысында жыл сайын халық саны артып келе жатқанын ұмытпауымыз керек».

С.Айдарбековтың айтуынша, Атырау облысында жыл өткен сайын егіс алқабы ұлғайып келеді. Бұдан басқа, Махамбет ауданында жылыжай салу бойынша екі ірі жоба жүзеге асырылуда. Ол жерде 2022 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған ет бағытындағы құс фабрикасы да салынып жатыр.

Жақында Айдарбеков бастаған Атырау облысының делегациясы Өзбекстан мен Астрахань облысында іскерлік сапармен болды. Келіссөздер барысында тоған шаруашылықтарында тауарлық балық өсіру бойынша кәсіпорындар құру үшін облысымызға инвесторлар шақырылды.

Жоғарыда айтқанымыздай, өзімізде өндірілетін азық-түлік әзірге өз қажеттілігімізді өтеуге жетпейді. Сондықтан кейбір түрлері облыстан тыс жерлерден – Қазақстанның басқа аймақтарынан және  Ресей, Өзбекстан, Пәкістан, Иран, т.б. секілді елдерден әкелінеді.

«Өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылауға келетін болсақ, мұнда жергілікті атқарушы органдар бірнеше бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Бағаны тұрақтандыру мақсатында «Атырау» ӘКК» АҚ жергілікті сауда желілері мен тауар өндірушілерге айналым қаражатын толықтыру үшін қарыз береді, ал алдағы уақытта жекелеген сауда орындарында кәсіпкерлер әлеуметтік маңызы бар тауарларды келісіммен реттелетін бекітілген бағамен өткізеді. Жеңілдетілген қарыз беру бағаны тұрақтандырудың тиімді жолы болып табылады, мұндай қарыздар кәсіпкерлік субъектілеріне әлеуметтік маңызы бар өнімдерді нарықтық бағадан төмен сатуға көмектеседі», - деді С.Айдарбеков.

Оның айтуынша, бұған дейін сауда желілерімен сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы үшін меморандумдар жасалған. Мұны Атырау қаласы мен аудандарға тұрақты рейд жүргізетін мониторинг топтары қадағалайды. Олардың қатарында әкімдік қызметкерлері, депутаттар, облыстық кәсіпкерлер палатасы, монополияға қарсы ведомство, статистика департаментінің өкілдері бар. Тізімдегі өнімді жоғарылатылған бағамен сататындарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес шара қолданылады.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

4 маусым 2022, 21:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.