Әлеуметтік желіде Лугзина БАЙЛАУОВА деп тіркелген қолданушы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына осындай сауал жолдапты.
Оның айтуынша, облыстық перинаталдық орталыққа түскен жүкті әйелдерді босанатын бөлімге бірден жібермей, тек коронавирусқа анализ тапсырғаннан кейін ғана жібереді екен. Ал оның нәтижесін бірнеше күн күтуге тура келеді. Тегін тест тапсырушылар кезегі де өте көп көрінеді.
- Жүкті сіңліме емханадан медбике қоңырау шалып, коронавирусқа анализ тапсыру керектігін айтқан. Бірақ тегін тапсыратын жерде кісі лық толы екен. Ал ақылы тест 20 мың теңге тұрады. Егер анализ тапсырғаннан кейін бір апта ішінде босанбаса, қайта тапсыру керек. Егер толғатқан кезде анализі бар анықтама болмаса, анализ тапсырмаған және нәтижесін күткен бүкіл жүкті әйел жатқан провизорлық бөлімде, төменде қалдырады екен, - деп жазады Байлауова.
Кейінірек оның сіңлісінің өзімен хабарластық.
Сабина БАЙЛАУОВА:
- Жақында маған тұрғылықты мекенжайым бойынша емханадан хабарласып, жүктіліктің 38-аптасында болғандықтан, КВИ-ге ПТР тест тапсыруға жолдама берді. Мерзім бойынша 16 күннен кейін босануым керек.
- Қазір перзентханада емессіз бе?
- Қазір үйдемін, наурыз айынан бері оқшауландым, ешқайда шықпаймын. Тек таза ауа жұту үшін балконға шығамын. Алдын ала жазылып, ақылы гинекологиялық кеңеске барып келемін. Жоспарлы анализдерді үйге жеке зертхананы шақырып, ақылы тапсырып жүрмін. 12 жыл үзілістен кейін дайындалып бала көтердім, қатты уайымдаймын.
- Сіз әлі ПТР анализ тапсырған жоқсыз ба?
- Жоқ әлі, сейсенбіде барамын. Емханада тегін анализ тапсыруға үнемі кезек көп болады. Күн де ыстық, жүкті әйелдердің бәрі кезекте тұр. Бұл өте қиын әрі денсаулыққа қауіпті, өйткені ол жерде қашықтық сақтау мүмкін емес. Оның үстіне, коронавирусқа 37-аптадан бастап босанғанға дейін, яғни, босанғанша әр апта сайын тапсыру керек. Қашан босанатынымды қайдан білемін? Анализ тапсырдым делік, егер нәтижесі әзір болмаса, мені ауру белгілері бар және белгілері байқалмайтын әйелдер жатқан провизорлық орталыққа жатқызады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына да хабарластым. Ондағылар тапсыру керек дейді, болды. Мен анализ тапсырудан бас тартпаймын, бірақ оны қалай тапсырамыз? Бізде штаб бар, облыстық денсаулық сақтау басқармасында да жұмыс тобы бар шығар. Анализ тапсыру жоспарын, анағұрлым қауіпсіздік сызбасын жасауға болмас па еді?
Тағы бір хикая. Менің танысым (аты-жөнін айтпауды өтінді) қазір Алмагүл ықшамауданындағы қалалық перинаталдық орталықта жатыр. Коронавирусқа екі рет ПТР тапсырған. Бұл оның үшінші жүктілігі.
- Мен 39-аптада, 1 маусымда емханада тегін ПТР-тест тапсырдым. Бірақ перзентханада әлі босанатын уақытың келген жоқ деп қабылдамады. Екінші рет 10 маусымда тапсырдым, перзентханаға 17 маусымда түстім. 42-аптада босандым, қазір ақылы палатада жатырмын, - дейді танысым.
- Ол жерде медицина қызметкерлерінің қарым-қатынасы қалай?
- Жаман емес, ұнады. Акушерлер де, санитарлар да жақсы қарайды, кеңес береді. Перзентханаға түскен кезде коронавирусқа анализ тапсырмаған әйелдер көп болды. Дәрігерлер оларды ұзақ қарады, сондықтан күтуге тура келді. Жалпы палаталарда әйел көп, ол жақта қалай екенін білмеймін. Босануға дейінгі бөлімде болған кезде, қасымда облыстық перзентханадан әкелген әйел жатты. Ол облыстық аурухананың анализсіз қабылдамайтынын айтты. Ол жақтағы жағдай нашар деді. Нәтижесін күтіп жатқанда, қасыңда сау әйел жатыр ма, әлде вирус тасымалдаушы ма, білмейсің. Оның нәтижесі теріс шығып, осында әкелген екен.
«АЖ» денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне комментарий алуға жүгініп, мынадай жауап алды: «Облыстық перинаталдық орталық провизорлық стационар емес, бірінші қабатта орналасқан изолятор. Бұл анализ нәтижелерін күтіп жатқан жүкті әйелдерге арналған уақытша орынжай. Провизорлық орталыққа жөтелмен, дене қызуымен, тамақ ауруымен және т.б. ауру белгілерімен түседі. Қазір ол жерде бес әйел жатыр, қалғандары изолятор бөлімінде. КВИ-дың таралуына жол бермес үшін анализ нәтижесі жоқ пациенттер босанатын бөлімшеге жіберілмейді. Толғақпен түскендер, осы жерде босанады. Толғағы жоқтар анализ нәтижесі шыққанша ем алады.
Емханаларда жүкті әйелдер үшін анализді тегін тапсыру қарастырылған. Қаржылық жағдайы бар әйелдер ақылы тапсырады.
Шынымен де, қазір изолятор бөлімінде анализ нәтижелерін күтіп жатқан пациенттер көп. Бірақ олардың нәтижені алу мерзімі перинаталдық орталыққа емес, Ұлттық сараптама орталығы облыстық филиалының вирусологиялық зертханасының жұмыс кестесіне байланысты».
Айнұр САПАРОВА