Атырау, 7 қазан 19:27
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Сізді азаптаған жағдайда не істеу керек: кәсіби заңгердің кеңесі

1 991 просмотра

«АЖ» қаңтар айының басында митингіге шыққан адамдарды азаптау және қудалағаны туралы өңірде және республикада бірінші болып ашық жаза бастады. Күн сайын дерлік бұл тақырып бойынша жаңа ақпарат пайда болады. Бізге болған жайды айтып қана қоймай, зардап шеккендерге өз құқықтарын қорғауға көмектесу өте маңызды. Осыған байланысты біз заңгер, адам құқықтары жөніндегі халықаралық құқық бойынша кеңесші, Қазақстанның азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдар коалициясының сарапшысы (Алматы қ.) Татьяна ЧЕРНОБИЛЬГЕ жүгіндік.

– Татьяна, Қазақстанда митингілерге қатысқаны үшін көп адам ұсталды. Атыраулықтардың көпшілігі ӘҚБтК-нің 488-бабы («ҚР бейбіт жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу») бойынша әкімшілік жазаға тартылып, кейбіріне қылмыстық іс те қозғалды. Бұл халықаралық құқықпен қалай астасады?

– Өкінішке қарай, Қазақстанның «Бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңы халықаралық стандарттарға сай келмейді. Бұл стандарттарға сәйкес, мұндай заңдар қабылданатын болса, ол азаматтарға емес, мемлекеттік органдарға арналған. Онда мемлекеттік органдардың міндеттері егжей-тегжейлі көрсетілуі керек, өйткені адамның кез-келген құқығы жауап ретінде мемлекеттің міндеттерін тудырады. Бейбіт жиындар туралы заңымызға қарайтын болсақ, әкімдіктер ұйымдастырушыларға немесе қатысушыларға көмек ретінде бағытты немесе өткізу орнын өзгертуді ғана ұсынып, ұйымдастырушыға көмек көрсету үшін өз өкілдерін тағайындап, осы тұрғыда алынатын шаралар туралы оған немесе қатысушыларға хабардар ете алады. Әкiмдiктiң басқа да өкiлеттiктерiне рұқсат беру, тыйым салу, тоқтата тұру немесе тоқтату жатады. Бұл ретте бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылардың 10-ға жуық міндеттері мен 9 тыйымдары бар. Мысалы, «денсаулықты сақтауға бағытталған жеке қорғаныс құралдарын қоспағанда, бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге салынған тыйым». Осы заңның талаптарынан кез-келген ауытқу 10 тәулікке дейін, ал егер бейбіт жиналыс өткізуге рұқсат етілмеген болса, онда 15 күнге қамауға алуға дейін әкімшілік жаза алуы мүмкін. Мұндай заң бұрынғы осындай заңмен салыстырғанда, бейбіт жиналыстар еркіндік құқығына қатысты жағдайды жақсартпайды.

– Атыраудағы беларустік «Окрестинаның» филиалы деген лақап атқа ие болған «Динамо» спорт залына барғандар онда болған әрекеттердің барлығы (қорқыту, психологиялық қысым және ұрып-соғу) халықтың болашақта митингіге шығудан және өз пікіріңізді білдіруден бас тартуы үшін жасалғанын айтады. Осы жайтқа түсініктеме берсеңіз.

– Әрине, мұндай тәсіл болашақта митингке шығуға деген құлшынысты сейілтуі мүмкін, әсіресе бұл туралы ұрып-соғу кезінде айтылған болса. Азаптау, қатыгездік немесе адамгершілікке жатпайтын болмаса ар-намысты қорлайтын әрекет физикалық, психологиялық немесе психикалық азап шегуді, атап айтқанда, адамды жазалау иә бір нәрсені жасауға мәжбүрлеу мақсатында, яғни, мысалы, оны бейбіт жиналыстарға қатысудан бас тартуға мәжбүрлеуді білдіреді.

– Қазақстаннан құқық қорғау ұйымдарына, әсіресе, қаңтар оқиғасынан кейін түскен шағым көп пе?

– Құқық қорғау ұйымдары әр түрлі және оларға түсетін шағым да әрқилы болады. Айталық, сөз бостандығы құқығы бойынша жұмыс істейтін ұйымдарға осы құқықтың бұзылуына қатысты жүгінеді. Мен өкілі болып табылатын Қазақстан ҮЕҰ азаптауға қарсы коалициясына азаптауларға қатысты шағымдардан бөлек, адамдар әділетсіз үкімдерге байланысты жиі жүгінеді, сонымен қатар адамдар адвокат табуға көмек сұрайды, процессуалдық заң бұзушылықтар туралы шағымданады. Көп жылдан бері жыл сайын азаптауға қарсы коалицияға шамамен 200-250 адамдай жүгінеді. Прокуратура өкілдерінің айтуынша, қадағалау органына жыл сайын бұдан да көп – 400-ден 600-ге дейін шағым түседі. Оның ішінде, әрі кеткенде шағымның үштен бірі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталады. Ал сол Бас прокуратураның мәліметі бойынша, тек 2 пайызы ғана сотқа жетеді. Олардың бәрі бірдей айыптау үкімімен аяқталмайды. Яғни, оларға азаптауға қатысты түсетін шағым көп, бірақ оның бірен-сараны ғана жазаланады. Әрине, негізсіз шағымдар да болады деп ойлаймын, бірақ 80% немесе 90% екеніне күмәнім бар.

– Құқық қорғау ұйымдары қазір қандай көмек көрсете алады?

– Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро Азаптауға қарсы коалицияның үйлестірушісі ретінде адвокаттарды ұсынуда, сондай-ақ азаптау құрбандарына психологиялық көмек бойынша қолдау көрсетеді. Жалпы, азаптау туралы іс бойынша жәбірленушіге адвокат тиесілі емес, яғни, оның болуы міндетті емес, өйткені бұл жағдайда азаптау құрбан жәбірленуші болып табылады және бұл жағдайда қорғауды қажет етпейді. Адвокат немесе заңгер бұл жағдайда жәбірленушінің мүддесін қорғайды. Азаптау істері - ерекше санаттағы істер, жария айыптау істері болып табылады. Олар бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту жәбірленушілердің шағым беруіне байланысты емес. Бірақ Қазақстанда азаптау құрбандарына адвокаттардың қолдауына жүгінуге кеңес береміз, өйткені арызды тіркеуге және толыққанды тергеуге өз бетімен қол жеткізу оңай емес.

АДВОКАТ МЕН МЕДИКТЕР ҚОРҚАҚ БОЛАДЫ

– Облысымызда ұсталғандардың туыстары Атырауда митингке шыққандардың құқығын қорықпай қорғайтын адвокаттарды табу өте қиын деп шағымданды. Мүмкін Қазақстанда және атап айтқанда, Атырауда азаптауға қарсы қорғаудың халықаралық стандарттары бойынша жұмыс істейтін адвокаттар бар шығар?

– Азаптаудан бостандық алу құқығы бойынша тренингтен өткен адвокаттарды табуға болады. Мұндай тренингтерді Коалиция немесе басқа ұйымдар өткізді. Мәселен, Азаптауға қарсы коалицияда, мәселен, атыраулық адвокаттардың бірі Жанар Сүндетқалиева бар. Мен Жанарды бірбеткей адвокат ретінде білемін.

– Зардап шеккендер бетпе-бет келген тағы бір мәселе – жергілікті дәрігерлердің тексеруден бас тартуы немесе тексеру қортындысына азапталғандардың денсаулығы жақсы, нормадан ауытқу жоқ деп жазуы. Бәлкім, баламасы, тәуелсіз сараптама бар шығар? Егер бар болса, одан қалай өтуге болады? Халықаралық құқық қорғау ұйымдары тәуелсіз сарапшылардың қызметтерін төлеуге көмектесе ала ма?

– Расында, ұрып-соғуды, оның үстіне, азаптауды куәландыруға келісетін емдеу мекемесін табу оңай емес. Айтпақшы, кез-келген емдеу мекемесіне, мысалы, травматологиялық пунктке бара аласыз. Ол жерде медициналық тексеруден бас тарта алмайды, оның үстіне олар сіздің сөзіңізден дене жарақатының пайда болу себебін көрсетуге міндетті. Кейін медицина қызметкерінің мұндай қорытындысын дәлел ретінде ұсынуға болады. Ол, әрине, сот-медициналық сарапшының қорытындысын алмастыра алмайды, бірақ ол дене жарақатының бар екеніне дәлел болады және сіздің полиция бөлімінде болғаныңыз бен денеңізде көгерудің, сызаттардың, жарақаттардың пайда болуының және себеп-салдары арасындағы байланысты анықтауға көмектеседі. Тәуелсіз сот-медициналық сарапшыларға келетін болсақ, өз қалаңызда олардың бар-жоғын іздеп, оларға жүгінуге тырысуыңыз керек. Сарапшы емес адамның қорытындысы маманның қорытындысы ретінде сіздің өтінішіңіз немесе адвокаттың, тергеушінің немесе прокурордың өтініші бойынша азаптау туралы іс материалдарына қоса тіркелуі мүмкін. Дене жарақаты туралы маманға белгілетуден басқа, оларды суретке түсіре аласыз және фотосуретте өлшемдерді нақтылау үшін сіріңке қорабы, шақпақ немесе қалам немесе соған ұқсас нәрселер болғаны жақсы.

Сондай-ақ психологиялық жағдайыңызды белгілеп, жазып алатын психологқа да жүгінген жөн. Азаптау құрбандары жарақаттан кейін күйзеліске ұшырауы жиі кездеседі. Басынан өткерген азаптауларға байланысты мұндай күйзелісті растау болған оқиғаның дәлелі ретінде де, моральдық зиян келтірудің қосымша себебі ретінде де қызмет етуі мүмкін.

- Погон таққандар, тіпті, жай киімдегі адамдар келіп, болған оқиға туралы жақындарына хабарлауға, адвокатты шақыруға немесе қоғамның назарын аударуға мүмкіндік бермей, азаматтарды үйден алып кеткен, көшеде ұстаған. Ұсталғандардың қандай құқықтары бар және мұндай жағдайларда өзін қалай ұстау керек?

- Кез келген ұстау, тіпті ресімделмеген болса да, нақты ұстау болып саналады. Нақты ұстап алу деп «ұстап алынған адамның бостандығын шектеу, ұстап алынған адамға қандай да бір процестік мәртебе берілуіне немесе өзге де формальды рәсімдердің орындалуына қарамастан, көрсетілген шектеулер нақты болған кезден бастап адамның бас бостандығын минутқа дейінгі дәлдікпен елеулі түрде шектейтін қандай да бір әрекеттер» түсіндіріледі. Өкінішке орай, мұндай ұсталған адамға учаскеге апарар алдында туыстарына немесе адвокатқа хабарлау немесе оның құқықтарын оқып беру құқығын беру екіталай. Бірақ жеткізілгеннен кейін, хаттама жасаған кезде ұсталушыға туыстарына хабарлау, адвокат сұрау және басқа да құқықтар берілуі керек. Қамауда ұстау мерзімі нақты ұсталған кезден бастап есептеледі. Хаттама жасалғанға дейін ұстау мерзімі 3 сағаттан аспауы керек. Бірақ тіпті жеткізудің өзі тиісті хаттамамен ресімделуі керек. Бұл ретте жеткізу қылмыстық және әкімшілік істер бойынша да жүзеге асырылуы мүмкін. Ал 3 сағаттық ереже екі жағдайда да жұмыс істейді. Алайда, егер сіз әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін тартылсаңыз, жазасы қамауға алу ретінде көзделген болса, қамауға алу іс сотта қаралғанша, бірақ бір тәуліктен аспайтын мерзімде жалғасатынын есте ұстаған жөн. Қылмыстық істер бойынша сот шешімінсіз қамауға алу ересектер үшін 48 сағаттан, кәмелетке толмағандар үшін 24 сағаттан аспайтын мерзімге мүмкін болады. Кез келген тексеруге немесе жеке заттарды тінтуге бұған негіз болғанда, мысалы, телефонды қарауға, әкімшілік құқық бұзушылық жасады деген күдік болған жағдайда ғана рұқсат етіледі және тиісті хаттамамен ресімделеді. Телефонның ішіндегіні қарау тек судьяның рұқсатымен ғана мүмкін болады, өйткені бұл Конституциямен қорғалған жеке өмірге құпиялылық құқығы. Егер сіз заңсыз қамауға алынған болсаңыз немесе жеткізілген болсаңыз, бұл әрекеттерге прокуратураға немесе сотқа жүгіну арқылы шағымдануға болады.

«ПОЙЫЗ» ЕШҚАШАН КЕТПЕЙДІ

– Қатты қысымнан, жақындарына қоқан-лоқы жасаудан, азаптаудан кейін кейбір адам өздеріне жала жапқан қағазға қол қоюға немесе мұны камерадан айтуға мәжбүр болды (мысалы, қырғыз музыкантына қатысты жағдай). Оларды мұндай әрекеттерге мәжбүр еткенін қалай дәлелдей алады?

– Мұндай жағдайларды адвокатыңызға айту керек, Бас прокуратураның арнайы прокуратурасына, мысалы, egov.kz арқылы немесе жергілікті прокуратураға хабарласып, қысыммен (және қалай екенін сипаттап) өзіңізге жала жабылғанын айтуыңыз керек. Сондай-ақ прокуратураға немесе сотқа тергеу органының заңсыз әрекеттеріне шағымдану қажет болады. Ал егер сізге азаптау әрекеттері қолданылған болса, құқық қорғау органдары қызметкерлері жасаған азаптау деректері туралы хабарламаларды тексеретін орган ретінде тағы да сол прокуратураға немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жергілікті департаментіне тиісті арызбен жүгіну қажет болады.

- Егер адамның өзі әлі шағымдануды ұйғармаса, ол үшін мұны туыстары істей ала ма?

– Иә, азаптау туралы кез-келген адам хабарлай алады. Тергеуді бастауға БАҚ-тағы хабарлама да себеп болады, өйткені ҚР ҚПК-нің 180-бабына сәйкес, мұндай хабарламалар сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау себептерінің бірі болып табылады. Қазақстанда БАҚ-қа «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға сәйкес, интернет-ресурстар да жатады.

– Азаптаудан есеңгіреп қалған адамдар бастапқыда арыз жазуға, шағымдануға батылы бармайды. Содан соң «пойыз кетіп қалды» деп ойлайды. Шағым беру үшін қандай да бір уақыт шектеулері бар ма? Ұрып-соғу ізі әлдеқашан кетіп қалса, олар азапталғанын қалай дәлелдей алады? Мүмкін арнайы сараптама бар шығар?

- Азаптау бойынша, сондай-ақ күдіктімен татуласу немесе рақымшылық жасау бойынша шектеулер, ескіру мерзімі жоқ. Олар туралы кез-келген уақытта хабарлай аласыз. Жалғыз шарт – дене жарақатының ізін немесе басқа да айғақтарды дер кезінде тіркеу керек. Бұл маңызды. Бұдан басқа, психологиялық-психиатриялық сараптама бар. Ол азаптау салдарының психологиялық әсерін растай алады. Мысалы, бұл азаптағаннан кейін жылдар өткен соң адамды мазалайтын жарақаттан кейінгі стресстік бұзылыс болуы мүмкін. Сарапшы-психолог сіздің психологиялық жай-күйіңіз бен азаптау туралы мәлімдеме арасында себепті байланыстың бар-жоғын анықтай алады.

– Жәбірленушілердің өздері де, олардың отбасы мүшелері мен куәгерлер де осал жағдайда болады. Полиция, жұмыс берушілер, кейде оқу орындарының әкімшілігі тарапынан да қысым көрсетіледі. Бұдан қорғанудың қандай да бір жолы бар ма?

– ҚР Қылмыстық-процестік кодексінде жәбірленушілер, куәлар, күдіктілер, айыпталушылар және қылмыстық процеске қатысушы басқа да тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қарастырылғанын есте ұстаған жөн (96-бап). Мұндай шараларды азаптау iсiн жүргiзушi тергеушi өз бетiнше немесе аталған адамдардың, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi мен жақын туыстарының өтiнiшi бойынша қолдана алады. Мұндай өтініштер келіп түскеннен кейін 24 сағаттан кешіктірілмей қаралуы тиіс. Қауіпсіздік шараларын алудан бас тартылса, прокуратураға немесе сотқа шағымдануға болады. Бұл қандай шаралар болуы мүмкін екені ҚР ҚПК-нің 97-бабында көрсетілген. Сондай-ақ азаптау бойынша ұжымдық арыздар мен шағымдар берілуі мүмкін.

- Митингке қатысушылардың кейбірі қауіпсіздік мақсатында Қазақстаннан кетуге мәжбүр болды. Олар шетелде жүріп, арыз бере алады ма?

– Иә, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні немесе БҰҰ-ның азаптауға қарсы конвенциясын ратификациялаған БҰҰ-ның мүшесі болып табылатын кез-келген елде азаптау дерегі туралы хабарлауға болады. Ал бұл дүние жүзіндегі елдердің басым көпшілігі, өйткені азаптау бойынша әмбебап юрисдикция ережесі қолданылады. Бұл кез-келген елдің өз аумағындағы адамның, тіпті өз азаматы болмаса да, өзге елде азапталдым деген арызын қабылдауға міндетті екенін білдіреді. Бұл жағдайда жеткілікті негіз болған жағдайда тергеу басталып, азаптауға күдіктілер осы елге келген жағдайда олар қамауға алынуы мүмкін немесе іс сотта қаралғанға дейін оларға қатысты басқа да бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкін.

- Адам азапталса, ал оны қорғауы тиіс органдардың өкілдері әрекет етпесе, арызды қайда жазу керек?

– Азаптау фактілері бойынша, мысалы, прокуратураға, полицияға немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке арыз бере аласыз. Сондай-ақ, азаптау туралы үкіметтік емес ұйымдарға хабарлауға болады, мысалы, Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясына: Қазақстан Республикасы аумағындағы құқықтық және психологиялық көмек көрсету мәселелері жөніндегі үйлестіруші – Анна Солодова, +77081120938, smirnova.ig.anna@gmail.com. Коалицияға 150 қысқа нөмірі арқылы да хабарласуға болады.

- Егер жәбірленуші қазіргі уақытта қысым көріп жатса немесе арыз жазып, кейін оны өзі қайтарып алса, не істеу керек?

- Арызды неліктен кері қайтарып алғанын баяндап, кері беруіне болады немесе өзіңізге қатысты азаптау туралы басқа жолмен, мысалы, БАҚ-тарда жариялау арқылы хабарлауға болады. Бұл жоғарыда айтқанымыздай, сотқа дейінгі тергеуді бастауға себеп болады. Сондай-ақ, жоғарыда көрсетілген байланыс деректері арқылы кеңес алу үшін Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясына жүгінуге болады. 

Зульфия ИСКАЛИЕВА

18 ақпан 2022, 15:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.