Атырау, 23 қараша 08:01
 ашықВ Атырау +5
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Партиядағы дүрбелең

2 077 просмотра

Облыстық әкімдікте «Нұр Отан» ХДП жанындағы республикалық Жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен және сенатор Оралбай ӘБДІКӘРІМОВТІҢ төрағалық етуімен көшпелі отырыстың өтетіндігі туралы таяуда ғана белгілі болған еді. 

ОЛАР НЕДЕН ҚОРЫҚТЫ?

Қолымдағы әкімдікке үнемі кіруге рұқсат беретін құжатыма сенген мен жұма күні еш алаңсыз облыстық әкімдікке келгенмін, бірақ, күзетшілер ішке өткізбей, кіруге рұқсат берілген БАҚ тізімін көрсетті. Тізімде тек мемлекеттік жергілікті басылымдар мен облыстық телевидение ғана. Тізімге ілінбегендер қатарында аты шулы «Хабар» (!), «Астана» телеканалдары және 31канал да бар. Қысқасы, біздің еншімізге тигені «Нұр Отан» ХДП жанындағы республикалық Жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің Сараптау комиссиясының жетекшісі Нұрлан ӘБДІРОВТІҢ қолы қойылған 14 беттік анықтама ғана. Онда ешқандай да ел шулататындай құпиялар әшкереленген жоқ (осыдан 2 жыл бұрынғы қалалық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бұрынғы бастығы Ақбөбек БАЯЗИТОВАҒА қатысты кейбір фактілер ғана), ал, анықтамада көрсетілгеннің бәрі де біздің газетімізде жарияланды. Шамасы, облысымыздағы билік басындағылар билеуші партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүшелерінің «тосын сыйларынан» қауіптеніп, отырысқа барынша танымал БАҚ-ның журналистерін қатыстырмай сақтанғанға ұқсайды. 

Дегенмен, тек 2011 жылдың өзінде облыста 88 сыбайлас жемқорлық қылмыс тіркелген екен. Оның - 4-уі ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қатысты болса, қылмыстық атқару жүйесі комитеті бойынша – 1, ТЖМ – 17, әкімдерге қатысты -9, сот әкімшілендіру комитеті қызметкерлері тарапынан – 1, ауыл шаруашылық министрлігі – 15, еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі – 2, ғылым және білім беру министрлігі -1, көлік және коммуникация министрлігі – 1, денсаулық сақтау министрлігі – 11, әкімдік қызметкерлеріне қатысты – 26. 

 

ҚЫМБАТҚА ТҮСКЕН «ЖАЙЫҚБАЛЫҚ»

Әкімдіктің бастамасымен құрылған – «ЖайықБалық» КМК-на келетін болсақ, оның жарғылық капиталын арттыру үшін 3,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді деп хабарланды. Соған қарамастан КМК бүгінгі күнге дейін мемлекеттік монополия субъектісі мәртебесін алған жоқ, өндірістік қызметті жүзеге асырмайды – 200 млн теңге негізгі қаржыны ол алдыңғы меншік иесіне («Атыраубалық») жалға берді. Бас прокуратураға «ЖайықБалық» КМК жүзу құралдары мен құрал-жабдықтарды жеткі-зуші-дайындаушының бағасынан жоғары 1 млрд теңгеге сатып алу фактілері бойынша материалдар қосымша жолданды.

Бұдан басқа, Бас прокуратураға сот актілерін орындау жөніндегі облыстық департаменттің құны 3,1 млн теңге болатын 37,8 келі қара уылдырықты 18 келі деп, құнын 1,4 млн теңгеге төмендетіп заңсыз қайта жазу және «МұнайҚұрылысСервис» ЖШС жалған ұсынылған ақпараттар бойынша құрал-жабдықтарды мемлекеттік сатып алу байқауының жеңімпазы етіп тану фактілері бойынша материалдар да жолданды. 

– «ЖайықБалық» КМК бойынша. Өкінішке қарай, барлық  қажетті құрал-жабдықтар Қазақстанда шығарылмайды, сондықтан да  біз ресейлік компанияларға хабарластық,- деп түсіндіріп кетті облыс әкімінің орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ өз жауабында.  – Олардың құны көтеріліп жазылған жоқ, оны тексеру қиын емес. Егер қажетті қаржы бөлінбейтін болса, онда кәсіпорынды қалай іске қосуға болады? Олардың барлығы бір-бірімен байланысты – егер тоңазытқыш құралдары немесе жүзу құралдары жоқ болса, зауыт жұмысы тоқтайды.

 

ПАРТИЯ АЙТСА – ЛИФТІЛЕР ЖҰМЫС ЖАСАЙ МА?

Кеңесте Индердегі жұмыссыз тұрған су тазарту қондырғылары мен Алмагүл мөлтек ауданындағы үйлердегі тапсырылған күннен бастап жұмыс істемейтін лифтілер туралы бейнероликтер көрсетілді. Партия мүшелері мемлекет қаржысына салынған тұрғын үйді беру барысында кезектің бұзылуы және жергілікті кәсіпкер Владимир РОЗМЕТОВТІҢ қираған жылыжайына қатысты мәселелерді көтерді.

Дәукенов былай деп жауап берді:

- Индер су тазалау қондырғысы  мембранды технология бойынша тұрғызылған. Бүгінгі күні біз тұндырғыны іске қосу үшін қажетті деген қаржыны бөлдік. Оның құрылысы 2 айдан соң аяқталады. Жобаның құны бірнеше рет қымбаттады деген пікірмен келісе алмаймын. Бұл қымбаттау емес, қосымша жұмыстардың шығынының көбеюінен.

Облыс әкімінің орынбасары лифтілерге қатысты былай деп мәлімдеді, үй тапсырылған кезде олардың барлығы да жұмыс жасап тұрды. Оны кейін тұрғындардың өздері істен шығарған.

Оралбай Әбдікәрімов қарапайым адамдар үшін қаншама инвестициялық жобалар, зауыттар, өндіріс орындарының іске қосылып жатқандығының бәрібір екендігін мәлімдеді:

– Оларға бастысы – таза ауыз суға қол жеткізу, тегін үйге ие болу. Партиямыз сол үшін еңбек етуде.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА,

суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

4 сәуір 2012, 18:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.