Атырау, 19 мамыр 04:18
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +19
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Жол, баспана, аула, жарық, су және т.б.: қала әкімі шаруашылықты қолға алды

2 015 просмотра

Екі ай бұрын Атырау қаласының әкімі болып Мейірім ҚАЛАУИ тағайындалды. Аз уақыт болса да, өзіне сеніп тапсырылған «шаруашылықпен» танысуға, негізгі проблеманы түсініп, жоспар жасауына жеткілікті уақыт. Назарларыңызға онымен сұхбатымызды ұсынамыз.

ОРТАЛЫҚТАҒЫ «АПАТТЫ ҮЙДЕН» ҚАЛА ШЕТІНДЕГІ ЖАҢА ПӘТЕРГЕ. БАСҚА АМАЛ ЖОҚ

- Қала маңындағы кейбір (мәселен, Жұмыскер-2, Алғабас) ауылдардың тап іргесінде қолданыста жоқ карьерлер орналасқан. Бұл тұрғындарға көп проблема әкеліп отыр. Бұл мәселе қалай шешіледі?

- Иә, карьерлер қала аумағында әлі 5-6 жерде қалған. Қазір бұл сайларды кәсіпкерлік мақсатқа пайдалануға беру үшін аукционға шығаруды жоспарлап отырмыз. Алдымен сайды көму жөнінде талап қоямыз. Бұған ниет білдіретіндер табылуы тиіс. Өйткені қазір коммерциялық мақсатқа жер сұрайтын кәсіпкерлер өте көп. Ал қаланың өзінде бұл үшін жер жоқ. Қазір осы сайлардың аумағы өлшеніп, құжаттары дайындалуда, аукцион мамыр айының соңында жарияланады. Егер ешкім қызығушылық танытпаса, бұл сайларды жергілікті бюджет есебінен тегістеп, ол жерлерге түрлі алаң мен сквер салу жоспарда бар.

- Жақында осы жылдың аяғына дейін Владимирский көшесі, 99 және Азаттық даңғылы, 67А мекен-жайындағы екі жатақхана сүріледі, ал тұрғындары қала шетіндегі Береке ықшамауданына көшіріледі деп жарияланды. Мынадай сұрақ туындап отыр: тұрғындар қала орталығында өмір сүріп үйренген, ал оларға қала шетіне көшуге тура келеді...

- Иә, солай. Жыл соңына дейін Береке ықшамауданында 240 пәтерлік үй пайдалануға беріледі. Осы екі жатақхананың тұрғындарына осы үйден пәтер беріледі. Басқаша ұсыныс болмайды. Кейбіреулер Талғайраң ауылы мен Самал ықшамауданында салынып жатқан үйлерден неге пәтер берілмейді деп сұрайды. Бірақ ол үйлер «Отбасы банк» бағдарламалары бойынша салынып жатқан ипотекалық үй болғандықтан тұрғындарды ол жерге көшіре алмаймыз.

Осы екі жатақханадан бөлек қаладағы 84 апаттық үйде 5000-нан астам адам тұрып жатыр. Осы апаттық жағдайдағы үйлер орналасқан жерді құрылыс компанияларына ұсыну туралы жобамыз бар. Жақында осындай 6 компания басшыларымен кездесу өткіздім. Олар апаттық жағдайдағы үйлердің орнына жаңа үй салуға ниетті. Осы орайда біз инвесторлардан жаңа үйдің төменгі қабаттарынан апаттық жағдайдағы үйдің тұрғындарына пәтер беруді сұраймыз.

Дәл осындай реновация Алматы мен елордада жүзеге асып жатыр. Жақын күндері реновация бағдарламасын Атырауда жүзеге асыру бойынша кеңес алу үшін әріптестерімізді Алматыға жібереміз. Үйі бұзылған тұрғындардың уақытша қайда тұратыны анықталып, өзге де заңды тетіктері бойынша тәжірибе алмасып келген соң жобаны Атырауда іске асыруға кірісеміз. Өйткені қазір құрылыс компаниялары қаланың ортасынан үй салғысы келеді. Алдағы уақытта ескі қалаға да осы реновация бағдарламасын қолданғымыз келеді.


ТРАНСФОРМАТОРЛАР ЖЕТКІЛІКТІ, ҚОР БАР

- Ақпан айында «Химик-Атырау» бау-бақша бірлестігінің тұрғындары жолдың жоқтығы, электр энергиясымен нашар қамтылуы және т.б. проблемаларды шешуге бюджеттен қаржы бөлінуі үшін өздеріне қала маңындағы ауыл мәртебесін беру жөнінде билікке талап қойды. Сол кезде әкімдік бір апта ішінде комиссия құрылады деді. Бүгінде не шешілді?

- Осы уақытқа дейін бұл мәселе толық зерделенді. Бұл бір ғана «Химик» бау-бақша бірлестігінің мәселесі емес. Қала аумағында осындай 45 саяжай бірлестігі бар. Олар тұрып жатқан жер саяжай деп аталғанымен, сол жердегі тұрғындардың жартысынан көбі оны тұрғын үй ретінде пайдаланып отырғанын, онда 20 мыңнан аса адам тұрып жатқанын зерделедік. Қазір қалалық әкімдік қызметкерлерінен жұмысшы топ құрылуда. Оған алдағы уақытта тұрғындар да кірістіріледі. Міндеті - қаланың Бас жоспарына өзгеріс енгізумен айналысу. Комиссия шілде айының соңына дейін өз ұсынысын дайындап, оны үкіметке жолдайды. Өйткені елді мекен мәртебесін өзгерту үкіметтің құзыретіне берілген.

- Тұрғындар ерік Мостовой каналының үстінен жүріп жатқан көпірден 2018 жылы орнатылған кедергілерді алып тастаса, осы аудандағы кептеліске қатысты мәселені шешуге болар еді деседі.

- Сарықамыс ауданындағы Ерік Мостовой каналының үстінен өтетін көпір көлікке емес, жаяу жүргіншілер мен мал өткізуге арналған. Кезінде көлік жүруге қауіпті деген қорытынды берілген.

- Қаланың бірнеше бөлігі жарықтың жиі өшетініне шағымданады. Бұл негізінен электр қуатының жетіспеушілігі салдарынан орын алады. Бұл мәселені қалай шешпексіздер? 

- Былтыр қалада жаңа 50 трансформатор қойылды. Биыл тағы 38 жердің мәселесі анықталып, тағы 50 трансформатор сатып алынды. Күзге қарай олардың 38-і проблемалы жерлерге орнатылады, ал қалған 12 трансформатор резервте тұрады.

Тағы бір салмақты проблема: қалада тозығы жеткен электр желісі көп. Қазіргі уақытта желілерді біртіндеп ауыстыру бойынша облыстық бюджеттен 400 млн теңге сұрап отырмыз. Мәселен, Сырым Датов көшесіндегі үйлер теміржолшылардан электр энергиясын алып отыр. Бұл жердегі алғашқы бағандар 50-жылдары салынған, олар өте ескі әрі тозығы жеткен. С.Датов көшесіндегі үйлердің жарық мәселесі осы жылдың аяғына дейін толық шешіледі.

 

100 АУЛА ЖОБАСЫ, ТАҒЫ 100 ЖОБА БОЛАДЫ

- Жеке секторда суару мәселесі қалай шешілмек?

- Қазір қала аумағының 70 пайызы жеке тұрғын үйге берілген. Биыл барлық ауылдық округтерге жазғы су желісін жүргізуді бастамақпыз. Жақында ауылдық округтердің бюджетін қарап, әрқайсысына қажеттіліктеріне қарай 5-20 млн теңге арасында қаржы бөлінді. Ауылдық округтердің әр көшесінде Жайықтың су құбыры жүріп тұрады. Құбырлар мен сусорғыларды «Атырау облысы Су арнасы» өзі күтіп ұстайды. Тұрғындар пайдаланған судың ақшасын белгіленген тариф бойынша уақытында төлеп отырса, екі жылдың ішінде ауылдық округтің барлығын жазғы ағынды сумен қамти аламыз. Бұл үшін мүмкіндік те, қаржы да бар.

- Қаланың тазалығын қамтамасыз ету үшін «Арнаулы автобазаның» жұмыс күші мен техникасы жеткілікті ме?

- Толық жетеді. Тек жұмысты дұрыс ұйымдастыру керек. Ең бірінші тағайындалған күні «Арнаулы автобазаға» барып, мәселемен таныстым. Ол мекеменің жұмысына қала тұрғыны ретінде өзімнің де көңілім толмайтын еді. Қазір жұмыстар жүйеленді. Саябақтарды бұрынғыдай сыпырғышпен сыпырып жүрмейді, шаңсорғыш техникалары бар. Қалада қоқыстар төгіліп, шашылмас үшін контейнерлерді арнайы тормен қоршауға тапсырма берілді. Биыл 200 контейнерге осындай тор орнатылады: 100 данасын «Арнаулы автобаза» өз қаржысына орнатса, 100 данасы қала әкімдігінің қаржысына салынады.

- Қаланың көп жерінде балалардың ойын алаңы жоқ немесе бұзылған. Биыл қанша ойын алаңы салынады?

- Биыл Атырауда ойын алаңы, футбол, волейбол алаңдары, үйлердің аулаішілік жолдары мен тротуарлары, ересектер отыратын орындықтар, жарық және бейнекамера жиынтықтары қамтылған 100 аула жобасы басталады. Жалпы құны - 6,5 млрд теңге. Қазір мемлекеттік сатып алу порталында ашық конкурс жарияладық. Бұл жоба толық жүзеге асқанда, қала көркі қатты өзгереді. Тек осы жобамен тоқтап қалмай, келесі жылы тағы да 100 аулаға жоба жасақтау жоспарда тұр. Бұдан бөлек қала маңындағы ауылдық округтерде балалар ойын алаңын салу жоспарда бар.

 

АУДАНДАР ДА БАР

- Биыл қала бюджеті қанша?

- Жалпы қаланың салықтан түсетін қаржысымен қосқанда жалпы бюджеті - 208 млрд 464 млн теңге. Осы сомадан 162 млрд теңгені облыстық бюджетке береміз. Сонда қалаға 46 млрд 464 млн теңге қалады. Бұл жерде «неге қаланың өз бюджеті өзіне жұмсалмайды?» деген сұрақтар туындайды. Біздің өңірімізде өз бюджетімен өзін қамтып отырған Жылыой ауданы ғана. Басқа аудандарда салынып жатқан жол, жасалып жатқан жұмыстардың 80 пайызы облыстық бюджеттен қаржыландырылады. Мысалы, мен Индер ауданында әкім болғанымда, аудандық бюджет 10 млрд теңге шамасы болды. Соның ішіндегі 2,5 млрд теңгені ғана Индер ауданының өзі табады, қалғанын облыс қаржыландырады. Яғни, қала бюжетіне түсетін қаржының бір бөлігі облысымызды дамытуға жұмсалып жатыр деп түсіну керек.

- Биыл Атыраудың қай көшелерінде жол мен жаяу жүргіншілер жолы салынады?

- Биыл Балауса ықшамауданының 31 көшесі және Ракуша мен Еркінқала ауылдарында қалып қойған жолдарға толық асфальт төселеді. Ал Еркінқала-2 жолы - екі жылға жоспарланған 9 млрд теңгені құрайтын үлкен жоба. Оның құрылысы осы жылдың соңында басталады. Сонымен қатар, Зарослый ауылының ішкі жолдарының бірінші бөлігі биыл толық аяқталып, екінші бөлігі басталады. Алмалының ішкі жолы биыл басталып, келесі жылы аяқталады.

Одан бөлек, биыл Азаттық даңғылы мен Сырым Датов көшесінің жолын қайта жаңғырту басталады. Әуезов көшесінен бастап Құрманғазы мәдениет сарайына дейінгі қалып қойған жол бөлігі биыл аяқталады. Қазір бұл жолдың астында 40 жылдан бері тозығы жеткен кәріз құбыры жатқандықтан, кейін жолды бүлдірмес үшін алдымен кәріз жүйесін ауыстырып алуды жоспарлап отырмыз.

Биыл барлық ауылдық округте жаяу жүргінші жолын салу басталады. Жобаның жалпы құны - 4,6 млрд теңге. Қазір осы сомадан 1,5 млрд теңге бөлінді. Бұл ақшаға орталық көшелерді, мектепке, балабақшаға баратын жолдарды жасаймыз.

- Қалада жолдың көпшілігін АИС мекемесі салады немесе қайта жөндеу жұмыстарын жасайды. Басқа мердігерлер бар ма?

- Қалада жол салумен 4 мекеме жұмыс істеуде. Мына жолды сен саласың деп бөліп бермейміз, барлығы ашық конкурс арқылы іске асуда. Салынып жатқан жолдың сапасына және ертең ойын алаңдар салынған кезде де, оның қалай жасалып жатқанын халық болып бақылау жүргізуді сұраймын. Егер бір нәрсе сапасыз жасалып жатыр деген күмән туындаса, ГАСК басқармасына немесе әкімдікке хабарласса болады.  

 

ҚАЛА БАСШЫСЫНА КЕЗЕК

- Редакцияға хабарласқан мүгедектер, бюджеттік мекеме қызметкерлері үй кезегінің жылжымай жатқанын айтады. Биыл кезекте тұрған қанша тұрғын қандай санат бойынша баспаналы болады?

- Қазір қалада салынып жатқан үйлердің 90 пайызы «Отбасы банк» бағдарламалары арқылы берілетін несиелік үйлер. Бұдан басқа, биыл 240 пәтерлік жалдамалы бір үй беріледі. Ол жерден күрелетін екі жатақхананың тұрғындарына, мүгедектерге, жетім балаларға пәтер беріледі. Ал бюджеттік қызметкерлерге биыл үй берілмейді. Өйткені бұл мақсатқа үй салынып жатқан жоқ. Ал көпбалалы отбасыларға арналған «Отбасы банкінің» 2 пайызбен ипотекаға беретін «Бақытты отбасы» деген бағдарламасы бар. Бұл бағдарлама бойынша үйдің бастапқы 10 пайыз жарнасын мемлекет субсидиялайды. Қазіргі кезде Атырауда 100 отбасы үшін бастапқы жарнаны субсидиялау қарастырылған. Қажеттілік туындаса, тағы қосымша қаржы бөлінеді.

- Оқырмандарымыздың бірі қала әкімінің қабылдауына кіре алмай жүргеніме 1 ай болды деп жазды. Сіздің қабылдауыңызға кіру үшін қанша уақыт күту керек?

- Қазір менің жеке қабылдауыма 200-ден астам тұрғын кезекте тұр екен. Аптаның әр бейсенбісінде 20-25 тұрғыннан кезекпен кіргізіп қабылдаймын. Жазылған адамдар 1 айдан аспайтын уақытта қабылданады.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті түсірген автор 

28 сәуір 2022, 17:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.