Атырау, 8 қазан 03:25
 ашықВ Атырау +21
$ 484.37
€ 531.06
₽ 5.05

Атыраудағы иіс: құсу рефлексі және одан әрі тізбек бойынша

Сурет Бейнежазба
1 841 просмотра

2021 жылдың 22 желтоқсанында (бұған дейін де, одан кейін де бірнеше рет болған) Атырауда өте жағымсыз иіс пайда болды. Бірақ сол жолы жергілікті экология белсенділері әрекет етуді ұйғарды. Жел солтүстік-батыстан соғып, бір топ белсенді осы бағытқа шығып, нысандар мен мекемелерді тексерді. Олардың назарына медициналық қалдықтар мен жануарлардың өлекселері табылған қоршалған аумақ ілікті.

«Атамекен» ЭКО» ҚБ жетекшісі Арман ХАЙРУЛЛИННІҢ айтуынша, аймақ ішінде сол жердің жұмысшысы болған. Сұрақтарға жауап бере отырып, ол мұнда түнде ғана медициналық қалдықтар жағылатынын, күн сайын бортты Газельмен жеткізілетінін айтқан.

Осы нысан аумағында жартылай қар басқан шұңқырлар қазылған. Сол жерден келген иіс лоқсытады екен. Олар ролик түсіріп алып, кейін  әлеуметтік желіде жариялады.

- Ол жерден медицина мекемелерінен шыққан қалдықтарды көрдік: кесілген дене бөліктері, күйген пробиркалар, белгісіз дәрі-дәрмектің құтылары, қан құйылған шприцтер. Бұдан басқа, ол жерде ит өлекселері жатты. Біз сол жаққа барғанда қарғалар шоғырланып отырғанын көрдік. Демек, мұның бәрі тамақ тізбегі арқылы таралады деген сөз, - дейді «Глобус» экологиялық және құқықтық бастамалар орталығы» ҚБ жетекшісі Галина ЧЕРНОВА.  – Олар сол жерден шұңқыр қазып, осы шұңқырға қауіпті медициналық қалдықтарды өртемек болған. Бұған қоса, ол жерде кәдімгі пеш бар, «буржуйка» пеші деуге болады. Онда бәрі қарабайыр түрде өртеледі. Бұл қауіпті медициналық қалдықтарды жою талаптары мен ережелеріне қайшы келеді. Нұсқауларға сәйкес, оларды муфельді пештерде 1000 градусқа дейінгі жоғары температурада жағу керек. Осыдан кейін бірінші өртеу кезінде қалатын қалдық газдарды кейін жағу керек. Бұдан басқа, ол жерден Сарыөзек аумағы өтеді. Қалдықтар төгілген бұл шұңқырлар жер асты сулы қабаттарға тиіп, су қоймаларымызды ластау қаупін тудырады.

«Намыс» ҚБ жетекшісі Таңат НҰРЫМОВ қауіпті медициналық қалдықтардан зиянды заттар, ыдыраған жануарлар өлексесінен у бөлінетінін айтты.

– Өліктің уы өте қауіпті, ерте заманнан бері биологиялық қару ретінде қолданылатыны кездейсоқ емес. Бізге нақты қауіп төндіретін мұндай ұйымның қызметіне тыйым салуды талап етеміз, - дейді Нұрымов.

Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 20 қарашадағы бұйрығына сәйкес, эпидемиялық маңызы жоғары өнімдер мемлекеттік бақылауға және қадағалауға жатады. Экологиялық кодекске сәйкес мұндай кәсіпорындарда жинақтау лимиттері, эмиссияға міндетті рұқсаттар бекітілуі тиіс, олардың өндірістік экологиялық бақылау бағдарламалары және қоршаған ортаны қорғау бойынша іс-шаралар жоспары болуы керек, - дейді Арман Хайруллин. Оның айтуынша, олар №106 жер телімінің шаруа қожалығын жүргізу үшін берілгенін анықтаған. Кейін 2019 жылы оны азаматша Д. сатып алған:

– Учаске мақсаты бойынша пайдаланылмай, экологиялық және эпидемиологиялық заңнама талаптары да бұзылған. Облыстық экономикалық тергеу департаменті қалдықтарды жою туралы келісімнің қалай жасалғанын анықтауы керек.

Атыраулық экология белсенділері ластаушыны жауапқа тартуды талап етуде. Олар Экология департаментіне тексеру жүргізуге өтініш жолдап, алғашында 2020 жылы шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге енгізілген үш жылдық мораторий бұған жол бермейді деген жауап алған. Бірақ кейін экология департаменті қоршаған орта мен адам денсаулығына қауіпті екенін ескере отырып, республикалық экологиялық реттеу және бақылау комитетіне тексеру үшін рұқсат сұраған. Рұқсат беріліп, тексеру тағайындалды. Жиналған материалдар тексерілуде, іс облыстық құқықтық статистика және арнайы есепке алу басқармасына тіркеуге жіберілді. Әңгіме «AG Dezinfection services» ЖШС туралы болып отыр.

– Қазір жиналған материалдар полиция департаментіне, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне, ветеринариялық инспекцияға, ауыл шаруашылығы басқармасына, жер инспекциясына шара алу үшін жолданды. Нәтижесі туралы кейінірек айтамыз, - деп хабарлады экология департаменті.

Айнұр САПАРОВА

Әлеуметтік желіден алынған бейнежазба

31 қаңтар 2022, 15:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.