Атырау, 5 қазан 01:45
 ашықВ Атырау +17
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Билікке жеткен наз

2 634 просмотра

Таяу арада Алмагүл ықшам ауданының 16 қатарлы сегіз үйінде жұмыс жасаматын жеделсатылардың орнына жаңалары орнатылатын болады. Жеделсатылар партиясы Атырауға келгені туралы Атырау облысы әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМЕТОВТІҢ қаланы аралаған кезінде белгілі болды.

Мәселе төркініне көз жүгіртейік. Алмагүл ықшам ауданы (16 тоғыз қатарлы және 8 он алты қатарлы үйлер) 2005-2007 жылдары салынған. Тапсырыс беруші - облыстық әкімдік. Әр 16 қатарлық үйге бюджеттің 600 миллион теңге қаражаты кеткен. Алайда алмагүлдіктердің үйлерінде басынан бастап-ақ жылу беру, үйлердің қанағаттанарлықсыз жылу оқшаулағыштығы, ыстық судың берілмеуі, жеделсатылардың жасамауы сияқты коммуналдық мәселелер туындаған.

Көп қатарлы үйлер тұрғындарының көптеген шағымдары Астанаға дейін жетті. Осы мәселе өткен жылғы көктемде Атырауда өткен «Нұр Отан» партиясының жемқорлыққа қарсы кеңесі отырысында көрсетілген бейнероликтің сюжетіне айналды («АЖ» №14 5.04.2012 күнгі «Партиядағы дүрбелең» мақаласын қараңыз). Онда қазір сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша айыпталып отырған, сол кездегі облыс әкімінің бірінші орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ алмагүлдіктерге терможаңғырту бағдарламасы аясында өз есептерінен жөндеу жүргізуді ұсынған болатын.

Бір жеделсатыны қайта жасауға 9 млн теңге кетеді, ал әр 16 қатарлы үйде үш кіреберіс бар. Тағылыққа жол бермес үшін жеделсатылар ақылы кәртішкелік жүйемен жабдықталады. Тұрғындар жеделсатыны қолданғаны үшін алдағы 7 жыл бойы ақы төлейтін болады.

Алмагүлге жеделсатылармен бірге қосымша бейнекамералар орнатылмақшы:

-№18 және №19 үйлер арасында бейнебақылау камералары бар. Сол сияқты №17 және 18-үйлердің ортасына шұғыл түрде тек түнгі бақылау ғана емес, күндізгі жұмыс режимді камералар орнатуды сұраймын, - деді облыс әкімі аралау кезінде. – Бұл маңызды мәселе, өйткені құқық қорғау органдарының деректері бойынша, осы халық тығыз орналасқан ықшам ауданда қылмыс та көп. 

Камералар алуға қаражат бөлінді. Әкімнің айтуынша, осы тұрғын үй массивіне қосымша көше шамдарын орнату керек.

Облыс басшысы осы игіліктердің барлығын  алмагүлдіктерге қаңтар айының соңына дейін жеткізуге сөз берді.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген Жеңіс ТҰҢҒАТАРОВ

24 қаңтар 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.