Атырау, 18 желтоқсан 17:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 524.66
€ 550.21
₽ 5.09

Қашағанды ​​2042 жылға дейін толық игеру жоспарланған. Ал Каспий оған шыдай ала ма?

5 941 просмотра

Қашаған кен орнын толық ауқымда игеру барысында мұнай мен газды кешенді дайындауға арналған жаңа қондырғылар салу және аралдардан осы зауыттарға қосымша құбыр жүргізу жоспарлануда. Жақында Атырауда NCOC компаниясының осы жобаның қоршаған ортаға әсерін алдын-ала бағалау туралы (алдын-ала ҚОӘБ) онлайн форматта қоғамдық тыңдау өтті.


КЕЗЕҢМЕН ТӘУЛІГІНЕ МИЛЛИОН БАРРЕЛЬГЕ ДЕЙІН

Жобаны әзірлеуші компания өкілі Әлия СИСЕНБАЕВАНЫҢ айтуынша, 4 нұсқа қарастырылып, жалпы саны 195 ұңғыма және тәуліктік мұнай өндіру 1 миллион 089 мың баррель болатын №1 нұсқа ұсынылды.

- Қазіргі уақытта кен орны 2016 жылы басталған тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру (ТӨИ) сатысында тұр. 2016 жылдың қыркүйегінен бастап А аралындағы ұңғымаларды пайдаланып, қайта іске қосқалы Шығыс Қашағандағы ТӨИ учаскесінің аумағында тұрақты өндіріс жүргізілуде. Бұрғыланған ұңғымалардың жалпы қоры - 52. Оның 48-і – шығыста, 3-уі – батыста, 1-уі - мойнақта орналасқан. Қолданыстағы 5 аралда 34 өндірістік және 6 айдау ұңғымалары жұмыс істейді. Біздің жобаның басты мақсаты - Қашаған кен орнын қазіргі барлау кезеңінде игерудің ең ұтымды жүйесін таңдау, - деп атап өтті А.Сисенбаева.

Қашаған кенішін игеру тұжырымдамасы бойынша Шығыс Қашаған, мойнақ және Батыс Қашағанда кәсіпшілік нысандарын кезең-кезеңмен салу қажет. Барлығы 3 ірі кезеңді бөлуге болады - алғашқы екеуі Шығыс Қашағанды игеруді көздейді.

I кезең тауарлы мұнай өндірісін тәулігіне 450 мың баррельге дейін арттыруды ұсынады (қазіргі уақытта Қашағанда 400 мың баррель өндіріледі - Н.Х.).

II кезең - үш «қосалқы кезеңнен» тұрады және тәуліктік өндірісті тәулігіне 900 мың баррельге дейін көбейтуге мүмкіндік береді.

Ал III кезең өндірісті тәулігіне 1 миллион баррельге дейін арттыруды көздейді. Қолданыстағы аралдарды қосқанда, бұрғылау аралдарының жалпы саны - 21.

- II кезең аясында жағалауға мұнай-газ дайындау кешенінің қосымша қондырғыларына аралас өнімдерді жеткізу үшін көп фазалы құбырларды салу жоспарлануда. Бұл жағдайда газ 3-тарап объектілеріне экспортталады. Өндірісті ұлғайту 2042 жылға дейін жүзеге асырылады, тәуліктік мұнай өндіру қуатының 200 мың баррель көлеміндегі өсімі шамамен 6 жыл сайын біртіндеп орындалады, - деді Сисенбаева.

 

ӘЛІ ЖАҢА ЗАУЫТТАР МЕН КӨП ҚҰБЫР БОЛАДЫ

Ұңғымаларды қосымша бұрғыламай өндірісті арттыру үшін теңіз және құрлық кешендерінің өндірістік қуатының өткізу қабілетін оңтайландыру, сондай-ақ, 2022 жылы D аралында шикі газды айдау компрессорларын жаңарту жобасын және 2026 жылы өте жоғары қысымды құбырды пайдалануға беру жобасын іске қосу жоспарлануда.

Бұдан басқа, І кезеңде 2023 жылы жылына 1 млрд текше метр немесе тәулігіне 2,8 млн текше метр көлемде күкіртті газды үшінші тарапқа, атап айтқанда «ҚазТрансГаз» АҚ газ өңдеу зауытына беру жөніндегі жобаны іске қосу жоспарлануда (бұл «Болашақ» маңында салынатын зауыт - Н.Х.). Жаңа ГӨЗ-ге газ «Болашақ» зауытынан диаметрі 16 дюйм және ұзындығы 15 километр құбыр арқылы беріледі.

ІІ кезеңнің объектілерін іске қосу 2027 жылға жоспарланып отыр. Бұл кезеңде Шығыс Қашағанның ішінара сарқылуы ескеріледі. Осы кезеңде өнім теңіз объектілерінен жағалауға көпфазалы құбыр арқылы беріледі, сол жерде оны дайындайды. ІІА кезеңінде (2027-2029 жж.) басқалармен қатар  4 ұңғыманы пайдалану және DC-05-тен D аралына дейін, содан соң «Болашаққа» көп фазалы құбырды іске қосу жоспарланып отыр.

ІІВ кезең 2030 жылға жоспарланған. Мақсаты - Қашағандағы мұнайдың жалпы тауарлық өндірісін тәулігіне 88 мың тонна деңгейге жеткізіп, 25 мың тоннаға көбейту. Газ экспорты басымдыққа ие. Құрғатылған күкіртті газ үшінші тарапқа беріледі. Қазіргі уақытта НКОК операторы әлеуетті 2 компанияны (бірақ қайсысы екенін көрсетпейді) қарастырып отыр. Газ экспортының көлемі тәулігіне қосымша 17 млн текше метрге артады, өндірілетін өнім көп фазалы құбыр арқылы жаңа құрлық УКПНиГ-2 қондырғысына (алдын ала «Болашақтың» жанында) тасымалданады.

Мұнай КҚК/ҚТО терминалдары арқылы экспортталады.

ІІС кезең - әзірге жоспарлау сатысында (әңгіме 2036 жыл туралы болып отыр). Мұнайды теңіз кешенінен көп фазалы құбыр арқылы жаңа құрлық УКПНиГ-3 өңдеу кешеніне тасымалдау көзделеді.

ІІІ кезең Батыс Қашағанды игерумен тікелей байланысты. 2042 жылы іске қосу жоспарланып отыр – Қашағанның батысындағы жаңа теңіз технологиялық кешенінде қабаттық флюидтерді ішінара сепарациялау мен тұрақтандыруды және алдымен Шығыс Қашағанда, содан кейін Батыс Қашағанда құбырлар желісімен газ айдауды көздейтін тұжырымдама қабылданды.

Отын газын пайдалануды қоспағанда, ІІІ кезеңнің барлық ілеспе газы теңіз технологиялық кешенінде құрғатудан өтеді және қабатқа айдау үшін толық көлемде пайдаланылады. Мұнайды мұнай құбыры арқылы УПКНГ-4 құрлық кешеніне тасымалдау жоспарлануда. Ол жерде мұнайды тауарлық түрге келтіру, сондай-ақ өнімді сақтау мақсатында меркаптан жойылады.


«ЭКОЛОГИЯҒА КӨП КҮШ ТҮСПЕЙДІ»

Осы алып жобаның қоршаған ортаға әсерін бағалау жөніндегі құжатты әзірлеген мердігер компанияның өкілі Елена ПЕТУХОВАНЫҢ айтуынша, 2020 жылы барлық маусымда Қашаған кен орнында және жоспарланған құрлық кешендеріне жүргізілетін жоспарланған құбыр жолдарының бойында фондық экологиялық зерттеулер жүргізілген.

- Алдын ала нәтиже бойынша, ластаушы заттардың жоғары шоғырлану аймағына жақын маңдағы елді мекендер, атап айтқанда, Атырау қаласы, сондай-ақ, экологиялық сезімтал аудандар кірмейді, - деп сөзін түйіндеді Е.Петухова.

Алайда, оның айтуынша, болжамды шығарындыларды ескере отырып, Қашаған кенішінің объектілері өңірдегі ауаның ластануына елеулі үлесін қосады. Бұл ретте жүргізілген есептеу нәтижесі «Каспий теңізі мен топырақтың және олармен байланысты экожүйелердің табиғи буферлік қабілеті атмосферадан қышқыл оксидтерінің түсу салдарын қалпына келтіру қабілетін жоғалтпай өтеуге мүмкіндік беретінін» көрсеткен. Теңіздегі және құрлықтағы экожүйеге түсетін жүктеме шектен аспайды. РН көрсеткіші табиғи ауытқу шегінен шықпайды».


СҰРАҚТАР МЕН ЖАУАПТАР

Бұл бөлімде бірнеше сауал қойылды, олардың кейбіріне НКОК кейінірек толық жауап беруге уәде берді.

Ерік, қала тұрғыны:

- Теңізде мұнай төгілген жағдайда қандай шара қарастырылған, әрекет ету сценарийі қандай?

- Компанияда 3 негізгі бағыт бар - алдын алу, дайын болу және әрекет ету. Жоба жабдықтармен және төтенше жағдайларды жоюға дайын оқытылған қызметкерлермен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, теңіз кешенінде, сондай-ақ СКЭБР базасы мен Баутинода барлық қажетті техникалық құралдармен және персоналмен жабдықталған мамандандырылған мұнай төгіндісін жою тобы жұмыс істейді. NCOC ауқымды мұнай төгіндісі орын алған жағдайда құрал-жабдықтарды жұмылдыруға дайын болуды және қосымша қолдау көрсетуді қамтамасыз ету үшін Саутгемптондағы компаниямен халықаралық сараптамалық қолдау келісімшартын жасады, - деп жауап берді консорциум өкілдері.

- Сонау 2011 жылы НКОК 137 мың көшет отырғыздық деп есеп берген еді. Орман қайда? (Бұл сауал «AЖ» сайтындағы мақалаға сілтеме жасап қойылған еді).

Көгалдандыру мәселелеріне жауапты компанияның өкілі қанша көшет отырғызылғаны туралы кестені көрсетті. Осы кестеге сәйкес, әуежай жолына - 400, Соколок каналына - 3000, Самал вахталық ауылында - 2435, Баутино базасына - 7270, орман қорғау белдеуіне - 9041 ағаш отырғызылған. «Кесте бойынша 8 жылда 22 146 ағаш отырғызылған, ал 130 мың көшет не болды?» - деген қарсы сұраққа, тағы да жазбаша жауап беруге уәде етті.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

8 желтоқсан 2020, 17:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.