Атырау, 16 сәуір 07:08
 ашықВ Атырау +17
$ 430.26
€ 515.32
₽ 5.61

Атырау облысының бас имамы: «Садақада ұзақ сөйлеу шариғатта жоқ»

2 881 просмотра

Елімізде садақаға арналған ас мәзірінің бекітілгеніне жылға жуық уақыт өтсе де ережеге бағынып, 7 түрлі тағаммен садақа өткізген тұрғынды өзім кездестірмедім. Садақаға арналған ас мәзірін мұнайлы астананың тұрғындары қалай қабылдады және өзге де сұрақтар жөнінде Атырау облысының бас имамы Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ әңгімелеп берді.


- Садақадағы ас мәзірін тұрғындар бірауыздан қолдап, әлеуметтік желіде жарыса таратқанымен іс жүзінде жасай қоймаған секілді.

- Әрине, көш жүре бара түзелетіні секілді бірден көше кету оңай емес. Дегенмен ысырапсыз садақаларға куә болған наиб имамдар бар. Тұрғындар мешітке келіп, сіздерде ас мәзірі шығып еді, соны берсеңіздер деп сұрап келгендер де баршылық. Мешіт жамағаты, ақсақалдар арқылы түсінік жұмыстары жалғасып келеді. Садақаға қарын тойдыру үшін емес, дұға оқу үшін барады. Ол жерде шелпек, нан, қаймақ, қант, су, шәй және бір ыссы тамақ болса жеткілікті.

- Егер садақа дастарханында ысырапшылық болып жатса, имамдар ысырап етілген жерден кетіп қалмай ма?

- Жоқ олай ете алмаймыз. Өйткені бәрі бірден болмайды ғой. Мейрамханалар садақа үшін біз айтқан ас мәзірін ұсынса деген үндеу айтқымыз келеді. Одан бөлек қалада енді салынатын мешіттердің жанынан асхана салуды жобаға кіргізіп қойдық. Мешіттің асханасы имамдар жалақысын шешуге, мешіттің шығындарын жабуға көмектессе, екіншіден тұрғындар сол жерде садақа беріп, ас мәзірін үлгіге алына мүмкіндік беріледі. Енді 2 мың орындық мешіт салу жоспарда бар. Демеушілерден мешіт жанынан асхана мен имам үйін салуды талап етіп отырмыз.

- Жақында марқұмның күзетін жасамау ұсынысы айтылды. Бұл мүмкін бе?

- Расында қазіргі кезде марқұмның күзетіне барған адамдар дүниенің әңгімесін айтып, тамақ ішіп, өзі қайғырып отырған үйге ауыртпалық түсіріп жүргенін көріп жүрміз. Қазалы үй өмірден өткен бауырын ойлап қайғырумен емес, қонақтардың жағдайын ойлаумен өткізеді. Күзет деген керісінше сол үйдің қайғысына ортақ болып, туыстары жиналып жетіспейтінін толтырып, күнделікті жеп жүрген тамағын ішіп, ертеңгі күнгі жаназасына дайындалатын күн. Осы сипат бүгінде жоғалып кетті. Барлығы мейрамханада той секілді асаба жалдап өткізіп жатады. Бұл дұрыс емес.

«ЖАНАЗАДА МИТИНГ ЖАСАП, САДАҚАДА ҰЗАҚ СӨЙЛЕУДІҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ»

- Лауазымды қызметте істеген адамдар дүниеден өткенде митингі ұйымдастырылып, соңғы сапарында бірнеше адам сөз сөйлеп жатады. Бұл қаншалықты орынды және имамдар тарапынан алдын ала ескерту жасала ма?

- Иә, митингі жасап, бірнеше адам сөз сөйлеп, бірінің айтқанын бірі қайталап жатқанын көріп жүрміз. Басшы ма, басқа ма, бәрі Алланың алдында бірдей екенін ұмытпау керек. Көп әңгіме марқұмға еш пайда бермейді. Бір адам сөйлеп, қандай адам өмірден өтіп жатқанын, онын жақсылығын айтып, садақасы осындай күндері беріледі деп хабарландыру айтса жеткілікті.

- Садақада тост сөйлеп кететіндер туралы не айтасыз?

- Садақада сөз беру, біріншіден, шариғатқа томпақ келеді, екіншіден, өзге адамның уақытын алады. Негізі ең жақын адам сөйлеп, өмірден өткен адамнан үлгі алатын ғибратты әңгімесін айтып берсе рұқсат. Осы жеткілікті.

- Өлім болған үйдің отбасына имамдар Құран хатым ету абзал екенін айтып жатады. Ал, Құран хатым ету еңбегі біздің өңірде (бір қойдың бағасы) 40 мың теңгеге бағалануда. Жалпы Құран шығарудың бекітілген сомасы бар ма?

- Өлген адамға бір пайдалы сауап іс - ол Құран хатым ету және соңынан жасаған дұға. Құранды хатым ету дегеніміз -  Құран кітабын толық оқып шығу. Оны бірнеше молда бірігіп оқыса болады немесе бір молда бір айда хатым етуі мүмкін.

Бірақ оның бағасы осынша тұрады деген дұрыс емес. Құран хатым етуді әркім өзі бағалап беріп жатса, садақа есебінде алса болады. Ал ақша төлеуді талап ету қате. Тіпті Құран хатым еткізген адам имамға ештеңе бермесе де күнә емес.

«ҚАЙЫРШЫЛАР КЕЛУШІЛЕРГЕ КЕДЕРГІ КЕЛТІРЕДІ»

Жұма күні мешіт ауласының алды саудагерлер мен қайыршыларға толып кетеді. Тұрғындар мұны құлшылық жасауға келген адамға кедергі келтіріп, ыңғайсыздық тудырады деп жатады. Оларға шектеу жасала ма?

- Қайыр сұраушылар қай өңірде де бар. Кейбір облыстар оларды тексеріп, арасынан жеңіл ақша тапқысы келетін дені сау адамдарды да кездестірді. Олардың бәріне сеніп қалуға болмайды. Қайыр сұрайтындарға мешіт тарапынан бірнеше рет ескерту жасалды, жетіскеннен тұрған жоқпыз деп қарсыласып жатады. Олар мәдени түрде қайыр сұрамайды, адамның артынан қуып жармасқан соң амалсыз ұялғаннан беріп жататындар болады. Осыны жою үшін мешіттің жанындағы қайырымдылық орталығына солардың тізімін енгізіп қойдық. Қазір сол қайыршыларға бірнеше ондаған адамнан қабылдап, тұрғындар әкеліп тастаған киім кешек, азық түліктерді тізіммен тегін үйлестіріп, есік алдына тұрмауды өтінеміз.

Қайыршыға керегі киім мен азық-түлік. Оған көнбесе полиция арқылы шешуді қарастырамыз.

- Былтыр имамдар форумында ғұламалар кеңесі зират-зиярат мәдениеті жөнінде құжаттар қабылдады. Құжаттың мақсаты қандай.

- Бұл құжатта зиратқа барғанда дөрекі сөйлемеу, қалжын айтпау, қабірді сипаламау, өлген адамнан сұрамау жөнінде айтылады.

Содан кейін құлпытас қалай болу керек, құлпытасқа сурет қоймау, Құран аяттары аяқ асты қалмас үшін құлпытасқа аяттарды жазбау керектігі айтылған. Құлпытаста өмірден өткен адамның аты жөні, әкесінің аты және туған күні мен қайтқан күні жазылса жеткілікті. Мысалы, бейітті көтергенде оны зәулім сарай етіп көтермей, кіндіктен жоғары, мал кіріп кетпейтіндей етіп қоршаса жеткілікті. Ал, зәулім сарайға жұмасалатын қаржыны әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға садақа беріп, қайырымдылыққа жұмсаса, өлген адамға сол пайдалы болмақ.  

- Жаназа, жерлеу рәсімдерінде тағы қандай жиі кездесетін қателіктер бар?

- Көп жағдайда қайтқан адамның сүйегі жаназаға дейін үйінде сақталғандықтан, астына топырақ төсейді. Ол топырақты адамдар қабірге бірге көмуге алып барып жатады. Қабірді қазған жердің топырағымен көму қажет. Сырттан топырақ әкеліп көму қате. Үйден әкелген топырақты кез келген жерге көмуге немесе аяқ баспайтын жерге тастаса болады.

Сол секілді көп садақада дастарханға шанышқы, пышақ қойса өлім шақырады деп оны қоймайды. Бұл шариғатта да, дәстүрде де жоқ. Тамақ жеуге қойылған құрал болғандықтан оны қойса да, қоймаса да күнә емес.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

7 сәуір, 17:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.