Атырау, 11 қазан 17:27
 ашықВ Атырау +7
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Атырау тергеу абақтысында болған бүліктен бір жыл өткен соң

4 540 просмотра

Бір жыл бұрын Атырау қаласындағы УГ 157/1 (тергеу изоляторы) мекемесінде бүлік шығып, ол жерде қарапайым тұрмыс жағдайы жоқ екені анықталды. Осы уақыт ішінде түрмеде не өзгерді?

Естеріңізге салсақ, тұтқындар арасында 2 маусымда кешкі тексеруден кейін наразылық бұрқ етті. Ресми нұсқаға сәйкес, ауыр және аса ауыр қылмыстары үшін сотталған бес адам (олар этапты күтіп жүрген) қалған сотталушыларды тәртіпке бағынбауға және тәртіпсіздік жасауға азғыра бастаған. Сөйтіп тәртіпсіздік орын алды.

Қамауда тергеуге алынғандардың туыстары изоляторда болып жатқан жағдайдан дереу құлағдар болып, сол жерге келіп, басшылықпен және жақын адамдарымен кездесуді талап етті. Сол жерге баспасөз өкілдерін де шақырды, сондықтан шуды басып тастау мүмкін болмады.

Дереу ұйымдастырылған онлайн-брифингте астаналық Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) өкілдері мен прокуратура тексеру барысында қамауға алынғандарды азаптау мен ұрып-соғу фактілерінің расталмағанын айтты.

Ең бастысы басқа нәрсе - тергеу изоляторында қарапайым тұрмыс жағдайы болмаған. Бұл туралы қоғамдық бақылау комиссиясының (ҚБК) төрағасы Асылтек ИСПУСИНОВ мәлімдеді. Камера іші ыстық, қапырық, жәндіктер мен тышқан бар, желдеткіш, дұрыс сумен қамту жүйесі және білікті медициналық көмек жоқ.

- Менің иттерімнің жағдайы жақсы бұдан! - деді Испусинов ұзақ жыл бойы қордаланған мәселелерді шешуге жоғары басшылықты шақырып. Олар өз кезегінде қаржының аз бөлінетінін және 1971 жылы салынған ескі түрме ғимаратының тозығы жеткеніне сілтеген еді.

Сол оқиғаға бір жыл толар қарсаңда «АЖ» ҚАЖК пен облыстық прокуратураға сауал жолдады. Осы ведомстволармен хат алмасу барысында, атап айтқанда, изолятордағы оқиғадан кейін УГ 157/1 басшысы Б.Жанекешовтің «жол берілген заң бұзушылықтарға байланысты» қызметінен босатылғаны анықталды.

«Бұдан басқа, 2020 жылдың 26 шілдесінде күрделі жөндеуге қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары жыл аяғына дейін аяқталып, барлық кемшілік жойылды», - делінген Атырау облысы прокуратурасының жауабында.

ҚАЖК мәліметі бойынша, республикалық бюджеттен күрделі жөндеуге 40 миллион теңге бөлініп, ол «Еңбек-Батыс» РМК филиалының күшімен жүргізілген. Неліктен қылмыстық-атқару жүйесінің жауапты тұлғалары ақша «тауып», тергеу изоляторын азды-көпті адам кейпіне келтіре алмаған? Бұл сұраққа астаналық ведомство жауап бермеуді жөн көрді.

ҚБК төрағасы А.Испусинов тұтқындарды ұстау жағдайы шынымен де біршама жақсарғанын растады.

- Бұл шағымның бәрі бұрын да түсіп жүрген. Жөндеуге әлсін-әлі 5-6 миллионнан ақша да бөлініп отырған, бірақ ол ақшаға не істей аласыз? Тіпті 40 миллионның өзі жеткіліксіз, бұл жерге кем дегенде 150 миллион қажет. Тергеу изоляторына аяқтай барып, бәрін өз көзіңізбен көргеніңіз абзал, - деді ол.

Тәртіп бұзушылар ҚР Қылмыстық кодексінің 428-бабы ("Қылмыстық-атқару мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбау») бойынша жауапқа тартылды. Қазіргі уақытта іс сотта қаралып жатыр.

Лев ГУЗИКОВ

4 маусым 2021, 13:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.