Бүгінде Атырау облысында коронавирус инфекциясының 2501 жағдайы тіркелді, оның 1330-ы - Теңізге тиесілі. Бұл туралы онлайн-брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнафис ТАҢБАЕВА хабарлады. Соңғы кездері вирус жұқтырғандар саны едәуір артты - бір күнде ауру белгілері байқалмайтын 137 науқас және ауру белгілері бар 38 науқас тіркелді.
Жұқпалы аурулар ауруханасында 197 науқас жатыр. 15 маусымнан бері Махамбеттегі туберкулезге қарсы диспансерде 20-дан астам адам емделуде. Ауруханалардың провизорлық бөлімшелері де лық толы. 60 пациентке арналған облыстық аурухана бөлімшесінде 100 адам жатыр. Осыған байланысты ол жерден қосымша 30 кереует ашып, жұқпалы (коронавирус инфекциясы емес) сырқаты бар науқастарға арналған бөлімшені тері-венерологиялық диспансер ғимаратына ауыстырғысы келеді.
Гүлнафис Таңбаеваның айтуынша, қазіргі кезде жаңа хаттамаға сәйкес, жеңіл және орташа ауырлықта сырқаттанған науқастар белгілі бір сызба бойынша үйден емделеді, ал жағдайы ауырлау науқастар стационарға жіберіледі:
- Әлсіздік, бас айналу, дене қызуы, құрғақ жөтел, ауаның жетіспеуі сияқты белгісі бар науқастар бұл туралы өз учаскелік дәрігеріне хабарлауы тиіс. Олар күніне 2 рет дене қызуын өлшеп, пульсоксиметрмен сатурацияны бақылап, қозғалысты шектеуі керек. Медицина қызметкерлері жағдайды бақылау үшін науқастарға күніне 2 рет қоңырау шалуы тиіс. Егер жағдайы нашарласа, температурасы көтеріліп, сатурация 70-тен басталып және одан төмен болса, жедел жәрдемді немесе емхананың мобильді тобын шақырып, КТ болмаса рентгенге түсуі керек. Қосымша сұрақтар болса, қауырт желідегі 109 және 1430 нөмірлеріне қоңырау шалып, жауап алуға болады. Оқшаулау үшін жеке бөлме ғана емес, жуынатын жеке санитариялық торап та болуы керек.
Емханалар өздеріне бекітілген тұрғындармен жұмыс жасауды жалғастыруда. Бірақ эпидемиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты кіре берісте сүзгілеу учаскелері ұйымдастырылған, ғимараттар «лас» және «таза» аймақтарға бөлінген. Медицина мекемелерін көктемдегідей онлайн режимге көшіру туралы қаулы дайындалуда. Яғни, қатты қиналып жатпаған науқастар телефон арқылы медициналық кеңес алады. Үйге патронажды емханалардың мониторинг топтары жүзеге асырады. Учаскелік дәрігерлер бұл топқа кірмейді, олар емханаларда жұмыс істейді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА