Атырау, 19 мамыр 06:55
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +19
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Нұраш аға немерелері үшін мал бағып отыр

Сурет
2 602 просмотра

Облыс бойынша мал қыстату науқанына 573 740 тонна ірі сабақты мал азығы және 81,6 мың тонна құрама жем қажет. Бұл қажеттілікті дайындау барысы облыста қалай жүріп жатыр – «АЖ» материалында.

Өткен жылдан 22055 тонна қалдық шөпті алып тастағанда, жалпы облысқа қажеттісі 551685 тонна. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы 4 шілдедегі ақпар бойынша 248,5 мың тонна мал азығы дайын тұр. Мал азығын дайындау науқанына 703 трактор, 202 автокөлік, 389 шөп шабу агрегаты жұмылдырылды. Ақпар бойынша бәрі қатып тұрғанымен, Индер мен Махамбет ауданы малшыларының көңілі толмай отыр.

«АЖ» поштасына бірнеше адам қоңырау шалып, мал азығы бағасының шектен тыс  қымбаттығына шағымданды.

- Өткен жылы бір орам шөпті 4,5-5 мың теңгеге сатып алғанбыз, ал биыл 10000 теңге болыпты. Оны қалай аламыз, ойлана келе қорадағы малымды сатамын деп шештім, басқа амалым жоқ, - дейді телефон шалушы мұңая. - Неге жергілікті билік бағаны түсіруге жұмыстанбайды? «Жеке кәсіпкерге дым жасай алмаймыз, өз еріктері» дегенді айтады. Сөйлесіп, келісуге болмай ма, шөп дайындаушылар да біз сияқты шаруаның адамы емес пе?

Ауласында төрт сиыр бұзауымен, оншақты қойы бар индерлік Нұраш ағамен тілдескенбіз:

- Бір орам шөпті 8,5 мың теңгеден Батыс Қазақстан облысынан әкеліп жатыр, күзге қарай қымбаттауы мүмкін, ал қыс пен көктемде сұрамайтын бағасы жоқ. Бізде бағаны реттеу жайына қалды. Мәселен, мен 50 орам шөп сатып алуым қажет. Күзде бір сиырымды соғымға сойып аламын, қалғанын қыстан шығаруым керек. Сонда тек шөп алуға 450 мың теңге жұмсаймын, бұдан бөлек көбірек жем алуым керек. Өйткені ол шөп көктемге шейін дым болмайды. Мал азығына деп жылына екі сиырды сатып, ақшасын түйіп отырмын. Сонда жылына бір малымды соғымға сойғанның өзінде, бір сиыр бұзауларымен қалады екен. Ал бақташыға қоссаң, бір сиырға 10 мың теңгеден алады. Ұтатыным шамалы. Мен немерелерімді табиғи сүт, етпен қамту үшін қиын да болса осы тірліктен ажырамай отырмын, - деп бөлісті  Нұраш аға.

Ауылда малсыз отырғандар да бар, мұндай жанкештілікке екінің бірі бара бермейді. Мынадай күлдей шығынмен отырғанша деп, кейбіреулер ет пен сүтті дүкеннен сатып алуды жөн санайды.

Облыстық әкімдік бұл тығырықтан шығу үшін Батыс Қазақстан облысы әкімдігімен меморандумға қол қойып, 10 мың гектар шабындық жер алуға келісімге келген. Бұған Индер, Махамбет аудандарынан пішеншілер барады деп күтілуде.  

- Соңғы жылдардағы қуаңшылықтың салдарынан кейбір аудандарда шабындық жер азайып кетті. Мәселен, Индер 60, Махамбет 40, ал Жылыой ауданы 50 пайыз мал азығын өздерінің аумақтарынан алса, қалған бөлігін сырттан сатып немесе дайындап алуға мәжбүр. Басқа аудандар да мал азығымен өздерін толық қамти алмай отыр; Мақат көршілес Қызылқоға, Исатай ауданынының басым бөлігі Құрманғазы ауданынан келген шөпті сатып алуда, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің бастығы Аманжол ҚАБДЕШЕВ. - Жалпы облыста мал азығының 65-70 пайызы өз аймақтарынан дайындалса, қалған бөлігін сырттан сатып немесе дайындап алуда. Ал құрама жем мәселесімен айналысатын операторлар көліктерін дайындап, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан келісімді бағаға сатып алуға жұмыстануда.

- Биыл мал азығын дайындаушы тауар өндірушілерге субсидия беру жайы шешіледі ме?

- Биылғы жылы мал азығын дайындауға субсидия ретінде жергілікті бюджеттен 400 млн теңге бөлініп отыр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті  түсірген автор

12 тамыз 2021, 17:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.