Атырау, 21 желтоқсан 03:41
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

"56 жасқа келген мені «Арнаулы автобаза» бірден жұмысқа алды"

Сурет Бейнежазба
3 914 просмотра

Жел ұшыра ма, әлде тазалық мәдениетінен жұрдай адамдардың ісі ме, Атыраудың көшелері қоқысқа толы. «АЖ» осыған қатысты «Арнаулы автобаза» ЖШС директоры Алмас ИЗТЕЛЕУОВКЕ бірнеше сұрақ қойды.

Бірақ оның кабинетінде сұхбат алмас бұрын қатардағы бірнеше қызметкермен, атап айтқанда, жұмысшы Әлібек ДОСМАҒАМБЕТОВПЕН сөйлестім. 56 жастағы Әлібек аға жергілікті Атырау тұрғыны екен. Ол «Арнаулы автобаза» ЖШС-ға былтыр желтоқсанда жұмысқа тұрғанша, көптен жұмыс таба алмай жүрген:

- Мен мына жасымда тіпті күзетші болып та жұмысқа орналаса алмай жүріп, хабарландыру арқылы «Арнаулы автобазаға» келдім. Бірден жұмысқа алды. Жалақым тұрақты, айына 115-120 мың теңге аламын. Сонымен қазір отбасылық несиемізді жауып отырмын. Күніне төрт рет "КаМАЗ" көлігіне қоқыс тиейміз. Техника болмай қалғанда қағаз жинаймыз, бордюрді қырып, тазалаймыз. Бірақ, күнде емес, арасында.

КАРАНТИН АУЫР ТИДІ

...«Арнаулы автобаза» басшысы Алмас Изтелеуов қалада қоқыс толып кету фактілерін жоққа шығармайды. Айтуынша, жұмысшылардың жетіспеушілігі себебінен қоқысты жинап үлгермейді екен.

- Бұған карантин шектеулері әсер етті ме?

- Иә, былтыр наурызда біздің резидент емес жұмысшыларды елдеріне шығарып салдық. Пандемия жарты жылда немесе бір жылда бітетін болар, адамдар қайтып келеді деп ойладық қой. Өкінішке орай, олай болмады, пандемияның үшінші толқыны жүріп жатыр. Шекара жабылған соң жергілікті тұрғындар арасынан жұмысшылар іздей бастадық. Пандемия алдында бізде жұмыс жасағандардың 30 пайызы жергілікті де, қалған 70 пайызы Өзбекстан азаматы болды. Ал қазір тең деуге болады. Бірақ жұмысшылар жетіспей жатыр. Сондықтан жақында Өзбекстанның 70 азаматы үшін чартерлік әуе рейсін ұйымдастырдық. Олар бізде бірнеше жылдан бері жұмыс істейді және жұмыстарын жақсы біледі.

- Жолдарына өзіңіз төлеп жатырсыз ба?

- Иә, билет құнының бір бөлігін жалақысынан қайтаруға келіскенбіз. Қалғандары біздің есебімізден.

- Биыл Атыраудың тазалық жұмыстарына бюджеттен қанша қаражат бөлінді?

- Біздің мойнымызда қала іргесіндегі жеті ауылдық округтің және қаланың санитариялық тазалығы бар. Сол жұмыстарға биыл екі келісімшартпен 1 млрд 400 млн теңге бөлінді.

 

ТҮРЛІ КОНТЕЙНЕРЛЕР КӨП КЕРЕК

- Былтыр қоқыс полигоны кешенінің бастығы Олег Янушко маған берген сұхбатында қала әкімдігіне қоқысты сұрыптауға бағытталған жоба ұсынғанын айтты. Еске салып өтейік, ол қатты тұрмыстық қалдықтарды жинайтын алаңдарда тамақ қалдықтарына арналған, азық-түлікке жатпайтын қалдықтарға арналған және үйінде қалдықтарды сұрыптауға ерінетіндерге арналған үш бөлек контейнер орнату туралы еді. Бұл жоба жүзеге асты ма? 

- Қоқысты бөліп жинау жобасы ойымызда баяғыдан бар. Біз қоқыс полигонына әкелінген қоқыстың тек 30 пайызын ғана сұрыптаймыз. Себебі, сұрыптуға түскен баклажка қағаз араласып, лас болып келеді. Шикізаттың сапасын жоғалтып жатырмыз. Тағы бір мәселе, тұрғындар көбіне қаланың шетінде, кейде ортасында ірі құрылыс қалдықтарын тастап кетеді. Оларды жинау - біздің міндетіміз емес. Бірақ, біз тазалықпен айналысқан соң, көлікке тиейміз. Ал, жалпы қала тұрғындары құрылыс қалдықтарын бізге қоқыс полигонына өздері әкеліп, төгу керек. Тегін төктіреміз.

Қазір байқасаңыз, қаланың бірнеше жеріне пластик ыдыстарды тастауға арналған бөтелкеге ұқсаған торлы ыдыстарды орнаттық. Жаз келе жатыр, тұрғындар пластик бөтелкедегі сусындарды көп ішеді. Соларды жерге немесе урнаға салмай, сонда салса, біз жақсы шикізат алар едік.

- Яғни, жоба әлі жүзеге асқан жоқ.

- Иә, ол үшін бөлек контейнелерлер алынуы керек. Бөліп жинауға халықты үйретуге жалғыз біз емес, қала әкімдігі де араласуы қажет. Қоқысты бөліп жинауға арналған контейнерлерді қалада жаңадан ашылып жатқан ықшамауданға орнатқан дұрыс деп ойлаймын. Себебі, бұрыннан бар ықшамаудандарға қағаз, баклажкаларға арналған контейнерлерді қойып едік, нәтиже болмады.  

- Қоқыс төгу алаңдарында 4-5 контейнерлерден тұр. Неге сол контейнерлерді түрлі түске бояп, сыртына қағаз, пластик, әйнек және тамақ қалдықтары деп жазбасқа? Әлде әрқайсысын бөлек тиеп әкететін техника жетіспей ме?

- Қазір бізде қалада 4500 қоқыс контейнері бар. Бірақ, олар ауылдық округтарда жетіспейді. Әр контейнердің 5 жыл пайдалану мерзімі бар.  Біз биыл әкімдіктен 3000 контейнер сұрағанбыз. 2000 данасы мақұлданды. Тұрғын үйлердің ауласында тұрған контейнерлер қоқысқа тез толып кетіп жатыр. Егер саны одан да көп болса, мысалы, 8-10-ға дейін барса, тез толмас па еді. Жалпы, менің ұсынысым, жаңа нысан салынып жатқанда, алдын ала қанша адам тұратынына байланысты қанша қоқыс контейнер орнату қажет екенін бізден сұраса деймін.

- Қоқыс алаңын рекультивациялау қашан басталады?

- Бұл әкімдікке қойылатын сұрақ. Қолданыста жалғыз қоқыс полигоны бар. Рекультивациялау үшін оны да уақытша жабу керек. Сондықтан жаңа полигондар керек. Оларды салу жобасы бар екенін білемін, бірақ қашан жүзеге асатыны белгісіз. Ал мұны тез арада жасау керек, өйткені ескі қоқыс орны 1977 жылдан бері жұмысын атқарып келе жатыр, ол өз ресурсын тауысып бітті.

 

«ҚОҚЫСТЫ СУМЕН ӨШІРУ ЗИЯН»

- Күн жылып, жаз шыққан кезде жыл сайын өрт шығып, қаланы түтін басады. Бұл мәселені қалай шешіп жатырсыздар?

- Мұндай өрт жиі болмайды. Мәселен, 2019 жылы бірде-бір өрт болған жоқ. Ал 2020 жылы екі рет болды. Сол кезде өз күшімізбен топырақпен көміп, өшірдік. Өрт сөндіру көлігі тау боп үйілген қоқысқа міне алмайды. Оның үстіне, су құйып өшіруден пайда жоқ, тіпті, зиян: ол оттегінің бөлінуіне алып келеді де, қоқыс астындағы газдың жануына себепші болады. 

Дегенмен, ол жерге тұтанған кезде өрт әрі қарай тарап кетпес үшін кезекшілікпен суаратын көліктерді қойып отырмыз. Сосын былтыр өзіміз газ шығару тұрбасын қондырдық.

- Сіздер қоршаған ортаға эмиссия төлейсіздер ме?  

- Төлейміз. 5 жылға көму, жинау бойынша қоқысты өңдеуге рұқсат құжаттарын алдық.  

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

27 сәуір 2021, 13:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.