Атырау, 20 сәуір 08:42
 ашықВ Атырау +32
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Тас жарған жантақ

Сурет
8 006 просмотра

Өткен аптада әлеуметтік желіде Атыраудағы кейбір тротуарларда асфальтты жарып шыққан өсімдіктердің суреттері пайда болды.

«Атырауинжстрой» ЖШС-нің ресми өкілі Азамат СӘРСЕНБАЕВ бұл құбылысты биологияда «тургор» деп аталатын жасушалардың ішкі қысымының әсері деп түсіндірді. Оның айтуынша, тургор өсімдіктерге тік және көлденең күйде болып, топырақты, тротуардағы асфальт жабынын және өсуіне бөгет болатын басқа да кедергілерді жарып шығуға көмектеседі екен. Бұдан басқа, өскіндердің белгілі бір пішіні бар, ол қатты заттарды жарып шығып, өсуіне ықпал етеді. Егер өскін кішкене саңылауға тап болса, күн сәулесін көруіне, тіпті 15 см тығыздап төселген қабат пен 5 см асфальт болса да, ештеңе кедергі бола алмайды екен.

- Барлық жұмыс жоба бойынша жүргізілді, соған сәйкес тапталған төсемнің қалыңдығы 15 сантиметр, ал асфальт жабынының қалыңдығы 5 сантиметрден кем болмауы керек. Бұл параметрлер сақталған, - деп жазды Азамат Сәрсенбаев әлеуметтік желідегі парақшасында.

Содан кейін компания ресми түсініктеме жариялады. Асфальт сапасына қатысты Водниково-2 ауылынан көп шағым түсті. Ол жақтағы жолдар өткен жылдың қараша айында пайдалануға берілген. Жобада 23 шақырым жолдар мен 22,5 шақырым тротуар салу жоспарланған. Тротуар жабыны ретінде қалыңдығы 5 см, 100/70 битумға, II маркалы Б типіндегі ұсақ түйіршікті тығыз асфальтбетон төселген. Жол төсемі мен тротуар төселгенге дейін қалыңдығы 15 см болатын өсімдік қабаты салынған. Осы 22 мамырда Водников-2 ауылындағы тротуарлардың күйін тексерген кезде, өсімдіктердің (жантақ) шыққаны байқалған. Өсімдіктер 321,5 шаршы метр аумақтағы асфальт жабынын тесіп өтіп, жабынды көтеріп жіберген.

- Өсімдіктердің өніп шығу себептерін анықтау үшін жол жабыны мен 1,0 метрге дейінгі тереңдікке төселген жер төсемі ашылды. Жантақтың тамыр жүйесінің  тереңге кеткені анықталды. Жантақтың тамыры 20 метр тереңдікке дейін кетеді және өте ұзын көлденең бұтақтары болады, бұл өсімдіктің жерсініп кетуіне жақсы мүмкіндік береді. Табиғатта бұл бұта арамшөп болып өседі, сондықтан одан құтылу оңай емес. Өйткені бұл өсімдік ұзақ уақыт күн мен сусыз тіршілік ете алады. Ол вегетативті жолмен, мысалы, сабағынан немесе қосалқы тамырдан көбейеді, - делінген түсіндірмеде.

«Атырауинжстрой-АИС» ЖШС өсімдіктер өскен жерлерге жөндеу жұмыстарын жүргізуге дайын екендігін білдірді. Яғни, асфальт жабынын ашып, гербицидтермен улайды.

Дәл осындай көрініс қала маңындағы Жаңаталап-1 және Атырау-1 ауылдарындағы тротуарда да байқалады. Бірақ бұл нысандардың әлі пайдалануға берілмегенін ескере отырып, тротуар салынып жатқан кезде өсімдіктің шығуына жол бермеу үшін шаралар қолдану қажет. Бұл келесі жылы Бейбарыс даңғылында да орын алуы мүмкін. Ол жерге жобаға сәйкес жер төсемін кеңейту үшін топырақ әкелінеді. Естеріңізге салсақ, өткен жылы бұл даңғылды қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Өткен маусымда теміржол вокзалынан Құрманғазы көшесімен қиылысқа дейінгі учаске күрделі жөндеуден өтті. Биыл Бейбарыс даңғылының бойындағы жұмыстар Әбілқайырхан көшесінің қиылысынан бастап Құрманғазы көшесімен қиылыстағы көпірге қарай басталды. Жантақ тұқымдары топыраққа түсіп, уақыт өте өсіп шығуы мүмкін.

«АИС» мамандарының пікірінше, бұл проблеманы бүгін шешу керек. Әйтпесе, келесі жылы Бейбарыс даңғылы да «гүлдейді». Әрине, химиялық қоспаларды қолдануға болады, бірақ тамырдың тереңдігін ескерсек, бұл мәселені уақытша ғана шешеді.

- Осы өсімдікпен күресу материалдары мен әдістерін зерттей отырып, біз геомембрананы - синтетикалық төсемді, тығыз полиэтилен салуды ұсынамыз. Ол өте иілімді, рельефтің кедір-бұдырлығын ескере отырып, төсеуге мүмкіндік береді. Өте берік және су өткізбейді. Ол оқшаулауды қажет ететін барлық жерге қолданылатын әмбебап материал. Геомембрананың құны - 1 м2 үшін 480 теңге, бұл Бейбарыс даңғылын асфальттауға пайдаланылатын геотекстильге қарағанда 120 теңгеге қымбат. Бұл жағдайда геотекстиль жол төсемінің беткі қабатына ылғал өткізбейтін тосқауыл рөлін атқарады. Осындай жұмыстарды орындаушы ретінде, аймақта кең таралған арамшөптердің әсерінен асфальт жабынының бүліну қаупі болса, болашақ жобаларда жол құрылысын қорғау тәсілдерін қарастыру қажет деп санаймыз, - дейді жол салушылар өз нұсқаларын ұсынып. 

Бірақ тапсырыс беруші - Атырау қаласының әкімдігі шығындарды көбейтуге жол бере ме деген сұрақ туындайды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Әлеуметтік желіден алынған суреттер

30 мамыр 2020, 15:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.