22 қарашада «NCOC» консорциумы ресми түрде «Болашақ» зауыты мен вахталық «Самал» поселкесінің арасынан орман қорғау жолағын салу жобасын ресми түрде іске қосты.
Орман жолағын салуға жауапты «Аджип ККО» компаниясының бас мердігері жергілікті «Адани» компаниясы болды. Салтанатты рәсімнің ресми бөлімінде атап өтілгендей, бұл жұмыспен тек жергілікті мердігерлер ғана айналысады. Атап айтқанда, көшеттерді 120-дан астам қазақстандық жұмысшылар отырғызатын болады. Ғылыми тұрғыда қамту үшін жоба жасаушылар Қазақстан ауылшаруашылығы институты мен Болонья, Флоренция және Неаполь университеттерінің ауыл шаруашылығы факультеттерін де жұмылдырады екен.
Алайда мұнай компаниясының табиғат қорғау шарасына енгізілген орман жолағын салу жобасы 2011 жылы жүзеге асырылу үшін 2005 жылы бекітілгенін естігенде таң қалдық. Естеріңізге салсақ, бірер жыл бұрын «Аджип ККО» өкілдері жоба тиімсіз, оны салу проблема емес, оған кім күтім жасайды деп желеуреткен болатын.
«Аджип ККО» орман қорғау жолағын салу жобасы жетекшісінің міндетін атқарушы Мая ҚАРАМАЛАЕВА орман қорғау жолағының алаңы 14 га жер құрайтындығын айтты. 102 траншея мен 400 отырғызу ойықтары қазылып қойылыпты. Ағаштар 6 қатарға отырғызылмақ. Орман қорғау жолағы үшін жергілікті климаттық жағдайға төзімді шетен, ақтерек, шегіршін (қарағаш), ақ тал мен үйеңкі таңдалған. Сондай-ақ, шөп жамылғысы мен бұталар отырғызылмақ. 6 гектар жерді орман тәлімбағының алаңы құрайды. Оның аумағы «Болашақ» зауытының буландырғыш-тоғандарының жанында орналасқан. Бұл жерде болашақта отырғызылу үшін көшеттер бейімделетін болады. Тәлімбақ 300 мың көшетке арналған. Мәлімделіп өткендей, бұл алдағы уақытта «Болашақ» жұмысының көлемін кеңейту есебімен жасалады. Мұны мұнай өндіру көлемін көбейту есебімен деп оқыған жөн.
Орман қорғау жолағына келер болсақ, келер жылдың І тоқсанының аяғына дейін 137 мың ағаш пен бұта отырғызу жоспарланып отыр. 2012 жылдың маусымында «Аджип ККО» компаниясы орман қорғау жолағы мен тәлімбақты «Адани» компаниясының қызметіне бермек.
«Аджип ККО» пайдаланатын көшеттерді отырғызу технологиясымен біз болашақ орман қорғау жолағының орнында таныстық. Траншеяның бүкіл алаңы геотекстильмен жабылған. Бізге түсіндіргендей, бұл тұзды топырақты зиянды әсерлерден қорғау үшін екен. Содан кейін түпкі жағына тамшылатып суару үшін саңылаулары бар суармалы су құбыры төселеді. Үстіңгі жағына қиыршық тас, құнарлы көң (30 мың текше метрі Батыс Қазақстан облысынан әкелінген) сеуіп, ағаштардың өсіп келе жатқан тамырларын белгілейтін торды төсейді. Осыдан кейін учаскеге қайтадан құнарлы көң себіледі. Жерасты су деңгейін реттеу үшін траншея 318 дренаждық құдықтармен жабдықталған.
Біздің көзімізше «ЭкоСтройСтандарт» ЖШС-нің арнайы киімін киген жұмысшылар көшеттер екті. Атырау облысы әкімінің орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ пен«NCOC» компаниясының сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Пьер ДЕЛПОН атаулы ағаштар отырғызды.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген автор