Атырау, 7 қазан 19:23
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Жаңа «тұрғын үй қатынастары» және ескі проблемалар

Сурет
1 820 просмотра

«ҚР тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес, биыл 1 шілдеден бастап ПИК жұмысы тоқтап, оның әкімшілік міндеттері жаңадан құрылатын мүлік иелерінің бірлестігіне (МИБ)  немесе қарапайым серіктестіктерге (ҚС) өтеді.  Бұл тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің және ПИК басшыларының қатысуымен өткен жиында айтылды.

«Басқарушы мекеме, сервистік компаниялар және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықтарын басқару нысандары қауымдастығының» басшысы Гүлнар САЛИХОВАНЫҢ айтуынша, жаңа мекеме қазіргідей бірнеше үйді қарамағына алып жұмыс істей алады. Ал, тұрғындарға пайдалы жағы - бұрын бірнеше үй бір ПИК-ке біріккенде барлық үйдің жинағы бір есепшотқа жиналса, енді әр үйдің өз алдына бөлек жеке шоты болады. Яғни, пәтер иелері өздерінің жинаған қаражатының қайда жұмсалып жатқаны жөнінде біліп, көппәтерлі үйлерінің жағдайын өздері қарап, оны күтуге кететін қаржыны өздері бақылайды. Сондай-ақ, тұрғындар арасынан 3 адамнан тұратын кеңес мүшелері сайланып, қаржының жүру барысын басқарып отырады.

Жаңа мекемеде ағымдағы және жинақтаушы деп аталатын екі есепшот болады. Жинақтаушы шоттың артықшылығы – «форс-мажор» болған жағдайда (тұрғын-үйдің қасбеті құлап немесе шатыры ұшып, жертөлесі суға толса), бұл жұмыстар жинақтаушы есепшотқа жиналған қаржы есебінен жүргізіледі. Бұл шотқа әр пәтерден шаршы метрге 13 теңге шамасында қаржы түсуі тиіс.

ПИК атынан сөз алған «КС-Бытсервис» ЖШС басшысы Шолпан ТОҚСЕЙІТОВА қазіргі кезде тұрғын үйлерге қызмет көрсету кезінде қиындық тудырып, шешімін таппай келе жатқан бірнеше мәселені атап өтті. Мысалы, көпқабатты үйдің жертөлелеріндегі жылу есептегіштерді жоспарлы тексерістен өткізу ПИК-ке жүктелген. Есептегіштерді бір тексерудің өзіне 180 мың теңгеге жуық шығын кетеді.

 - Келесі мәселе - кондоминиумға үйдің іргесінен неше метр жер кіретіні ешқандай құжатта көрсетілмеген. Мысалы, үйдің ауласына бір кәсіпкер келіп, құрылыс жүргізіп, тұрғындар оған наразы болса, әкімдік халыққа ол қаланың жері деп жауап береді. Ал егер ол жерге арамшөп өсіп кетіп, тұрғындар арызданса, ол жерді ПИК жасау керек дейді. Осы мәселені шешіп, нүкте қою керек, - дейді Тоқсейітова.

Тағы бір өзекті мәселе - орталық көшелердегі көпқабатты үйлердің қасбетіне түрлі жарнамалық баннерлер ілініп тұрады. Олар үй қабырғасына ауыр металл құрылымдары арқылы бекітіледі. Қатты жел соқса, баннерлерді сілкілеп үйдің қасбетінде көп жарық пайда болады. Баннер қондырушылар әкімдік рұқсат берді дейді, бірақ ол үшін ақшаны ПИК-ке емес, әкімдікке төлейді.

ПИК басшыларының сөзінше, әкімдік бекіткен 1 шаршы метр үшін 45 теңге тарифпен «бір үй - бір есепшот» жүйесімен үйді күтіп ұстау мүмкін болмайды. Олар сондай-ақ басқа да шешімін таппай келе жатқан мәселелерді, бүгінгі таңда жаңа форматта жұмыс істеуге жағдайдың жоқтығын айтты. Бірақ реформаны ешкім бәрібір ешкімнің жоймайтыны белгілі.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттерді түсірген автор

20 ақпан 2022, 20:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.