18 ақпанда "Судоремонтник" стадионының қызметтік ғимаратында «Атырау» футбол командасы басшылығының жанкүйерлермен кездесуі өтті. Соңғылары алғашқылардың дереу кетуін талап етті. Оған бір себеп: өткен маусымда команданың Премьер-лигадан бірінші лигаға түсіп қалуы.
Жақында бір топ жанкүйерлердің облыс әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВТІҢ қабылдауында болғаны белгілі болды, облыс әкімі бұл мәселені шешуді өз орынбасары Ә.НӘУТИЕВКЕ тапсырған. "Судоремонтник" стадионына келген Ә.Нәутиев облыстық футбол федерациясын енді Қазақстан кәсіподақтар федерациясы облыстық филиалының төрағасы Ізтұрған БАЙМҰХАНОВ басқаратынын хабарлады.
Сөз алған Баймұханов бірінші кезекте футбол клубының қаржылық жағдайына аудит жүргізілетіндігін уәде етті. Сондай-ақ, жаңа бас бапкер табу мәселесі де бар.
Осы тұста команданың Анталиядағы 3-ші оқу-жаттығу жиынына бас бапкердің міндетін атқарушы Қуаныш ҚАБДОЛОВТЫҢ бармағаны анықталды.
- Мен жұмысқа басқа жаттықтырушы алып жатқанын білген соң жиынға барудан бас тарттым, - дейді Қабдолов.
- Қабдоловта халықаралық "pro," санаты жоқ – деп түсіндірді «Атырау» ФК құрылтайшысы Азат ҚАЗИХАНОВ.
Спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Ринат ИБРАГИМОВ клуб басшылары Қонысбай ШПАНОВ пен Азат Қазиханов әзірге өз орындарында қалады деп мәлімдеді. Ибрагимовтың айтуынша, олар келесі маусымда команданы қайтадан Премьер-лигаға қайтаруға уәде етті, ал егер олай болмаса, отставкаға кетеді.
-Бізге сіздердің болашақта отставкаға кетем дегендеріңіздің керегі жоқ, дәл қазір кетіңіздер! – деп шулады жанкүйерлер. Осылайша кездесу де аяқталды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор