Атырау, 26 сәуір 20:32
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

«Біз мұнда әрі дәрігер, әрі психологпыз»

Сурет
3 762 просмотра
Жантөре ОРЫСБАЕВА (сол жақта)

Атырауда COVID-19 инфекциясын жұқтырған жағдай алғаш  27 наурызда тіркелді. Содан бері жұқпалы аурулар ауруханасының қызметкерлері ауыр әрі қауіпті жұмыстарын атқарып келеді. Олар коронавирус жұқтырған науқастар толық емделіп шыққаннан кейін ғана үйлеріне барып, туыстарымен қауыша алады.

Екі айдан бері алдыңғы шепте инфекциямен күресіп жүргендердің бірі - инфекционист дәрігер  Жантөре ОРЫСБАЕВАМЕН телефон арқылы хабарласқанбыз. Дәрігерлерге осындай диагноздан қорқатындар мен бастапқыда мұндай аурудың барына сенбейтіндер үшін емдеуші дәрігер ғана емес, психолог рөлін де атқаруға тура келеді.

- Кейбір пациенттер ауру белгілері жоқтар қатарына ілігу үшін толық тексеруден өткеннен кейін үй карантиніне кету мақсатында ауру белгілерін – іш өту, иіс сезу қабілетінің жоғалғанын жасырып қалады. Бірақ жасалған талдау мен тексеру нәтижелері оларда вирустық пневмония, бронхит және жалпы ағзаның жағдайы нашарлағанын көрсетті. Бізде ем қабылдаудан бас тартып, өзінің ауру екенін қабылдамаған пациент болды. Ал компьютерлік томографияда пневмония белгілері байқалған еді. Инфекция енесі мен балаларында анықталған кезде, бізге өзі келіп, дәрі-дәрмек сұрады. Теңіз жұмысшылары да өздерінің дені сау және оқшауланудың қажеті жоқ екенін айтады. Содан кейін осы жерден әріптестері мен таныстарын көріп, стационарға тектен-текке түспегенін түсінеді. Бізге оларды емделу қажет деп көндіруге тура келеді, - дейді Жантөре Орысбаева.

Түрлі пікірге қарамастан, бір отбасы мүшелері бір палатада бірге жатпайды. Науқастар белгілері бойынша палаталар мен бөлімдерге бөлек жатқызылады. Отағасында ауру белгісі болмаса, отбасы мүшелерінің бірінде бронхит, бірінде пневмония анықталады. Дәрігерлерімізге аурудың ауыр түрлерімен, оттегіге тәуелді пациенттер үшін күресуге тура келді. Қазіргі уақытта 6 адамның жағдайы ауыр.

Қазіргі пандемия бүкіл дәрігер үшін үлкен сынаққа, үлкен мектепке айналды. Оларға бұрын-соңды болмаған сақтық шараларын алуға, жаңа ауруды жете зерттеп, балаларды, жүкті әйелдерді емдеу әдістерімен, үнемі өзгеріп тұратын емдеу хаттамаларымен танысуға тура келді.

Біздің инфекционист дәрігерлеріміз де солай. COVID-19 жұқтырған науқастардың көпшілігінің созылмалы аурулары бар. Мысалы, қант диабеті, қан қысымының жоғары немесе төмен болуы. Бұдан басқа, облыстық аурухананың хирургиялық бөліміндегі вирус жұқтырған пациенттер жұқпалы аурулар стационарына ауыстырылды. Коронавирус инфекциясын емдеумен қатар, оларға операциядан кейінгі жараларын үнемі өңдеп, таңып отыру қажет. Жұқпалы аурулар ауруханасында жатқан кезде босанған аналарға ерекше назар аударылды. Олармен бірге дәрігерлер мен стационар қызметкерлері жаңадан баға жетпес тәжірибе жинақтады.

- Біздің хирург Мерей Аманғалиұлы «кесарь тілігі» операциясына, ал бөлім меңгерушісі Нұрфия Төлемісқызы босандыруға  қатысты. Содан кейін сәбилер облыстық балалар ауруханасының патология бөлімшесіне жіберілді. Ауруханадан шыққаннан кейін оларды аналары алып кетті. Шүкір, бәрі де дені сау болып дүниеге келді, - дейді инфекционист.  

Әр ауысым 6 сағатқа созылады, қорғаныс киімдерімен көп уақыт жүру оңай емес. Обаға қарсы жеңіл формадағы костюмді, бетіне респиратор немесе екі масканы, қорғаныс көзілдірігін, қолға қолғап, аяққа резеңке аяқ киім киюді елестетіп көріңіз. Мұның бәрімен тыныс алудың, тіпті, қарапайым тұрудың өзі қиын, бірақ жұмыс істеу керек. 

Бетке қол тигізуге, су ішуге немесе дәретханаға баруға болмайды. Жазу да өте қиын, оның үстіне бұл жазбаларды «лас» аймақтан «таза» аймаққа апаруға болмайды. Өйткені ауысымда жұмыс істеген медперсоналдың бүкіл киімі жойылады. Сондықтан пациенттер туралы мәліметтерді есте сақтауға тура келеді. Мұқият зарарсыздандырып, тазарып, душ қабылдап, киім ауыстырған соң ординаторлық бөлмеде компьютерге енгізеді.

- Мысалы, Теңізден вирус жұқтырғандар көп түскен кезде бірнеше бригада қатар жұмыс істеді. Оларды әдетте түнде әкеледі. Әріптестерімізді қиындыққа қалдырмаймыз, кезектен тыс кезекшілікке шығамыз. Жалпы, біздің ұжым өте тату, - дейді менің сұхбаттасушым.

Аурухана қызметкерлері де коронавирус инфекциясына қатысты үнемі тексеруден өтеді. Өйткені біздің облыста вирус жұқтырғандардың арасында 8 дәрігер, 16 орта буын медицина қызметкері және 6 кіші медицина қызметкерінің болғаны белгілі.

Бастапқыда аурухана қызметкерлері үнемі демалыс бөлмелерімен жабдықталған стационарда болды. Содан соң ауысымнан кейін қонақ үйде демалу мүмкіндігін алды. Орынды өзгерту, әдеттегіше қала ішімен жүру, психологиялық тұрғыда көп көмектеседі. Бірақ мұнда да барынша сақтық шаралары алынады. Әр қызметкер жеке нөмірде жайғасқан. Туыстарымен, жақындарымен кездесуге болмайды. Олармен тек телефон арқылы сөйлесуге рұқсат. Қазір бейнебайланыс арқылы сөйлесуге болады, оған да шүкір. Дәрігерлер мен олардың отбасы жақындарымен қауышатын күнді асыға күтуде.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттерді Ж. Орысбаева ұсынды

28 мамыр 2020, 13:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.