Атырау, 10 қазан 05:17
 ашықВ Атырау +14
$ 489.06
€ 536.21
₽ 5.05

Бекіре фермасы жоқ, бірақ бюджеттің 110 миллион теңгесі «игерілді»

Сурет Бейнежазба
1 941 просмотра

«АЖ» Атырау билігінің бюджеттен қомақты ақша салынса да, ақыры жүзеге аспай қалған жобалары туралы бірнеше рет жазды. Фармацевтикалық зауыт, күн электр станциялары, бизон мен лаванда өсіруге арналған фермалар және тағы басқалар... Бұлардың қатарында Қазақстандағы бірінші тауарлық-бекіре фермасының бірегей жобасының тағдыры да бар. 13 жыл әуре-сарсаңнан соң және 110 миллион теңге жұмсалғаннан кейін, билік «мақсатқа сай емес» деген тұжырыммен жобаны жабуға шешім қабылдады.

Әділғали КЕМЕЛБАЙ

«АЖ» бұл хикая туралы 2009 жылы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) пайда болған кезде жазған еді. Оның мақсаты - мемлекеттік және жеке секторларды шоғырландыру арқылы бизнес-жобаларды іске асыру болды. «Каспий балық» қазақ бекіре компаниясы» ЖШС-нің құрылуы «Каспий» ӘКК-нің алғашқы қарлығашы болды (кейін «Атырау» ӘКК деп аталды). Бекіре тұқымдас балықтарды жасанды су қоймаларында тауарлы балық пен тағамдық уылдырық алу үшін арнайы ғылыми әдіс бойынша өсіру жоспарланды. Бұл жобаның авторы - белгілі ихтиолог-балық өсіруші, Еркінқала бекіре өсіру балық өсіру зауытының бірінші директоры Әділғали КЕМЕЛБАЙ.

Жоба бойынша қуаттылығы жылына 85 тонна бекіре мен 1500 кг қара уылдырық шығаратын ферма құрылысы 2010 жылы аяқталуы тиіс болатын. Содан кейін осындай 20 тауарлық-техникалық ферма ашу жоспарланды.

2007 жылы Кемелбай бекіре балығын аралас әдіспен (бассейн мен тоғандарда) өсіру жобасының биологиялық-техникалық негіздемесін жасады. Ресей мен Еуропадағы бекіре балығын өсіретін шаруашылықтармен және ғылыми орталықтармен бірге жобалық-сметалық құжаттар әзірленді, жем-шөп қоры дайындалды, бекіре тұқымдас шабақтардың будандастырылған түрлерін алу туралы келісімдер жасалды.

Әділғали Кемелбай өзінің ғылыми жұмысына авторлық құқықты тіркеп, ҚР Әділет министрлігі Зияткерлік меншік комитетінің куәлігін (патентін) алды. Оның еңбегін жүзеге асыру үшін көп қаражат пен сенімді серіктес қажет болды. Сол кезде ихтиолог Атырау облыстық әкімдігінің жолдамасы бойынша «Каспий» ӘКК-не жобаға қаражат бөлу туралы өтінішпен жүгінді, ол бастапқы күйде 107 млн теңгеге бағаланды.

Хатима КЕМЕЛБАЕВА

2008 жылы «Каспий» ӘКК директорлар кеңесінің мақұлдауынан кейін Кемелбайдың жобасы мемлекет тарапынан қолдау тапты. Оны қаржыландыру туралы шешім қабылданып, басқарушы компания «Каспий балық» қазақ бекіре компаниясы» ЖШС құрылды. ЖШС құрылтайшылары «Каспий» ӘКК мен жеке кәсіпкер Хатима КЕМЕЛБАЕВА (Әділғали Кемелбайдың әйелі) болды.

Жобаның авторы Әділғали Кемелбай ЖШС директоры болып тағайындалды. Әрі қарай, «Каспий» ӘКК ұсынысымен жоба құны 450 миллион теңгеге дейін көбейтілді. Ресейлік «Гидорыбпром» әзірлеген ТЭН бойынша тағамдық уылдырық алу үшін қосымша мүмкіндіктер қарастырылды.

Ал әрі қарай жаңа қуаттардың іске қосылуын ескере отырып, салынған қаражат көлемін шамамен 1,1 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланды.

Келісімге сәйкес Кемелбаевтар Еркінқала ауылында, Жайық жағасында бекіре өсіретін зауыттың жанында 6,8 гектар жер телімімен үлеске кірді, ал ӘКК бекіре фермасының құрылысына мемлекеттік бюджет есебінен 110 миллион 500 мың теңге инвестициялады. Осылайша, ЖШС жарғылық капиталындағы ӘКК қатысу үлесі 85% (110 млн 500 мың теңге), ал Хатима Кемелбаеваның үлесі 15% (19 млн 500 мың теңге) болды.

 

ЖОБА ЖЕТІЛГЕН КЕЗДЕ

Бюджетке миллиондаған қаражат құйылғаннан кейін «Каспий Балық» компаниясының төңірегінде рейдерлік басып алуды еске салатын қозғалыс басталды. 2009 жылы ЖШС директоры мен жобаның авторы Әділғали Кемелбайды күтпеген жерден қызметінен босатып, содан кейін «Каспий» ӘКК өз адамын директор етіп тағайындайды.

Сол кезде Кемелбаевтарда «Каспий» ӘКК-нің кейбір тұлғалары жобаның құны миллиард теңгеге дейін көтеріліп жатқанын көріп, бұл майлы шелпектен ауыз тиюді ұйғарды деген күдік туындаған еді. Компания бас директорының күтпеген жерден ауысуы, құрылтай шартын қайта қарауға тырысу және жалдамалы БАҚ арқылы құрылтайшыға жаппай қысым көрсету осының дәлелі екеніне Кемелбаевтар сенімді.

Есет КЕМЕЛБАЕВ

ЖШС қадағалау кеңесінің мүшесі әрі құрылтайшының ұлы Есет КЕМЕЛБАЕВТЫҢ пікірінше, ӘКК оларды компанияның ортақ құрылтайшысы ретінде ауыстырып, олардың орнына жобаға салынған мемлекеттік қаражатты «игеруге» кедергі жасамайтын өз адамдарын қойған.

- Ұлттық компанияның шенеуніктері тауарлық бекіре фермасын құруға бастамашы болғандарды шеттетіп, осы жобаға бөлінген жүздеген миллион теңге мемлекеттік қаржыны толық бақылауға алды. Бұл рейдерлік емес пе? - деді Есет Кемелбаев сол кезде.

2009 жылы ЖШС қатысушыларының жалпы жиналысында ӘКК үлесін 450 миллион теңгеге дейін, ал Хатима Кемелбаеваның үлесін 57 миллион 664 мыңға дейін көбейту арқылы жарғылық капиталды 507 миллион 664 мың теңгеге жеткізу туралы шешім қабылданды. Алайда ЖШС жарғысына екі жақтың да үлесін көбейту туралы бұл өзгерістер енгізілмеді. 

ҚҰРЫЛТАЙШЫНЫ ШЕТТЕТУ

2018 жылы «Атырау» ӘКК («Каспий» ӘКК мирасқоры) «Каспий Балық» ЖШС-нің өзін-өзі тарату процесін біржақты бастады. ЖШС мүлкін, оның ішінде бекіре өсіруге арналған бассейндерді сату туралы шешім қабылданды. 2020 жылы Еркінқала ауылында тауарлық-бекіре фермасын салуға арналған ауданы 6,8 га жер телімі екі рет саттыққа шығарылды. Бірақ ақыры сатылым жасалмады.

Осы уақыт ішінде Кемелбаевтар жергілікті биліктен араласып, ЖШС-ні тарату процесін тоқтату, жобаны жандандыру және жаңа инвесторларды табуға көмектесуді сұраумен болды.

- Менің ӘКК-ге бірнеше рет жазған өтініштерім нәтиже бермеді. ӘКК қайта құрылғаннан кейін оның жаңа басшыларымен де ешқандай келісімге келу мүмкін болмады, - дейді Есет Кемелбаев.- Айта кету керек, бұл жобаға 110 миллионнан астам бюджет қаражаты салынған. Кезінде оны «Самұрық Қазына» ҰӘҚ» АҚ Директорлар кеңесі мақұлдаған. Өкінішке орай, «Атырау» ӘКК ЖШС-ні таратудан басқа жол таппай отыр. Айта кету керек, тарату туралы мәселе бұрынғы ӘКК топ-менеджерлерінің бастамасы болды, олардың кейбірі кейін сотталды немесе жұмыстан шығарылды.

2021 жылы 12 тамызда құрылтайшылар жиналысы өтті, онда құрылтайшы Хатима Кемелбаеваны тарату комиссиясының отырыстарына қатысудан шеттету мәселесі шешілді (оның үлесі 15%). Бұл жоба отбасының абыройы деп есептеген Есет Кемелбаев шенеуніктер тауарлық-бекіре фермасының жобасын «логикалық» нүктесіне жеткізді - анасын құрылтайшылықтан алып тастап, тып-тыныш қана күйреген компанияны жаба салуды қалап отыр, деп санайды.

Жиналыста ол «Атырау» ӘКК өкілдерінен: «Сіздер заңды құрылтайшыны қандай заңның негізінде шеттетпексіздер?» - деп сұрады. Ол бұл сұраққа жауап алмады. Бұл мәселені талқылау құрылтайшылардың келесі жиналысына қалдырылды.

 

ӘКІМДІКТЕГІ «ҚЫЗУ» КЕЗДЕСУ

Әкесінің жобасын қорғаған Есет Кемелбаев осы жылдар бойы әкімдіктен бастап астаналық министрліктерге дейін бүкіл инстанцияның табалдырығын тоздырды.

Жақында Атырау облысының әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВТІҢ қабылдауында болып, одан қаржылық қолдау сұрады, бірақ нәтиже болмады.

- Егер жобаны жандандырса, менде инвестор табуға мүмкіндік болады. Бізде барлық құжат дайын, жеріміз бар. Облыс әкімі мені өзінің орынбасары Ержан ӘБІЛХАНОВҚА жолдап, мәселені шешуді тапсырды. Алайда Әбілханов күтпеген жерден «Атырау» ӘКК басқармасының қазіргі төрағасы Нұрлыбек АЛТЫНБЕКОВТЫҢ ұстанымын қолдап, бұл жоба экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп үзілді-кесілді мәлімдеді, - дейді Есет Кемелбаев.

Қайрат НҰРЛЫБАЕВ (оң жақта)

19 тамызда облыс әкімінің орынбасары Қайрат НҰРЛЫБАЕВТЫҢ кабинетінде жанжалдасушы құрылтайшылар кездtсуі өтті. Хатима Кемелбаева ӘКК өкіліне сұрақ қойды: «Жобаға 100 миллионнан астам бюджет теңгесі жұмсалды. Егер ЖШС таратылса, бұл ақшаға сұраныс бола ма?». Оған егер компания таратылатын болса, онда жұмсалған қаражат мәселесі жабылатынын айтты.

- 2015 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет барлық құжатты тексерді, бірақ ұрлық фактілерін таппады. Ақша мен жер ЖШС меншігі болып саналады және бұл үшін атқарушы директор мен құрылтайшылар жауап береді. Мүлікті электронды сауда-саттық арқылы сату туралы шешім қабылданды. Жер 80 млн 173 мың теңгеге бағаланды, бірақ оны сату мүмкін болмады, сол кезде учаске 2 үлеске бөлінді - ӘКК-ге 5,78 га, Кемелбаеваға 1,02 га тиді, - деп мәлімдеді ӘКК өкілі осы кездесуде. Есет Кемелбаев бұл туралы ештеңе білмейтінін айтты:

- Неге өтірік айтасыз? Жер учаскесі бөлінген жоқ!

Облыс әкімінің орынбасары Нұрлыбаев тараптарды тыңдай отырып, қазір ӘКК арқылы бірде-бір ауыл шаруашылығы немесе балық шаруашылығы жобасы бюджеттен қаржыландырылмайтынын, сондықтан әкімдік қаражат бөлуге уәде бере алмайтынын айтты.

Кемелбаевтар әлі де инвесторлардан үміттенеді, бірақ мұнда да оларға әкімдіктің көмегі керек:

- ӘКК-ге, облыс әкімінің орынбасары ретінде, «Атырау» ӘКК директорлар кеңесінің мүшесі ретінде ықпал ете аласыз ба? ӘКК мен «Атамекен», балық шаруашылығы басқармасы қолдау көрсетіп, инвестор табуға көмектессе?- деп ұсыныс жасады Кемелбаев. - Иә, жоба тарихында келеңсіз сәттер бар. Бірақ жер телімі, құжаттары бар, таратуды тоқтата тұрсын. Бұл көп жылғы адам еңбегі, оны неге құртады, қайта жандандырайық. Бізге олардың үлесін сатып алу үшін тетік және таратуды тоқтату үшін қолдау қажет. Мен инвесторлар іздеймін.

- Шамалы ойланайық, инвестор іздеңіз, ӘКК құжаттарды беруге уәде беріп отыр, - деп қорытындылады Нұрлыбаев. Ал Кемелбаев инвесторды ӘКК үлесін сатып алуға және жобаны жалғастыруға ынталандыру үшін әкімдіктің қолдауы қажет екенін тағы да айтты. Әкімнің орынбасары бүкіл жағдайды зерттегеннен кейін әкімдік бұл нұсқаны қарастыратынын айтты. Осымен тараптар тарасты.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

20 қыркүйек 2021, 17:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.