Атырау, 17 мамыр 13:31
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +15
$ 441.58
€ 480.00
₽ 4.86

Жер қойнауын пайдаланушылардың миллиардтары қайда кетіп жатыр? Нақты жауап жоқ

Сурет
1 632 просмотра

ӨСАБ (өндіруші салалардың ашықтығы бастамасы) стандартына сәйкес елімізде жер қойнауын пайдаланушылар туралы бүкіл ақпарат ашылуы керек. Бірақ Атырау облысы әкімдігі кен өндіруші компаниялардың әрқайсысы жеке қандай әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырғаны туралы нақты мәлімет ұсынбайды.

Атырау облысында жыл сайын облыс бюджетіне қомақты қаржы түсіріп отырған үш ірі кен өндіруші кәсіпорын бар. Билік өкілдерінің айтуынша, бұл ақшаға халыққа арналған әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Әңгіме «Теңізшевройл» ЖШС, NCOC және «Ембімұнайгаз» АҚ туралы болып отыр.

Атыраулықтарға қандай нысандар қажет екенін кім және қалай шешеді?


«ЕМБІМҰНАЙГАЗ»

«ЕмбіМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Рысты ТАСМАҒАМБЕТОВА жауап бергендей, компания жергілікті бюджетке өңірдің әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына қаржы аударады, одан кейін ол ақшаға облыс әкімдігі иелік етеді.

Келісімшарттық міндеттемелерге сәйкес «Ембімұнайгаз» АҚ жыл сайын жергілікті бюджеттің есеп айырысу шотына қаражат аударып, оларды қаржылық есептілікте көрсетеді», - дейді Р.Тасмағамбетова. Жалпы, ірі компанияларда екі нұсқа бар: әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаларды (ӘИЖ) әзірлеу және жүзеге асыру немесе жай ғана жергілікті бюджетке төлем жасау. ЕМГ екінші нұсқа бойынша жұмыс істейді.

Мәселен, 2017 жылы төлемдер 754 миллион 761 мың теңге, 2018 жылы 1 миллиард 866 миллион 321 мың, 2019 жылы 126 миллион 481 мың, 2020 жылы 129 миллион 773 мың, 2021 жылы 416 миллион теңгені құраған.

ТШО

«ТШО» ЖШС-нің үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек АРТЫҒАЛИЕВТЫҢ айтуынша, «Теңізшевройл» компаниясы әлеуметтік жауапкершілік аясында ерікті бағдарламаларды жүзеге асырады: «Игілік» әлеуметтік-инфрақұрылым бағдарламасы және ерікті Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы (ӘИБ).

«Игілік» бағдарламасы 1999 жылы ТШО-ның «Атырау бонус қоры» бағдарламасы арқылы Қазақстан Республикасы алдындағы әлеуметтік жобалар бойынша міндеттемелерін толық орындағаннан кейін іске қосылды. Айтпақшы, «ТШО» ЖШС ерікті негізде қабылдаған «Игілік» әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы аясында облыста 2000 жылдан бері белгілі жұмыстар атқарылып келеді».

Сонымен қатар, «АЖ» 2019, 2020 және 2021 жылдары өңірімізде жүзеге асырылған ТШО-ның әлеуметтік жобаларын олардың құнын көрсете отырып, атап шығуды сұрады. Олар бізге жауап ретінде тек жалпы мәліметтерді жолдады: «Игілік» бағдарламасының 2017-2020 жылдар аралығындағы жылдық бюджеті 25 миллион долларды құрады. 2021 жылы COVID-19-ға қатысты ахуал бойынша бағдарлама бюджеті уақытша 30 миллион долларға дейін көбейтілді. Бұдан басқа, Артығалиев ТШО әлеуметтік жобаларды инвестициялау бойынша барлық лицензиялық және келісімшарттық міндеттемелерін орындағанын атап өтті.

ТШО шынымен де өңірімізге, мысалы, ауруханалар, мектептер, балабақшалар және т.б. құрылысына қомақты қаржы бөледі. Ал ТШО құрылысына 2,5 миллиард теңге бөлген тутұғыр «әлеуметтік» тақырыпқа онша сәйкес келмейді. Шамасы, жер қойнауын пайдаланушыдан қатты «өтінсе» керек. Басқа облыс орталықтарының бәрінде де дәл осындай тутұғырлар салынды. Бұл «Елбасы дәуірі» аяқталар кезде болды, оның соңы (әлде олай емес пе?) бізге белгілі. Оның үстіне, ешкімге қажет емес бұл құрылым Атырауда кестеден қалыс қалып, әрі жағымсыз «оқиғамен» салынған еді.


NCOC

Баспасөз қызметі Солтүстік Каспий бойынша ӨБК аясында NCOC компаниясы 1998 жылдан бастап инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға жыл сайын қаражат бөлетінін хабарлады. Аяқталған жобалар туралы ақпарат компанияның сайтында орналасқан. 2021 жылы бұл бюджет 67 миллион долларды құрады. NCOC нысандары бойынша тағы да нақты мәлімет бермеді. Сондықтан анағұрлым нақтырақ мәліметтердің біразын өз басылымдарымыздан алдық. Мәселен, 2020 жылы ТШО Құлсары қаласында 75 кереуеттік аурухана (7,2 млрд теңге), сол Құлсарыда 200 кереуеттік модульді аурухана (5,9 млрд), Водниковода (1,3 млрд теңге), Ракушада (1,3 млрд) және Доссор ауылында (1,276 млрд) әрқайсысы 280 орындық балабақша құрылысын қаржыландырды. Осы кезеңде NCOC қаржысына облыстық кардиология орталығының ғимаратына және Сарыөзектегі 200 кереуеттік модульді аурухананың (7,6 млрд) жапсаржайы салынды.


ЕСЕП – ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕ ҒАНА

«АЖ»-ның келесі сұранымы Атырау облысының әкімдігіне жолданды. Бастапқыда бұл сұранымды елемей, бізге бұған қатысты Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің басқармасына жүгінуге тура келді. Осыдан кейін ғана облыстық құрылыс басқармасынан: «2017 жылы жер қойнауын пайдаланушылардан жергілікті бюджетке өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымына 1 млрд 551 млн теңге, 2018 жылы 2 млрд 946 млн теңге, 2019 жылы 1 млрд 109,8 млн теңге, 2020 жылы 1 млрд 156,9 млн теңге, 2021 жылы 1 млрд 907,6 млн теңге аударылды» деген жауап келді. Бұл арада біз әрбір жер қойнауын пайдаланушы бойынша бөлек мәлімет сұраған едік, бірақ жалпылама сандарды ғана алдық.

Бұл ақшаны белгілі бір мақсатқа пайдалану туралы шешім қалай қабылданады? Облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Зейнолла МАНЕНОВ қол қойған жауапта: «Әкімдік салалық (білім, спорт, энергетика, денсаулық сақтау, мәдениет және т.б.) басқармалармен бірлесе отырып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық салаға қажетті нысандар тізбесін ұсынады. Негізгі критерий – нысанның тұрғындар үшін маңыздылығы. Компания басшылығы мен облыс әкімдігі іріктелген жобаларды жүзеге асыру үшін келісімді ресми хатпен бекітеді. Компаниялар облыс әкімдігінен іріктелген жобалардың бекітілген жобалық-сметалық құжаттамасын алып, тендерлік рәсімдер жүргізеді, содан кейін тендер жеңімпазымен шарт жасайды» делінген.  

Алайда «Жергілікті тұрғындардың пікірі мен қажеттілігі қалай ескеріледі, болжамды шығындар жұртшылық талқылауына түсе ме? Талқылауға мәслихат, Атырау облысының Қоғамдық кеңесі, ҮЕҰ қатысады ма? Инфрақұрылымның нақты бір нысанын салуға және/немесе жөндеуге кететін шығындар сомасын кім анықтайды – әкімдік пе әлде компанияның өзі ме? Осы қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп жариялана ма?» деген сауалдар жауапсыз қалды.

З.Маненовтің жауабына сүйенсек, әкімдер жыл сайын тұрғындармен болатын кездесулерде жоспарланған, атқарылып жатқан және аяқталған жобалар туралы есеп береді және бұл жеткілікті екен. Бірақ іс жүзінде бұл жеткіліксіз. Бізге толық ашықтық қажет, қымбат жобаларды жұртшылықпен нақты талқылау керек, әйтпесе қаржы жымқыру мен жемқорлыққа бой алдырамыз.

Айнұр САПАРОВА

Инфографиканы жасаған Еламан НУХИН

14 наурыз 2022, 11:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.