Атырау, 29 наурыз 12:19
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Күкірт бұлты төнгенде

8 201 просмотра

Қашаған жобасының төңірегіндегі кезекті «экологиялық» жанжал жұртшылықтың игілігіне айналған. Атырау экология департаменті мәлімдегендей, Қашағандағы А және D теңіз блоктарын, сонымен бірге Қарабатандағы «Болашақ» мұнай және газ өңдеу қондырғысын (МГКДҚ) пайдалану кезінде шығарылатын зиянды шығарындылар көлемі қоршаған ортаға әсерді бағалауда (ҚОӘБ) мәлімделгеннен бірнеше есе көбейген. Мәселен, МГКДҚ пайдалану кезіндегі ластаушы заттардың жалпы мөлшері тек 2013 жылы бұдан бұрын уәде етілген 2 000 тоннаның орнына жылына 78 000 тоннаны құрайтын болды. 

- Кезінде «Аджип» жұртшылық тыңдауын өткізді, - дейді Атырау облыстық экология департаментінің бастығы Ербол ҚУАНОВ (суретте). – Құрлықтағы «Болашақ» кешені бойынша ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі 2005 жылдың 16 мамырында бекіткен ҚОӘБ-да бірінші кезектегі кешенді пайдалану кезіндегі максималды жалпы шығарындылар жылына 2 277 тонна, екінші кезекте – 8 632 тонна және үшінші кезекте – 15 470 тонна құрайтындығы қарастырылған еді. Алайда енді шекті-рұқсат етілген шығарындылар бойынша бізге ұсынылған жобада МГКДҚ-дан түсетін ластаушы заттар шығарындыларының жалпы көлемі тек 2013 жылдың ішінде 78 279 тонна керек.

SO2 өте улы. Күкірт газымен улану белгілері – тұмаулату, жөтел, қарлығу, тамақтың қатты жыбырлауы және ауызға өзгеше дәм келу. Анағұрлым жоғары концентрациядағы күкірт газын жұтқан кезде тұншығу, сөйлеудің бұзылуы, жұтынудың қиындауы, лоқсу, өкпенің жедел ісінуі орын алуы мүмкін. Қалдық ретінде көп мөлшерде түзілген күкірт диоксиді атмосфераны ластайтын негізгі газдардың бірі боп табылады.  Көмір отынын, мұнай және табиғи газды өртеу кезінде атмосфераға тасталатын күкірт қосындыларымен ластану анағұрлым қауіпті. Атмосферадағы реакцияның ақырғы өнімі ауадағы күкірт қышқылының аэрозолі, жаңбыр суындағы (бұлттардағы) ерітінді боп табылады. Жауын-шашынмен түскен ол топырақты қышқылдандырып, адам денсаулығына қатты әсер ететін тыныс жолдары ауруларын асқындырады. Алаулардағы күкірт қышқылы аэрозолінің түсуі бұлттылық төмен және ауа ылғалдылығы жоғары болғанда жиі байқалады. Мұндай кәсіпорын маңындағы өсімдіктер әдетте ұсақ шірікті дақтармен дақтанған, кей жерлерінде күкірт қышқылының тамшылары тұнған боп келеді. Бұл оның қоршаған ортада әжептәуір мөлшерде бар екендігін дәлелдейді.

Экология департаменті «Болашақ» МГКДҚ мен Қашаған кенішіндегі А және Dтеңіз блоктарындағы екі жобаға шығарындылар бойынша теріс қорытынды шығарды.

- Біз теріс қорытынды бергеннен кейін бізге NCOC, Аджип өкілдері келді. Олардың тарапынан технологтар, экологтар, барлығы 30 адам болды. Олардан 78 000деген цифрдың қайдан шыққанын сұрадым. Сөйтсек, олар негізгі техникалық жобаны өзгертіпті. Мұндай жағдайда, заң бойынша, олар қайтадан жұртшылық тыңдауын өткізуі керек, - деп әңгімелейді Қуанов.– Мен оларға: Жігіттер, сіздер халықты улайын деп отырсыздар ғой, егер «Болашақ» осындай көлемде шығарынды тастайтын болса, біздің бәрімізге бұл жерден қашып кетуге тура келеді ғой, - дедім. Егер сіздер ҚОӘБ-да бірінші кезекті пайдалану кезінде жылына 2000 тонна шығарынды болады деп мәлімдеген болсаңыздар, онда 2000 тонна болуы тиіс. «Аджип» өкілі, бір итальяндық: - сенің бізден талап етіп отырғаның ақылға сыймайтын нәрсе, фантастика, - деп жауап берді. Мен оларға: «Сонда 2005 жылы жұртшылық тыңдауында біз де сіздерге фантастика айтып бердік дегіңіз кеп отыр ма?» дедім.

Теңіз және құрлық кешендеріндегі шығарындылар мөлшерінің шектен тыс асуы, негізінен, газды алауда өртеумен байланысты болып отыр: (Қуановтың айтуынша, оператор шикі газды өртеу жобасын өз еркімен қосыпты. Алғашында отындық газды өртеу қарастырылған.) NCOC, мәселен, 2013 жылға 287 млн текше метр көлемде техникалық тұрғыда міндетті түрде орын алатын газ өртеуді мақұлдатты. Мұнда газды теңіз кешені бойынша өртеу көлемі 154 млн текше метрді құрады. Бірақ кейін «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізіліп, соған сәйкес енді жұмысшылардың өміріне немесе халықтың денсаулығына қауіп төндірген немесе апатты ахуал туындаған жағдайларды қоспағанда, алауларда ілеспе немесе табиғи газды өртеуге тыйым салынған.

Департамент NCOC материалдарын зерттеп шығып, 2013 жылы алау қондырғыларына газ шығаруды туындататын үш сценарийдің анағұрлым маңызды боп табылатынын анықтады. Олар: компрессорлық стансалардан нығыздағыш газдардың үнемі кетуі, сақтық клапандары мен қауіпсіздік клапандарынан шығатын шикі газдың ұдайы кетуі, технологиялық іркілістер нәтижесінде шикі газдың дүркін-дүркін шығуы. Алайда осы үш сценарий бойынша газды өртеу технологиялық тұрғыда міндетті өртеуге жатпайды (бұл санатқа іске қосу-реттеу, жөндеу және т.б. кезде қысқа уақытта газды өртеу ғана жатады) және соған сәйкес нормаланбайды.

Алайда шекті-рұқсат етілген шығарындылар (ШРШ) жобасына жүгінсек, 2013 жылға ластаушы заттар шығарындыларының нормативтері алауда 130,8 млн текше метр көлемде газды өртеу мөлшерімен есептелген, бұл теңіз кешені бойынша жалпы газ өртеу көлемінің 84,6 пайызын құрайды (қалған 15 пайыз – апаттық және штаттан тыс жағдайлар).

Осыған байланысты экология департаменті тапсырыс беруші мен жобалаушыға алау қондырғыларына газ шығарындыларын тудыратын аталмыш сценарийлер бойынша өртелетін газ көлемдерін қоспай, ластаушы заттар шығарындыларының нормативтерін қайта қарау керек деген қорытынды жасап отыр.

Есептеулерге сәйкес, алауларда 130 млн текше метр көлемдегі газды өртеуден пайда болатын ластаушы заттар шығарындыларының жалпы көлемі 61 000 тонна құрайды (ондағы SO2, яғни өте улы күкірт диоксиді, күкірт газы - 57391 тонна немесе 94%). Негізгі қауіп осында болып тұр. 

Кезінде «Аджип» газды алауларда өртеу үшін рұқсатты мұнай және газ министрлігінен алды. Алайда таяу күндері ҚР Экология комитеті, Атырау облыстық экология департаменті жолдаған хаттың негізінде, алауларда газды өртеуге берген рұқсатты қайтарып алу туралы мәселені қозғады. Экологтармен осы мәселені шешу үшін «Eni» бас атқарушы директоры Паоло СКАРОНИ Атырауға келгісі келеді.

- Премьердің келген сапарында консорциум басшылары Қашағанның толықтай дайын екендігіне сендірген еді, - дейді Қуанов. – Іс жүзінде жобаның экологиялық бөлігі былыққан күйде. Осы тұрғыда біздің департамент тарапынан жасалған үш теріс қорытындыны айтуға болады. Бұдан басқа, күкірт карталары бойынша учаскелер де мақұлданбаған, өйткені жобаға өзгерістер енгізілген. Жалпы «Аджип» бастапқыда мақұлданған жобаларды өздігімен ауыстыруға дағдыланған, бұл олардың (аджиптіктердің) қандарына сіңген нәрсе. Мен қауіпті мәселені қозғағанымды түсінемін, өйткені наурыз-сәуір айларында біз алғашқы мұнайды өндіруге тиіспіз деп жария етілген болатын. Бірақ мен осы жерде туып-өскенмін, сондықтан мұндай бәлеге жол бере алмаймын.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

5 желтоқсан 2012, 16:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.