Атырау, 20 сәуір 03:05
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Ұлттық банк теңге бағамы неліктен өзгергенін түсіндірді

2 719 просмотра

Ұлттық банк теңге бағамының өзгеруіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Биржада сауда-саттық неге ұлғайды?

Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынхановтың айтуынша, бүгінде ұлттық валюта бағамына ішкі факторлар ғана емес, сытқы факторлар да әсер етіп отыр. Мәселен, бірінші жартыжылдықта экспортқа шығарылған тауарлардың басым бөлігі минералды шикізат болған. Ал оның бағасы күрт төмендеді. Содан ішкі нарықта валюта көлемі азайды. Бұның барлығы теңге бағамына кері әсерін тигізді.   

Департамент басшысы кешегі жағдайды да түсіндірді. Қазақстан қор биржасында теңгенің долларға шаққандағы бағамы 420 теңгеге дейін әлсіреген.

"Биржадағы сауда-саттық көлемі өсті. Себебі өткен жұма күні Құрбан айт болды, биржа жұмыс істеген жоқ. Ал әлемдік қаржы нарықтары өз жұмысын тоқтатпады. Содан биржа ашылғасын банктер валютаны көбірек алды. Демек, жұма күнгі сұраныс кейінге қалды. Сауда-саттық көлемі 160 миллион долларға дейін жетсе де, бұл рекордтық көрсеткіш емес. Жалпы, жыл басынан бері биржада күн сайын орта есеппен 110 миллион долларға сауда-саттық жасалады ", - дейді Тұрсынханов.

Бүгін таңертеңгі сауда-саттықтың нәтижесі бойынша теңгенің долларға шаққандағы бағамы 1,59 теңгеге күшейді. Қазір бір доллардың бағасы – 418,48 теңге. Дегенмен, өткен аптадан бері ұлттық валюта 0,9 процентке әлсіреді.

"Қазіргі жағдайда бұл дамушы мемлекеттерге тән тренд, валютаның әлсірегені анық байқалады. Мысалы, Түркияда - 1,8%, Оңтүстік Африкада - 2,5%, ал Ресейде - 3,4%. Сонда олардың валюталары бізден де қатты әлсіреп отыр", - деп атап өтті Тұрсынханов.

Рубльдің әсері қандай?

Мұнай бағасынан бөлек, теңге бағамына рубльдің динамикасы да әсер етіп отыр. Себебі ортақ экономикалық кеңістік бар. Дегенмен, рубль теңгеге әсер етіп отырған негізгі фактор емес.

"Ресей – негізгі сауда әріптестеріміздің бірі. Қазақстанға импорттық өнімнің үштен бір бөлігі дәл осы Ресейден келеді. Қазіргі кезде рубльге сан алуан факторлар әсер етіп отыр. Соның ішінде батыс елдерінің санкциялық риторикасы, дивиденттердің конвертациясы, орталық банктің монетарлық саясаты, сондай-ақ, федералды қарыз облигацияларынан резидент емес азаматтардың шығуы сияқты мәселелер бар. Бұның барлығы теңгеге тікелей әсер етпейді", - деп түсіндірді Тұрсынханов.  

Маманның айтуынша, қазіргі кезде теңгеге көбінесе ішкі және сыртқы факторлар әсер етуде. Сыртқы факторлардың ішінде мұнай бағасы мен жаһандық инвесторлар болса, ішкі факторларға дивидендтер мен салық төлеу мерзімі жатады. Сондай-ақ, инвестициялық импорттың әсері бар.

4 тамыз 2020, 14:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.