Атырау, 2 мамыр 21:29
 ашықВ Атырау +11
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

​Өртке қарсы өрт және «сапалақпен» жұмыс: өртенген қамысты қалай өшірдік

Сурет Бейнежазба
7 376 просмотра

Қазақстанда 19 қазанда аталып өтетін Құтқарушылар күні қарсаңында «АЖ» тілшісі өрт сөндірушілермен бірге Каспий жағасында өртенген қамысты өшіруге қатысты. Қалай болғаны – біздің репортажда.

Қамыс өртіне менің де бірге шығуыма рұқсат берілгені жөнінде ТЖД баспасөз қызметі сол күні таңғы 07:00-де жолға шығудан сағат жарым бұрын хабарлады. Жиналу орны - Тасқала ауылының шеті. Келсем, командир өрт сөндіру қызметі бастығының м.а  Мақсат ЕСПОЛОВПЕН бірге 30 қызметкер жиналып, 4 арнайы өрт сөндіру техникасы мен жол талғамайтын «Трэкол» көлігі күтіп тұрды. Есполов 11 қазанда тікұшақпен бақылағанда қалаға жақын Алғабас ауылы маңында өрттің бірнеше ошағы анықталғанын хабарлады. Біз сол жаққа қарай беттедік.  

Атыраудан 20 шақырымдай асқаннан кейін су жиналған көлшіктер мен сортаң батпақтар жолды бөгеп, ауыр техникалардың әрі қарай жүруі қиындады. 6-8 тонна су құйған арнайы техникалардың батып қалу қаупі туған соң, командир оларды осы жерде қалдырып, әрі қарай «Трэколмен» баруды бұйырды. Екіге бөлінуге тура келді, мен бірінші «рейске» іліктім.

 

БІРІН БІРІ АЛМАСТЫРУ

Жердің батпағынан теңізден келе жатқан өрттің бірінші  ошағына жақындап бару мүмкін болмады. Командир мән-жайды бағамдап, өртке қарсы өрт қоюды бұйырды. Алғаш естіп тұрған мұндай әдіс дала және орман өртін сөндіруде  бұрыннан қолданылады екен. Қарсы өрт қойғанда, екі жақтан келе жатқан өрт ортада кездесіп, жанатын ештеңе болмағасын екеуі де бықсып, бірін-бірі жалмағандай өшеді деп түсіндірді Есполов.

Бес адамнан бірнеше топқа бөлініп, әрқайсымыз жан-жаққа қамысты өртеуге шықтық. Желдің бағыты да бізге қолайлы бағыттан болды, осылайша сағат жарым уақыт ішінде өрт ошағы өшіп тынды.

Өрттің екінші ошағына түскі сағат 12 шамасында жеттік. Бұл жерге басқа әдіс қолданылды. Жол талғамайтын «Трэкол» жанып келе жатқан қамысты бірнеше рет кесіп өтіп, қамыстарды майыстырады, ал өрт сөндірушілер қалған өртті «сапалақпен» өшіреді. Темір сапқа өрт сөндіру түтікқұбыры кигізілген осы бір құралды өрт сөндірушілер солай атайды. Су қолданылмаған соң бір қамыстың түбін бірнеше рет сабалауға тура келеді. Оның үстіне өрттің қызуы бет қаратпайды. Сондықтан кезектесіп сабалайды, бірі жұмыс жасағанда, келесісі аз-мұз демалып, су ішіп алады.

 

МЕНІҢ ЖЕРЛЕСІМ, ОТБАСЫМЕН ӨРТ СӨНДІРУШІ

Міне, бұл ошақты өшіргенше уақыттың 15:00 болып қалғанын аңғармай қалыппыз. Командир түстенуге бәрімізге жарты сағат уақыт берді. Түстеніп отырғанда әңгімелесудің сәті түсті, айтпақшы, Қуанбек РАПИҒОЛЛАЕВ менің құрманғазылық жерлесім болып шықты.

- Біздің жұмыс қалай екен? - деп сұрады Қуанбек.

- Иә-ә-ә ... – деймін мен, сөзбен жеткізу мүмкін емес деген сыңай танытып.

- Бізге бұл үйреншікті іс, - деді Қуанбек менің алған әсеріме қанағаттанып. Бұл Қуанбектің дала өртіне алғаш шығуы емес. Өрт сөндіру саласында 10 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол, тіпті, отбасымен өрт сөндірушілер.

 

- Атам Құрманғазы ауданында өрт сөндіруші болып жұмыс істеген. Әкем де 25 жыл өмірін өрт сөндіру саласына арнады, ауданда өрт сөндіру бөлімінің басшысы болды, қазір  зейнеткерлікке шықты. Әпкем де сонда телефонист болып істейді. Мен 2009 жылы ТЖ Комитетінің Көкшетау техникалық институтын бітіріп, қалалық өрт сөндіру бөліміне келдім. Мамандығым өзіме ұнайды, - дейді Қуанбек.

Қуанбек және өрт сөндіру жасағындағы құтқарушылардың бәрі 1/3 режимімен жұмыс істейді. Бірақ бұл шартты түрде.

- Бүгін демалатын күніміз болғанымен дабыл бойынша қайта сапқа тұрдық. Ертең тағы дабыл көтерсе, тағы шығамыз, қызметіміз сондай, - деп еш қалжыңсыз болған жайды жеткізді Қуанбек. – Бұл жолды өзіміз таңдадық. Демалыс күндері телефонымыз үнемі қосулы.  Қонақтықта, базарда жүргенде дабыл қағылады. Бәрін тастап қызметке шығамыз.

 

«ТРЭКОЛ» ДА БАТЫП ҚАЛАДЫ

Ауқаттанып алған соң, түс ауа келесі ошаққа бет алдық. Бұл жол алғашқыларынан әлдеқайда сортаң. Жолда жол талғамайтын көлігіміздің өзі батып, алдынан тартып, артынан итеріп, әрең шығарып алдық.


Өрт ошағына жеткенше, жолай әріптестерден есте қалған оқиғалары туралы сұрадым. Мәселен, Кәкімжан ДИДАРОВ биыл маусымда стройконтора маңайындағы газ құю бекетіндегі өртті сөндіруге қатысқан, бұл өмірге өте қауіпті болды. Ал 2009 жылы облыстық аурухананың ескі ғимараты өртке оранғанда жалғыз өзі ота жасау бөлімінде қалып қойған 9 науқасты алып шыққан. Еркебұлан АБУЛХАИРОВ болса,  өрт сөндіруші болып істеген 13 жыл ішінде ондаған адамды, ең кішісі бесіктегі сәбиден ең үлкені 70 тегі науқас қарияны тұрғын үйдегі өрттен алып шаққанын есіне түсірді. 

...Әңгімемен жол қысқарып, өрттің төртінші ошағына да келіп жеттік. Аумақты сөндіргенше кешкі сағат жеті болды, үйге қайту керек. Бұл күні командир Есполовтың тобы 4 мың шаршы метр өртенген қамысты өшірді.

 

«АЛТЫН» ТІКҰШАҚ

Қалаға жеткенде бүгінгі кезекті қамыс өрті туралы М.Есполовтан сұрадым.

- Бұл жолы өртті сөндіруге неге тікұшақ пайдаланылмады?

- Тікұшақпен өшіру дәл осы өртке тиімсіз. Ұшақтың сөндіру тәсілін көбісі өрт сөндірушілер секілді су шашады деп ойлайды. Ол 3 тонна суды қазанның қақпағын ашып жібергендей бір жерге ғана төге салады. Ал, қазіргі өрттің жалпы ұзындығы 15 шақырым. Тікұшақты жалдау сағаты 1млн 400 мың теңге тұратынын да ескеру керек. Біз жедел авиақұтқару мекемесіне әлі 6 миллион  теңге қарызбыз.

- Қолайлы мезгілде дала өртінің алдын алу шараларын жасауға болмай ма?

- Алдын алудың бір жолы, жеке пікірім, қаладан 50 шақырым қашықтыққа дейін аң аулауға тыйым салу. Өйткені өрттің тұтануы адамның себебінен.

Осылайша менің бір күндік өрт сөндіруші қызметім таңғы 8-де басталып кешкі 9-да  аяқталды. Үстімнен түтіннің иісі мүңкіп, аяғым талып шаршағанымды білдім. Ал, жерлесім Қуанбек келесі күні Еркінқала бағытындағы өртті сөндіруге шығу туралы тапсырма алды.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

14 қазан 2020, 20:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.