Атырау, 21 желтоқсан 09:41
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Қайта жасау керек

4 252 просмотра

Қашаған жобасы жөніндегі «экологиялық» жанжал жаңа бағытқа бет бұрды.  Атырау облыстық экология департаменті Солтүстік-Каспий (Қашаған) жобасының шеңберінде теңіздегі және құрлықтағы («Болашақ» зауыты) құрылыс жөніндегі техникалық жобаның түзетілуі міндетті түрде қоршаған ортаға әсер етуді бағалау (ҚОӘБ) жобасына түзету енгізуді қажет ететінін растайды.

«АДЖИП ОРЫНСЫЗ ДЕП ЕСЕПТЕЙДІ...»

Біздің «Күкірт бұлты төнгенде» деген жарияланымымыз жарыққа шыққаннан кейін («АЖ» №49, 2012 жыл 6 желтоқсан) кешікпей ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің экологиялық реттеу және бақылау комитетінде Комитет төрағасы Данияр ЕРЕНЧИНОВТІҢ, төраға орынбасары Жомарт ӘЛИЕВТІҢ, Атырау облыстық экология департаментінің бастығы Ербол ҚУАНОВТЫҢ, NCOC,  Аджип ККО басшыларының, сондай-ақ, осы шетелдік компаниялардың инженерлерінің, экологтарының және заңгерлерінің қатысуымен отырыс болып өтті. Шетелдік тараптар Комитет басшылығына шикі газ бойынша шығарындылар көлемі аспағанын дәлелдеуге тырысып бақты. Алайда Комитет олардың дәйектерін қабылдамай, түзету енгізілген ҚОӘБ жобасын ұсынуды талап етті.

Бұдан бұрын жағдай төмендегіше өрбіген болатын: 2012 жылдың наурызында Аджип ККО компаниясы Қашаған кенішіндегі теңіз және құрлық кешендерін тәжірибелік-өнеркәсіптік игерудің түзетілген жобаларын Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне қарау үшін жолдаған еді. Олар онда, атап айтқанда, былай деп жазды: «Аджип ККО қоршаған ортаға әсер ету тұрғысында ТӨИ (тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру) нысандары бойынша бұрын мақұлданған ҚОӘБ құжаттамасында белгіленген техникалық шешімдердің жаңартылған құжаттамада қоршаған ортаға әсер ету деңгейіне және мазмұнына толықтай сай келетінін атап өтеді... Осы талдаудың қорытындысы -  бұрын мақұлданған техникалық құжаттамалардан іске қосу кешендерін бөлу және құрлық пен теңіз кешендеріндегі құрылыс аяқталар кездегі жалпы нақты көріністер қоршаған ортаға әсер етудің сандық және сапалық көрсеткіштерінің өзгеруіне әкеп соқтырмайтындығы боп табылады.

Аджип ККО техникалық құжаттамалар бұрын мақұлданған экологиялық әсер ету параметрлеріне әсер етпейтін техникалық және өндірістік себептерге байланысты түзетілгендіктен жаңартылған техникалық құжаттама бойынша мемлекеттік экологиялық сараптама жасау орынсыз деп есептейді...».

 

ҚАЙТА БАҒАЛАУҒА КІРІСУ

ҚР ҚОҚМ экологиялық реттеу және бақылау комитеті былай деп жауап берді: «Бұл құжаттама (Қашаған кенішінің түзетілген ТӨИ жобалары. Теңіз және құрлық кешендері) ҚР мемлекеттік органдары бұрын мақұлдаған Қашаған кенішінің ТӨИ бойынша жобалық құжаттамасына (ҚОӘБ материалдарын қосқанда) қосымша боп табылады. Мұнда техникалық жобаларды түзету қоршаған ортаға әсер етуді бағалаудың тиісті кезеңінсіз орындалған. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін жобалық және басқа құжаттамаға өзгерістер енгізген жағдайда, нысандар ҚР Экологиялық кодексінің 47-бабына сәйкес, қайталама мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткізіледі. Жоғарыда айтылған жайттардың негізінде, сіздер ұсынған материалдар қаралуға қабылданбайды».

 

ЕШ ҚҰЖАТСЫЗ

Облыстық экология департаментінің басшысы Е. Қуановтың айтуынша, мемлекеттік сараптама қорытындысы қоршаған ортаны қорғау саласындағы өкілетті органдар мақұлдағаннан кейін беріледі екен:

Қашаған жобасы аясында салынатын «Болашақ» зауытын, D аралын және басқа да технологиялық құрылыстарды салу үшін Аджип негізгі техникалық құжатты мақұлдатуы тиіс, яғни, құрылыс салу үшін негіз алуы керек, - дейді Қуанов. – Компания техникалық жобаға түзетулер енгізді. Мұндай жағдайда, заңнама бойынша, ҚОӘБ-ға түзету енгізу қажет. Бірақ олар экологиялық бөлікке түзету енгізгісі келмей, тек бұдан бұрын Комитет берген қорытындының күшін растауды сұрап отыр. Сондай-ақ, «Мемлекеттік сараптама» РМК берген қорытындының заңдылығын тексерген жөн. Ең қызығы, қазіргі қорытындыда бұрын берілген (2009 жылдың 15 желтоқсанындағы, 2009 жылдың 5 мамырындағы) қорытындының күші жойылады деп айтылған. Сонда бұрынғы қорытынды жойылған, ал жаңасы біздің келісімімізсіз берілген боп шыққан ғой.

Естеріңізге салсақ, «Болашақ» құрлық кешені бойынша бұрын ҚР ҚОҚМ Экологиялық реттеу және бақылау комитеті бекіткен ҚОӘБ-да бірінші кезектегі кешенді пайдалану кезінде ең көп жалпы шығарындылар жылына 2 277 тонна, екінші кезек – 8 632 тонна және үшіншісі – 15 470 тонна құрайтындығы қарастырылған. Алайда жобаның техникалық бөлігіне түзету енгізілгеннен кейін мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысынан шығатын ластаушы заттар шығарындыларының жалпы көлемі тек 2013 жыл ішінде 78 279 тонна құрайды.

 

БІЗ ШВЕЙЦАРИЯ ЕМЕСПІЗ

– Жылына 78 000 тонна көлем шығарындылар қаншалықты қауіпті? Статистика бойынша, еліміздің басқа өнеркәсіп аймақтарында шығарындылар көлемі миллион тоннаға дейін жетеді...

– 78 000 тонна – бұл есептік көрсеткіш, ал іс жүзінде қанша болатындығын ешкім де білмейді, - дейді Қуанов. – Бәлкім, ол да миллион шығар. Иә, Өскеменде ауыр металдар өндіріледі, бірақ біздегі күкірт газы да ойыншық емес. Содан кейін орманға бай Шығыс Қазақстанның климаттық жағдайын біздің өңірмен салыстыруға болмайды. Оны тектен-текке Швейцария деп атамайды ғой.

Осылайша, ҚР ҚОҚМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінен алынған барлық ескертпелерді қосқанда Аджип түзетілген ҚОӘБ жобасын жұртшылыққа ұсынуы керек (жаңа жұртшылық тыңдауы өткізілуі тиіс).

Жобаның барлық әлсіз тұстарын дерлік ашық қалдырған Қашаған төңірегіндегі жанжалдарды ескерсек, бұл жолы жұртшылық тыңдалымы Аджип үшін ауыр болары сөзсіз.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

20 желтоқсан 2012, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.