Жапонияның батысындағы Кобе қаласының билігі бұл аймақта вирус жұқтырғандардың арасында коронавирустың жаңа британдық штамын жұқтырғандар саны көбейгенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат NHK телеарнасына сілтеме жасап.
Ақпанның бірінші аптасында олардың үлесі 4,6%, екінші аптада – 10,5%, үшінші аптада – 15,2% болды. Осы ауруға шалдыққан адамдардың көбеюіне байланысты қала билігі жаңа штамның таралуын бақылау үшін жүргізілетін тестілеулер санын көбейту туралы шешім қабылдады.
Жапония билігі 2020 жылдың 28 желтоқсанынан бастап коронавирустың жаңа штамдарының таралуына байланысты әлемнің барлық елі мен аймақтарының азаматтарына жаңа визалар беруді тоқтатты.
Кейіннен бұл шектеу мерзімі елде төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты 7 наурызға дейін ұзартылды. Соңғы мәліметтер бойынша, эпидемияның барлық кезеңінде Жапония аумағында коронавирусты жұқтыру жағдайларының саны 434 мыңнан асады, 7,9 мың өлім жағдайы тіркелді.