Атырау, 18 мамыр 19:38
 бұлттыВ Атырау +12
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

«Әуелі вакцина алу керек»

2 053 просмотра

Біз 3-ші (немесе 4-ші ме?) толқыннан аман қалдық, көп адам ауырып тұрды. Біреулер жақындары мен достарынан айырылды, бірақ вирус әлі де бір қадам озық тұр. Қараша айында адамзаттың жаңа – ковид болмысымен өмір сүріп жатқанына екі жыл болады. Ал біз, бұрынғыша не нәрсеге дайын болу керектігімізді, қызуымыз кенеттен көтеріліп, буынымыз сырқыраса, қалай әрекет ету керектігін білмейміз. Жаңа SARS-CoV-2 штаммын бұрынғысынан қалай ажыратуға болады. Екпе алып, бірақ ауырып шыққандар не істеу керек, қайта ектіретін уақыт болды ма? «АЖ» осы өзекті тақырып туралы вирусолог ғалым, ғылым докторы, medsupport.kz қазақстандық дәрігерлер мен ғалымдар қоғамдастығының волонтері Әсел МҰСАБЕКОВАМЕН сөйлескен еді.

- Бұл толқындағы ауру ағымы қандай? Бұрынғылармен ұқсастығы мен айырмашылығы туралы айтып беріңізші.

- Бұрын, мысалы, иіс сезбеу мен жөтел қатар келгенде ковид деп сенімді түрде айта алатын болса, SARS-CoV-2 дельта-штаммында аурудың басталуында тұмаурату мен қызудың көтерілуі сияқты белгілер басым. Мұны қарапайым ЖРВИ-мен шатастыруға болады. Бірақ «дельтада» ауру тез асқынады. Бұрын алғашқы 7 күнді күтіп, динамиканы бақылайтын болсақ, ол бойынша ауруханаға жатқызу және қосымша оттегі қажет пе, жоқ па, түсінуге болатын. Ал қазір жағдай тез қарқын алуы мүмкін, сондықтан ауруханаға жатқызу туралы шешім тез арада қабылдануы керек.

- Түрлі штаммдар бір уақытта таралуы мүмкін бе? Мүмкін болса, қазір қайсысы Қазақстанда анықталып отыр?

- Иә, мүмкін. Бірақ қазір барлық жерде «дельта» басым. Өйткені бұл өте жұқпалы және пайыздық көрсеткіш бойынша басқа нұсқалардан асып түседі.

- SARS-CoV-2 жұқпалылығының жоғары деңгейі, аурудың ауыр ағымы мен өлім-жітімнің көбеюі туралы пессимистік болжамдар іс жүзінде расталды ма?

- Шынында да, дельта нұсқасы тез жұғатындығымен ерекшеленеді. Назарбаев Университеті ғалымдарының зерттеуі бойынша, өткен жазда біздің ауруханаларда әдеттегіден 11 есе көп адам қайтыс болған. Ал дельта адам ағзасында басқа ковид штаммдарына қарағанда 1000 есе жылдам көбейеді, бұл ауруханаға екі есе жиі жатқызуға әкеледі. Тиісінше, көп өлім-жітім болады деп болжаймыз. Өлім-жітімнің көбеюін тек вакцинация тоқтатады.

- Ағзаның антиденелер түзуі қауіпсіздікті қамтамасыз ете ме? Олар емделгеннен кейін қашан пайда болады – аптада ма, ай ішінде ме?

- IgG антиденелері немесе иммундық жады инфекция жұқтырғаннан 2-3 аптадан кейін немесе вакцинациядан кейін, әлдебір антигенмен бетпе-бет келгеннен кейін түзіле бастайды. Біз осының бәрін талдап жатырмыз. Бірақ анализдегі мынадай цифр қайта инфекция жұқтырудан қорғайды деген кепілдік жоқ.

- Адам сауығып кеткен соң қанша уақыттан кейін өзінің енді ауырмайтынына сенімді бола алады? Әлде, керісінше, ағзаның вирусқа қарсы күресі салдарынан оның иммунитеті төмендей ме?

- Сауыққаннан кейін ауырған адамдардың көбіне қалпына келу үшін біраз уақыт қажет болады. Бұл әсіресе тәуекел тобындағы адамдарға, ауыр науқастанған, өкпе фиброзы түрінде қалдық әсері бар және т.б. жандарға қатысты. Сауығып кеткендердің иммунитеті бірнеше ай бойы қайта ауру жұқтырудан жақсы қорғайды. 3-6 айдан кейін оған антиденелердің көбеюін қамтамасыз ету үшін бір дозамен екпе алуға болады.

 

БІРДЕ-БІР ВАКЦИНА 100 ПАЙЫЗ КЕПІЛДІК БЕРМЕЙДІ

- Қайталап егуге қатысты сұрақтар көп. Егер вакцинадан кейін антиденелер аз болса немесе мүлде болмаса не істеу керек?

- Қазір вакциналауды жақтаушылар тарапынан (КазВак, Пфайзер, Астразенека және т.б. вакциналармен) қайта вакциналау жоспары және түрлі вакциналардың тиімді комбинациясы туралы көп айтылуда. Айтайын дегенім, бүгінде Астразенеканың 1 (бір) дозасы мен Пфайзердің 1 дозасының комбинациясы (бұл қайта ектіру емес) туралы кейбір деректер және Пфайзердің 3-дозасын қайта ектіру туралы азғана дерек бар. Әзірге қайта ектіру қажеттігі туралы консенсус жоқ. Біз соған қарамастан: 1) оның қажеттілігі, тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы деректерге және 2) вакцинаның теңсіздігі / бастапқы вакцинацияға сенімсіздік мәселесіне сүйенуіміз керек. Өлім-жітім мен медицина жүйесіне түсетін ауыртпалықты азайту үшін қазір Қазақстан үшін толық курспен, яғни екі дозамен вакциналау маңызды. Бұрын екпе алмағандарға вакцина алу қажет (ауырмағандар үшін 2 доза немесе сауыққандарға кемінде 1 доза). Әрине қарсы көрсеткіштер болмаған жағдайда. Екі доза вакцина алғандарда инфекция жұқтыру қаупі (Қазақстан бойынша деректер) 9 есеге төмендейді. Тек осылай ғана осынау сұмдық өлім-жітім мен ауруды азайтуға көмектесуге болады.

- Адам вакцина алды, жарты жылдан кейін ауырып қалды, пневмониямен орташа ауырлықта ауырды. Ол не істеу керек? 3 айдан кейін қайтадан екі дозамен вакцина ектіруі керек пе?

- Иә, вакцина алып, ауырып қалған жағдайлар бар. Бірақ бұл қалыпты жағдай, өйткені ешбір вакцина вирустардан 100% қорғауға кепілдік бермейді. Ал дельта нұсқасында инфекцияның таралу ықтималдығы жоғары. Бірақ: вакцина алғаннан кейін адамдар, әдетте, ковидпен жеңіл немесе орташа деңгейде ауырады. Айтқым келгені - сізде оттегі жетіспеушілігі болмаса, бұл ауыр түрі емес. Өйткені адамдар тұмау белгілерімен үйлерінде жатып, ауыр түрімен ауырып жатырмын деп ойлайды. Шындығында, сізге оттегі қажет болмаса, сіз ауруды жеңіл өткересіз. Үшінші дозаны салудың қажеті жоқ.

- Екпе алған және екпе алмағандардың ауруы/өлімі бойынша салыстырмалы статистика бар ма?

- Бар. Жақында Денсаулық сақтау министрі Facebook-те жариялады. Оның шынайылығына келетін болсақ, ол жағын айтпаймын, қарау керек, өйткені бізде статистика бойынша проблемалар бар. Халықаралық алаңда түрлі сандарды көрдім – екпе алғандар 50 есе де, 27 есе де аз ауырады, яғни бұл елге байланысты. Қалай болғанда да, 95% жағдайда ауыр зардабы мен өлім-жітімнен вакциналау арқылы қорғануға болатындай цифрлар көрсетілген.

АНГАРЛАРДЫҢ ПАЙДАСЫ ТУРАЛЫ

- Израилда қазір өте жоғары деңгейде вакциналау жүргізіліп жатқаны байқалады. Жақында 9 миллион тұрғынға шаққанда тәулігіне 6-7 мың өсім туралы деректер жарияланды. Неліктен деп ойлайсыз және бұл деректер дұрыс па?

- Израиль бойынша бұл цифрларға қатысты белгілі бір ойындар бар. Вакцина алғандардың да ауыруы мүмкін екені түсінікті. Кейбір адамдардың ағзасында ерекшеліктер болады, ол вакцинаға иммундық жауап бермеуі де мүмкін. Елестетіп көріңізші, сізде халықтың 100%-ы вакцина алған, бірақ ауру жұқтыру бар. Себебі жаңа штамм пайда болды және ол өте жұқпалы. Әрине ауырғандардың бәрі вакцина алғандар деген пікір рас болады. Бірақ біз күнделікті өсімге емес, өлім-жітім мен ауруханаға жатқызу санына қарауымыз керек. Бізді осы сандар қызықтырады. Ал Израилда бұл сан адамдары екпе алмаған елдерге қарағанда әлдеқайда төмен.

- Қазіргі толқын баяулап жатыр, дәлірек айтқанда, кезекті мәресіне қарай қозғалуда. Бірақ ол үдеген кезде де адамдарды белсенді түрде вакциналауға көндірді. Мұның вирус шабуылы үдеген кезде мәнісі бар ма? Мысалы, тұмауға қарсы вакцинаны маусым басталмай тұрып егеді ғой.

- Егер адамдар бірінші дозадан бір апта бұрын және үш аптадан кейін жеткілікті түрде оқшауланса, мәнісі бар; егер емханада «фильтрлер» жұмыс жасаса - яғни науқастарға және екпе алуға келгендерге бөлек кіреберіс болса; егер баршаға белгілі қауіпсіздік шараларын сақтаса. Яғни адам вакциналау кезінде ауырып қалу қаупін түсініп, егер мұның бәрі көпшілікте болмаса, қашықтық сақталатын қалыпты кезек арқылы жасалса, өзінен талап етілетін нәрсенің бәрін жасайды. Түрлі ел мұны әр түрлі ұйымдастырады. Еуропада бұл көрме үшін орнатылатын үлкен ангарларда жасалады. Бұл төбелері биік үлкен орынжайлар, онда адамдар ағыны үшін таза ауа мен қашықтықты қамтамасыз етуге болады. Біздің жағдайда да: егер адам масканы дұрыс тағып, қашықтықты сақтаса, қолын зарарсыздандырып, алғашқы үш аптадан кейін және бір апта бұрын ешкімді құшақтамаса сол сауда және ойын-сауық орталықтарында да бұл мүмкін. Бірақ бұл адамның өзінің жауапкершілігіне байланысты. Әйтпесе, адам екпе алып, қайтадан ауырып қалған болып шығады. Содан кейін ол екінші дозаны алу керек пе, оны қашан алу керектігін білмейді, яғни бірден көп проблема пайда болады. Бұл эпидемия кезінде екпе алуға болмайды деп санайтын вакциналауға қарсы жандардың негізгі уәждерінің бірі. Жоқ, екпе алуға болады және ол қажет. Мысалы, қызылша белең алған эпидемия кезінде біз оған қарсы екпе аламыз, бірақ бұл дұрыс жасалуы керек. Тұмауға келетін болсақ, вакциналау маусым басталғанға дейін және маусым кезінде, қазан мен қарашада жүргізіледі.

- Вирустың едәуір жасарғанын ескерсек, мектептер мен университеттерде офлайн оқу басталған кезде пандемия сценарийі қалай дамиды?

- Сценарий түрліше дамуы мүмкін. Біздің қазақстандық мәлімет бойынша, балалардың 65%-ы вирусты отбасында жұқтырған. Мектептер жабылған кезде бізде сауда және ойын-сауық орталығы, дамытатын үйірмелер, тіпті бассейндер ашық болды. Адамдар той-қонақтықтан қалмады. Мынадай қағидат бар - мектептер бірінші болып ашылып, соңғы боп жабылуы керек. Яғни мектеп онлайн режиміне жабылғанда, бұл оларға дейін сауда орталықтары, мейрамханалар, дүкендер, даму орталықтары жабылуы керек деген сөз. Өкінішке орай, біздің елде бұлай болған жоқ және болмайды. Жалпы алғанда, бұл әлеуметтік терең мәселе, бұл өзің үшін және басқалар үшін жауапкершілік мәселесі, сондықтан біз бұл туралы көбірек айтуымыз керек.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

10 қыркүйек 2021, 15:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.