Атырау, 10 қазан 01:28
 ашықВ Атырау +14
$ 489.06
€ 536.21
₽ 5.05

№2 облыстық аурухана дәрігерлері модульдік аурухана ғимаратына көшуге қарсы

2 693 просмотра

№2 Атырау облыстық ауруханасының (Нурсая ықшам ауданындағы жұқпалы аурулар ауруханасы) дәрігерлері өздерін модульдік аурухана ғимаратына көшіруге қарсы, ал олардың ғимараты онкология диспансеріне берілді. Олар облыс әкімі мен прокурорына, сондай-ақ денсаулық сақтау министріне хат жолдады.

«Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы балалар мен ересектерге, соның ішінде жүкті әйелдерге мамандандырылған қызмет көрсететін медициналық мекеме ретінде ұзақ жылдар бойы Авангард ықшам ауданындағы ескі балабақшаның типтік емес ғимаратында жұмыс істеді. 10 жыл күткен соң, 2016 жылы Нұрсая ықшам ауданындағы Мельцер боксымен (жұқпалы науқастарды емдеуге арналған орынжайлардың арнайы кешені - Ф.А.) жабдықталған қазіргі типтік ғимаратқа көштік.

Қызылша эпидемиясы тараған 2018-2019 жылдары 1000-ға жуық пациент ауруханада емделді, - деп жазады дәрігерлер. - Бұдан басқа, бұл жерде ішек инфекциясы, ЖРВИ, менингококкты инфекция, гепатит және басқа аурулармен ауыратын науқастарға көмек көрсетіледі, сонымен қатар балалар мен ересектердің, оның ішінде жүкті әйелдердің пневмониясын емдейді. 2017 жылы аурухана көпбейінді болып өзгертілді, терапиялық және хирургиялық бөлімдер ашылды. 2019 жылы COVID-19 пандемиясы басталған кезде, аурухана инфекция жұқтырған пациенттерді емдеуге толықтай бейімделді.

Осы жылдың наурыз айында пандемияға байланысты модульдік аурухана іске қосылды. Қазіргі уақытта 2 аурухана, атап айтқанда модульдік аурухана мен Нурсаядағы аурухана коронавирус инфекциясымен ауыратын науқастарға көмек көрсетуде. Осыған байланысты басқа инфекциямен ауыратын балалар облыстық балалар ауруханасында, офтальмологиялық ауруханада, ал ересектер облыстық ауруханада емделуде».

Хат авторларының пікірінше, модульдік аурухана жеке жұқпалы аурулар ауруханасы ретінде жұмыс істей алмайды. Өйткені орынжай асхана, дезинфекция камерасы, кір жуатын бөлме, зертхана бөлімдері және шаруашылық бөлімдерімен жабдықталмаған. Оның үстіне, қазіргі пандемия жағдайында балалар мен жүкті әйелдерді бір ауруханада емдеуге болмайды, өйткені ол жерде таза аймақта балалар реанимациясы қарастырылмаған.

«Біз бұл асығыс шешім қабылданбауы керек деп ойлаймыз. Оның үстіне, КВИ пандемиясы әлі аяқталған жоқ, эпидемиологиялық жағдай толық тұрақталған жоқ. Басқа аудандарда модульдік ауруханадан бөлек өзге инфекцияларды емдеуге арналған ауруханалар жұмыс істейді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылары, егер модульдік ауруханада орын жеткіліксіз болса, онкология және туберкулезге қарсы диспансерлердің қазіргі ғимараттарын науқас балалар мен ересекте үшін «жалға алып», болашақта бізді Махамбет ауданындағы бұрынғы туберкулез ауруханасының ғимаратына көшіруі мүмкін екенін жасырмай отыр. Сонда облыс орталығына жұқпалы аурулар ауруханасы қажет емес пе?» - дейді дәрігерлер.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан БАЙДУӘЛИЕВТІҢ айтуынша, бұл мәселе әзірге шешілген жоқ, сондықтан қандай да бір тұжырым жасауға әлі ерте.

№2 облыстық аурухана дәрігерлерінің жолдаған хатына облыс әкімінен, прокурорынан және денсаулық сақтау министрінен жауап әлі келген жоқ.

Фархат АБИЛОВ

1 қазан 2021, 14:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.