Атырау, 26 сәуір 15:14
 ашықВ Атырау +23
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Егінші Когай әулеті мен баласы Володя

Сурет Бейнежазба
5 094 просмотра

Күн тамып тұр. Ыссылықтың өткірлігі соншалықты, жер-ананың өзін қуырып, өсімдік атаулы сарғыштанып, қу тақырға айналған. Құлазыған қу даладан көгерген алқапты көргенде қызығушылығымыз артып, көргенше асықтық. Бұл Индер ауданында құрылған «Владимир» ШҚ егістік алқабы екен.

ШҚ басшысы Қалығыз ЕСҚАЙЫРОВАНЫҢ айтуынша, қияр жинауды олар мамырдың аяғында бастап кетіпті. Базар бәсінен төмен болғандықтан тез өтіп кетеді екен. Екінші бір айналымда дөңкиген қауын, қарбыздар да жетіліп, пісе бастаған. Бірер күнде жиын-терін басталады. Жергілікті базар мен дүкендерде иран қарбызы, кейін оңтүстіктің ала қарбызы келе бастаған болатын. Бағасы өте қымбат, бір қарбыздың өзі 3-4 мыңға шығады. Алушылар жергілікті өнімді іздейтіні сөзсіз. Қоспасы жоқ, таза өнімге сұраныс бар қашанда.

- Шаруашылық 2011 жылы құрылды. Атағы менде болғанымен, барды ұйымдастырушы жолдасым Александр КОГАЙ. Ұлымыз Владимир де оқудан босағасын көмекке келіп, шаруаның алға басуына атсалысып келеді, – дейді Қалығыз. - Егістік алқапта жұмыс жасау оңай емес: жер жыртылып, дән себіледі, одан қалса арамшөптерден тазарту, қопсыту, суару, тыңайтқыштарды дер кезінде беру...  болып жалғаса береді. Ондайға жергілікті адамдар шыдай бермейді. Сол себептен жыл сайын жұмысқа Өзбекстан азаматтарын заңдастырып, алып жүрміз. Қазір елде ауру шығуына байланысты шетелдіктер келе алмай жатыр. Күндік табысы белгіленіп, жатын орны мен тамағы тегін болғанымен жергілікті тұрғындар тарапынан ынта білдірушілер табылмай отыр. Жұмыспен қамту орталығы да дәрменсіз: жұмыссыздардың егінге шығуға құлқы жоқ.

Биыл олар 10 гектарға түрлі дақылдарды еккен. Көктемнен бері егіс басына қос тігіп, арасында Аққала ауылындағы үйлеріне барып келеді. Біз барған сәтте студент ұлдары Владимир де келген екен. Ол АМУ-дің 4 курс студенті.

- Келер жылы оқуды бітіремін. Ата-анамның жыл сайынғы бейнетті еңбегін көріп отырмын. Менің де егінге қатысты жоспарларым бар, ойым - ауылшаруашылық технологиясын жетілдіру, – дейді Владимир. – Жақында Алматыдағы «Экобизнес инкубатор» байқауына қатысып, 3 мың доллардың грантын ұтып, сертификат алдым.  Басты мақсатым – еңбек күшін жеңілдету арқылы мол  өнімге қол жеткізу.

Қос басына жеңіл көлік келіп тоқтады. Ішінен үш жас жігіт түсті. Бұлар студенттер екен. Көрші ауылдан осында жұмыс жасауға келіпті. Когай отбасы оларды жатырқамай, жылы қарсы алды! «Көп түкірсе көл» дегендей, қызу науқан сәтіне дөп келген көмекші жұмысшылар көп кешікпей алқапқа қарай бет алды. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

29 маусым 2020, 12:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.