Атырау облысының экология департаменті Атырау мұнай өңдеу зауытына 60 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды.
Естеріңізге салсақ, 1 қарашада атыраулық экологтар зауыттың мұнай өнімдері мен биошламдары бар ағынды суларды тазартылған ағынды сулар каналына ағызып жатқанын тіркеді. Экология департаменті жүргізген зерттеу нәтижесінде ластаушы заттар шығарындыларының, атап айтқанда, сульфаттың 2,5 есеге, аммоний азотының 5 есеге, жалпы темірдің 1,5 есеге, мұнай өнімдерінің 6 есеге, қалқыма заттардың 628 есеге нормативтен асып кеткені анықталды. Қоршаған ортаға келтірілген залал 14 миллион теңгеге бағаланды.
Сол кезде АМӨЗ-дің алты қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қоршаған ортаны қорғау бөлімінің бастығы қызметінен босатылды, еңбек және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі басқарушы директорға, мұнайды қайта өңдеу және күкіртсіздендіру процесін басқарушы директорға, зауыт басқармасының бас технологына, қоршаған ортаны қорғау бөлімінің жетекші инженері мен инженеріне сыйақыдан айыра отырып, сөгіс жарияланды.
Қазір зауытқа ҚР ӘҚБтК-нің 328-бабы бойынша айыппұл салынды («Қоршаған ортаға эмиссия нормативтерін асыру»), деп атап өтті экология департаменті.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА