Атырау, 8 қазан 03:24
 ашықВ Атырау +21
$ 484.37
€ 531.06
₽ 5.05

Халықтың ашу-ызасына не түрткі болды: «АЖ» беттерінен

Сурет
2 060 просмотра

Елдегі қаңтарда болған митингілер өз-өзінен туындамағаны анық. Көлікке арналған газ бағасының екі есеге көтерілуі «халықтан тым алшақ» билікке ұзақ жылдар бойы жиналып қалған жаппай наразылықтың туындауына түрткі болды. Өңірімізге қатысты оның қалай пісіп-жетілгеніне кейбір былтырғы «АЖ» жарияланымдары арқылы үңіліп көрейік. Кейбір мысалдар ұсақ-түйек көрінбесін.

ҚАҢТАР

Ж.Досмұхамбетов көшесіндегі 5 қабатты №5 үйдің тұрғындары СНИП пен бүкіл нормаларды бұзып, ғимаратқа жалғас салынып жатқан жапсырма құрылысына қарсылық білдірді. 1-қабаттағы пәтер иелерінің қасақана заңсыз жобаны жүзеге асыру үшін қала әкімдігінен қалай рұқсат алғаны түсініксіз.

 АҚПАН

4 ақпанда 5 жылға жуық жазасын өтеген қоғам белсендісі Макс БОҚАЕВ бостандыққа шықты. Ал көп ұзамай Исатай мен Махамбет алаңына барып, елдегі саяси режиммен келіспейтінін білдірді. Содан кейін ол жалғыз кісілік пикеттерді өткізген кезде маңызды мәселелерге бірнеше рет назар аудартты.

 

* * * * *

Екі жыл бұрын «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жалдамалы пәтер алған «Нұрсая» ықшамауданындағы 9 қабатты бірнеше үйдің тұрғындары қала билігі өкілдерін шақырып, тосын митингке шықты. Олар сапасыз құрылысқа наразы екенін, жылу мен жарықтың жиі өшіп, кәріз жүйесі мен лифт істен шығатынын жеткізді.

 

НАУРЫЗ

Индер ауданы Елтай ауылының тұрғындары ауылдан 10 шақырымдай жерде орналасқан Көктөбе учаскесіндегі 800 гектар ауылшаруашылық жер теліміне конкурс өткізуге қарсы болды. Аудан әкімінің орынбасары ауыл клубында өткен жиында онсыз да малдарын жайлайтын жері жоқ елтайлықтардың алаңдаушылығын түсінетінін айтып, билікке үндеу жазуды ұсынды. Ауыл тұрғындарының реакциясы: «Егер біз осылай шу көтермегенде, бұл жиналыс болмайтын ба еді? Билік осындай маңызды шешім қабылдамас бұрын неге халықпен ақылдаспайды?».

* * * * *

Атырау тұрғыны Мира Рысқалиеваның әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған облысымыздағы медицинаның жай-күйі туралы бір топ емделушілер қол қойған жазбасы облыс орталығындағы емдеу мекемелері басшылары мен қол қоюшылардың қатысуымен жалпы жиналыстың өтуіне себеп болды. Онда міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі сәйкессіздік, созылмалы науқастарға тегін дәрі-дәрмектің жетіспеуі, қымбат медициналық жабдықтардың тұрып қалуы және т.б тақырыптар қозғалды.

* * * * *

Атыраудағы «Дина» базарының саудагерлері наразылыққа шықты. Олардың айтуынша, полиция базар маңындағы жаяу жүргіншілер жолында көкөніс, жеміс-жидек, киім-кешек сататын Өзбекстаннан келген заңсыз саудагерлерге қамқор болып, керісінше жалға алу ақысы мен салық төлейтін жергілікті саудагерлердің соңына түседі екен.

 

СӘУІР

«Іргеден карьер саларда бізден неге сұрамайды?»: Тасқала ауылының 100-ден астам тұрғыны жеке компанияның ауыл маңында карьер қазу жұмыстарын жүргізуіне қарсылық білдіріп, митингке шықты. Олардың айтуларынша, карьердің шаңы қоршаған ортаға ғана емес, ауыл тұрғындарының денсаулығына да үлкен зиян келтіреді.

* * * * *

Сәуірдің 14-і күні «Гаухартас» тұрғын үй кешенінің тұрғындары өздері жасаған ойын алаңына жаңа үйді салуға қарсылық білдірді. Олар құрылыс салушыларға сауалдарын қойып, наразылық білдіру үшін аулаға жиналған, бірақ олар келмеді. Сұрақтарға қалалық әкімдік қызметкерлері жауап берді. Билік өкілдерінің айтуынша, жер жеке тұлғаға тиесілі, ал жерді қайтарып алу үшін тұрғындар сотқа шағымдануы керек.

 

МАМЫР

6 мамырда Теңізде ТШО мердігері - «ҚазСтройСервис» компаниясының жұмысшылары сәуір айындағы жалақыға көңілі толмай, ереуілге шықты. Ереуілшілер жалақыны сағатына төлеуді талап етті.

7 мамырда «ҚазСтройСервис» компаниясының бас директоры Сәбит Жанасов Теңізге келіп, жиын өткізді. Компанияның хабарлауынша, жиында көптеген түйткілді мәселелер көтерілді, соның ішінде пандемияға байланысты тоқтатылған жұмысшылар санатын көтеру процедурасын қайта жандандыру мәселесі бар. Кейін «ҚазСтройСервис» ҰГСК» АҚ жұмысшыларының кәсіподағы» ҚБ басқарма төрағасы Мәди Нарымбаев «еңбек дауы реттеліп», сағаттық төлем жүйесі бекітілгенін хабарлады. Вахталық жатақханадағы тамақтану және тұруға қатысты тілектер де қанағаттандырылды.

* * * * *

30 мамырда Құлсары қаласының маңындағы Атырау-Ақтау трассасының бойында ауыр жүк көлігінің жүргізушілері, олардың пікірінше, жолмен жүргені үшін биліктің тым жоғары алым алуды белгілеу жоспарына қарсы наразылыққа шықты. Ал жолдың сапасы өте нашар. «Біздің есептеуіміз бойынша, 1 км-ге 37 теңге шығады, мысалы, Алматыға бару үшін тек бір бағытқа 100 000 теңге төлеу керек. Ендеше бізге жұмыс істеудің мәні жоқ!». Сол жерге келген Жылыой ауданының әкімі Халел Жамалов көлік жүргізушілерінің талабын жоғары жаққа жеткізуге уәде берді.

* * * * *

Мақат ауданындағы Доссор ауылында бір топ жергілікті тұрғын үлкен аумақты алып жатқан мұнай қалдықтарын жоюмен ешкім айналыспай жатқанына наразылық білдірді. Бұл «көлшік» Доссорды екіге бөліп тұр, желді күндері оның тұзы ауылды ақ шаңға басып, тұрғындардың дұрыс тыныстауына мүмкіндік бермейді. «Көлшік» осыдан 11 жыл бұрын Доссор кен орнындағы өндірісті тоқтатқан мұнайшылардан қалған. Мақат ауданының әкімі Шәкір Кейкин қалдықты жоюға миллиард теңгеге жуық қаражат қажет екенін айтып, «мұнай компаниялары көмектессе ғана мәселе шешілетінін» айтты.

 

МАУСЫМ

16 маусымда 40 шақты әйел азық-түлік бағасының күрт өсуіне наразылық білдіріп, Атырау облыстық әкімдігі ғимаратының алдына жиналды. «Біз биліктен ең қажетті заттардың бағасын ұстап тұруды талап етеміз. Мен жалғыз басты анамын, үш балам бар, біреуі мүгедек, 90 000 тенге аламын, оның 50 000-ы дәрі-дәрмекке кетеді. Балаларымды қалай асыраймын? Біз ақша сұрап отырған жоқпыз, баспана сұрамаймыз, тым болмаса бағаны түсірсін. Бес литрлік күнбағыс майы 4200 теңге тұрады, еріктілер Рамазанда әкелгелі бері ет жеген жоқпыз», - дейді наразылық білдірушілердің бірі.

* * * * *

Индер ауданы Елтай ауылындағы жайылымдық жерге байланысты тағы да жанжал шықты. Елтайлықтар жергілікті клубқа жиналып, шенеуніктерден олардың келісімінсіз жеке қолға берілген 20 гектар жерді қайтаруды талап етті.

 

ШІЛДЕ

ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің COVID-19-ға қарсы екпе алмаған қызметкерлерді жұмысқа кіргізуге шектеу қою туралы қаулысы шыққаннан кейін кейбір кәсіпорында наразылықтар туындады. Мысалы, Прорва кен орнындағы «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-ның бірнеше қызметкері ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу түсіріп, онда мемлекет басшысының назарын еріктілік қағидатының бұзылуына аударған.

Ал 12 шілдеде «Атырау жылу желілері» АҚ-ның бірнеше ондаған қызметкері мәжбүрлі екпеге қарсы митинг өткізді. Олардың айтуларынша, басшылық екпе алмағандарды жұмысқа жібермейтінін немесе апта сайын ақылы ПТР сынама тапсыру керектігін ескерткен. Сол жерге барған «Атырау-Жарық» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Оразғали Қаршыгенов «АЖЖ» басшылығын «адамдарға жағдайды дұрыс түсіндірмегені үшін» ұрсып, «мәселені шешеміз» деп уәде берді.

 

* * * * *

27 шілдеде Атыраудағы «Дина» саудагерлері базар жұмысының уақытын кешкі сағат 19.00-ге дейін ұзартуды талап етіп митингке шықты. Бұл наразылық әкімшілік карантин шектеулерін алға тартып, барлығын сағат 15.00-ден кейін сауда орындарынан шығарып жібергеннен соң болған. «Үшке дейін ештеңе сатып үлгермейміз. Мойнымызда несиеміз бар, жалға алу ақысын да төлеуіміз керек. Маскамызды киеміз, барлық санитариялық талаптарды сақтаймыз. Ашық ауада ауру жұқтыру қаупі төмен екендігі туралы ақпарат болды ғой», - деді саудагерлер. Оларға Атырау әкімінің орынбасары Самат Емберген келді. Оның айтуынша, карантиннің күшеюі базарлардың жұмыс кестесіне қатысты емес, ал әкімшілік бәрін «дұрыс түсінбеген».

 

ТАМЫЗ

11 тамызда атыраулық қоғам белсенділері «Атырау облысының Азаматтық альянсының» мәжіліс залында брифинг өткізді. Олардың айтуынша, Мақат ауданында салынып жатқан құны 1 миллиард доллар болатын газ өңдеу зауыты Жайықтың тұщы суын өндірістік мақсатқа пайдаланбақ. Ал жұртшылық бұған үзілді-кесілді қарсы.

 * * * * *

13 тамызда Дамбы ауылдық округінің әкімдігі ғимаратының алдына Каспий теңізінде балық аулап, жергілікті кооперативтерге балық тапсырумен айналысатын 60 шақты жергілікті балықшы жиналды. Олар құрма тормен балық аулауға тыйым салынғанына наразылық білдірді. 17 тамыздан бастап олар тек вентерді қолдана алады. «Осы аптада ғана біз тормен емес, тек вентермен ғана аулауға болатынын білдік. Осы ережелерді ойлап тапқандар Каспий теңізінің қазіргі күйін көрді ме екен? Иә, біздің ата-бабамыз, тіпті ата-аналарымыз да вентер пайдаланған. Бірақ бұған тереңдік қажет, ал Каспий теңізінің терең бөлігі біз балық аулайтын жерден 50 шақырымдай жерде орналасқан. Ал енді не істейміз, немен өмір сүреміз?» - дейді жиналғандар наразы болып.

 * * * * *

31 тамызда бір топ ата-ана қалалық білім беру бөлімі ғимаратының жанына жиналып, пандемия кезінде мектепте балаларды дәстүрлі оқыту форматына қарсы шықты. Олар өз наразылықтарын «АЖ» тілшісіне былай деп түсіндірді: «Біріншіден, балалар сабаққа автобуспен, таксимен немесе жаяу барады, сол кезде жолда ауру жұқтыруы мүмкін. Екіншіден, мектепке басқа отбасының балалары инфекция әкелуі мүмкін. Үшіншіден, білім саласы қызметкерлерінің арасында өздеріне екпе төлқұжатын сатып алғандар да болуы мүмкін. Біздің облыс «қызыл» аймақта, емханалар онлайн режимде жұмыс істейді, ал балаларды, неліктен екені белгісіз, оффлайн жіберуді ұйғарған. Былтыр ауруды жұқтырғандар аз болды, бірақ балалар үйде оқыды. Биыл ауру жұқтырғандар көбеюде, ал балаларды мектепке жіберіп жатыр – логика қайда? Сол жерге шыққан қалалық білім беру бөлімінің басшысы Фаруза Шангереева ата-аналарға дәстүрлі форматқа оралу туралы шешімді ҚР бас санитар дәрігерінің қаулысы негізінде Білім министрлігі қабылдағанын, демек, ешқандай «өзіндік әрекеттер» болуы мүмкін емесін жеткізді. Сонымен қатар, ол мектептерде барлық сақтық шаралары қарастырылғанын және қызметкерлердің «басым бөлігі» вакцина алғанына сендірді.

 

ҚЫРКҮЙЕК

Құрма торларды пайдалануға тыйым салынғандықтан, Атырау облысының балықшылары теңізге шығудан бас тартып отыр. Өңірде қара балық түрлерін аулау лимиті дұрыс игерілмей жатыр. 

ҚАЗАН

Облыстық әкімдік ғимаратының алдына жиналған жиырма шақты шаруа мемлекеттік субсидия берілмей, су арналары кеуіп жатқанын, жем-шөбі дайындалмаған малдың алдағы қыстан шығуы екіталай екенін айтты. Наразылар облыс әкімімен кездесуді талап етті. Оларға бүгін оларды қабылдай алмайтынын, себебі оның қазір министрлермен және ҚР Президенті әкімшілігінің өкілдерімен бірге «Алтын Орданың» 750 жылдығына арналған конференцияға қатысып жатқанын түсіндірді. Сол кезде наразылық білдірушілердің бірі президент әкімшілігі басшысының орынбасары Дәурен Абаевқа: «Дәурен Әскербекұлы, сіз сияқты біз де қазір Атыраудамыз. Бірақ сіз қазір облыс әкімімен бірге тойлап жатырсыздар, ал мұнда шаруалар екі аптадан бері әкіммен кездесе алмай жүр. Қазір қасыңызда әкім болса, оған біздің «ыстық» сәлемімізді жеткізіңіз» деген видео үндеу түсірді. 

ЖЕЛТОҚСАН

10 желтоқсанда Халықаралық адам құқықтары күні белсенді Макс Боқаев Исатай мен Махамбет алаңында қазақстандық саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, бір кісілік пикет өткізді. «Өкінішке орай, біз демократия, сөз бостандығы, адам құқығы нормаларының бұзылып жатқанына куәміз. Өз пікірін айтқаны үшін немесе Facebook-те ойын білдіргені үшін қудаланып, түрмеге жабылғандар да бар. Өзім де саяси тұтқындардың бірі болдым. “Тірек” альянсы өкілі, құқыққорғаушы Бақытжан Төреғожинаның есебінше, Қазақстанда 50-ге жуық адамды саяси астармен қудаланып жатыр. Мен саяси тұтқындардың босатылуын талап етемін», - деді М.Боқаев.

 * * * * *

«CaspianContractors Trust» жұмысшылары үш айлық жалақы қарызын төлеуді талап етіп, наразылық акциясына шықты.

«Қазір үйге ақшасыз қайтудың өзі ұят. Несиені өтейтін ақша жоқ, соттан қоңырау шалып жатыр», - деді жиналғандардың бірі.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

27 қаңтар 2022, 15:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.