Коронавирус басылар емес, соған қарамастан «Атырау» футбол командасының ең адал жанкүйерлері оның тағдырына алаңдаулы. «АЖ»-ға бірнеше жанкүйер жолығып, олар «Атырау» ФК қазіргі иесі мен басшылығының отставкаға кетуін және сенімгерлік басқару туралы келісімшартты бұзып, клубты облыс әкімдігінің балансына қайтаруын талап етеді.
Оларды түсінуге болады: 2018 жылы клубты Азат ҚАЗИХАНОВТЫҢ сенімді басқаруына бергеннен кейін «Атырау» сол маусымда 12 орынның 9-ыншысына ие болды, ал 2019 жылы қазақстандық футболдың жоғары дивизионында болған кезеңде алғаш рет Бірінші лигаға түсіп қалды. Ал үлкен футболға Атырауда қомақты қаржы бөлінеді - мысалы, өткен жылы 1 млрд 922 млн теңге, биылғы жылы одан екі есе төмен – 880 млн теңге бөлінді, ол да аз ақша емес. Жылдың басында, коронавирусқа дейін «Судоремонтник» стадионында ФК басшылығы мен жанкүйерлерінің кездесуі өтті. Сонда облыстық футбол федерациясының төрағасы Ізтұрған Баймұханов бірінші кезекте футбол клубының қаржылық жағдайына аудит жүргізілетіндігін уәде етті.
Қазір онымен сөйлескенімде, Баймұқанов елде ТЖ мен карантиндік шаралар басталып кеткеннен кейін сол уәдесін жүзеге асыруға үлгермегенін айтты. Жалпы, оның айтуынша, егер футбол клубы облыс әкімдігінің балансына қайтарылмаса, ол енді бұл істі қолға алмайды.
Осының арасында бір ай бұрын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті «аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену» бабы бойынша «Атырау» кәсіби спорт клубы» қоғамдық қоры мен дене шынықтыру және спорт басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Әңгіме футбол командасын ҚР чемпионаты мен Кубогына қатысуға дайындауға бөлінген 160 миллион теңге жымқырылғаны туралы болып отыр. ҚР ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес тергеудегі адамдардың есімдері аталмайды.
Айнұр САПАРОВА