Өзбекстанда интернетте және телекоммуникация желілері арқылы президентке "тіл тигізіп", "өсек-аяң таратқандарды" қылмыстық жауапкершілікке тартатын түзетулер қабылданды. Мұндай шешім президент сайлауына жарты жыл қалған кезде және үкімет сыншыларына қысым артқан шақта қабылданып отыр, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Өзбекстан әділет министрлігі 31 наурызда норманың бірден күшіне енетінін хабарлады. Оған жақында президент Шавкат Мирзияев қол қойған.
Жаңа түзетулерге сәйкес, "тәртіпсіздік пен күш қолдануға жария түрде арандату" әрекетіне де қылмыстық жауапкершілік қарастырылған: 5-10 жыл аралығында түрме жазасы берілуі мүмкін.
Мирзияевтің бірінші президенттік мерзімі 2021 жылы аяқталады. Ол алдағы президент сайлауына қатысады деп айтылады. Мирзияев Орталық Азиядағы халқы ең көп мемлекетті авторитар басшы Ислам Каримов қазасынан кейін басқарып келеді.
Мирзияев саяси тұтқындарға бостандық беріп, көрші және өзге мемлекеттермен қарым-қатынасты нығайтқан реформатор ретінде көрінуге тырысады, бірақ көптеген белсенділер реформалардың үстірт болғанын айтады.
Ол елдегі оппозициялық топтарға қарсы еместігін мәлімдеген, алайда шынайы оппозициялық партиялар іс жүзінде 1991 жылдан бері тіркеле алмай жүр.
Бұған дейін белгісіз біреулер "Хакикат ва Тараккиёт" (Ақиқат пен қарекет) оппозициялық партиясының белсенділерін ұрып-соғып, кеңселерін қиратып кеткен. Партия жақтастары саяси ұйымды тіркеу үшін қол жинамақ болған.
31 наурызда халықаралық Human Rights Watch ұйымы тәуелсіз блогер Миразиз Базаровтың ауыр соққыға жығылуына байланысты алаңдаушылық білдіріп, өзбек билігін кінәлілерді табуға шақырған. Блогер 28 наурызда үйінің маңында соққыға жығылған. Ол оған дейін ЛГБТ қауымдастықтарын қорғап сөйлеген.
Өзбекстанда кезекті президент сайлауы 24 қазанда өтеді.