Әуежай медиктері: «Біз де алдыңғы шептеміз»

Сурет
653 рет қаралды

Қазіргі уақытта корановируспен күресуге атсалысып жатқан «АТМА - Атырау әуежайы және тасымалдар» АҚ медициналық-санитариялық бөлімінің қызметкерлеріне үстеме ақы тиесілі. «АЖ» сауалына облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Аслан ЖЕҢІСҰЛЫ осылай жауап берді. Біз мұның себебін анықтауға тырыстық.

Бұдан бұрын әуежайдың медицина қызметкерлері редакцияға осы мәселемен хабарласқан еді. Олардың айтуынша, олар ақпан айынан бері, яғни, ДДСҰ пандемия туралы жариялағанға дейін, корановирус инфекциясының таралуына қарсы күреске белсене қатысып жүр.

Гүлнар ТАУМАНОВА

«АТМА - Атырау әуежайы және тасымалдар» АҚ медициналық-санитариялық бөлімінің бастығы Гүлнәр ТАУМАНОВАНЫҢ айтуынша, Атырау әуежайына қазақстандық рейстерден бөлек Голландия (Амстердам), Германия (Франкфурт), Мысыр (Шарм-эль-Шейх), Түркия (Стамбул), Ресей (Мәскеу) секілді түрлі елдердің ұшақтары, сонымен қатар,  Австриядан (Вена), Венгриядан (Будапешт) және т.б. жеке рейстер келеді.

- 13 наурыздан бастап жолаушылар рейсі тоқтатылды. Бірақ арнайы рейстер ұшып жатыр, соның ішінде басқа елден оралған қазақстандықтар (көбі студенттер) бар. Шетелден демалып келгендер де көп болды, - дейді Г.Тауманова. – Медициналық-санитариялық бөлім қызметкерлері бұл жерде тәулік бойына жұмыс істейді. Жолаушының денсаулығына қатысты сәл күмән туса, тексеріп, шұғыл көмек көрсетеді.

Осы медициналық-санитариялық бөлімнен басқа әуежайда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің жанындағы санитариялық-карантин қызметі бар.


МЕДИЦИНАЛЫҚ-САНИТАРИЯЛЫҚ БӨЛІМ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ЖАСАЙДЫ

Мен Г.Таумановадан олардың жұмысы туралы толық айтып беруін өтіндім. Оның айтуынша, ӨРВИ белгісі бар жолаушы анықталса, медсанбөлім қызметкерлері әуе кемесінің бортына көтеріліп, Covid-19 хаттамасы бойынша шаралар өткізеді.

- Covid-19-ға күдіктелген жолаушы әуежай вокзалына келушілермен байланыс жасамай, әуе кемесінен жедел жәрдем көлігіне отырып, ауруханаға жіберіледі. Ал байланыста болған жолаушылар облыстық әкімдіктің денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылған арнайы провизорлық госпитальға карантинге жіберіледі. Мұндай жағдай күн сайын дерлік болып тұрады, - дейді Тауманова. – Біздің міндетіміз – қала мен облысқа инфекцияның таралуына жол бермеу. Ақ халат киген жандар: медициналық-санитариялық бөлім қызметкерлері Айтқалиева Гүлсара Зиноллақызы, Багатова Әлия Бердіәліқызы, Иманова Айгүл Маратқызы, Нәубетов Рафаэль Бағдатұлы және бас маман Орынбасова Айнагүл Бақдәулетқызы мен жетекші маман Исағалиева Гүлжан Мұстафақызы бастаған санитариялық-карантиндік бақылау қызметінің қызметкерлері халық денсаулығын қорғау үшін еңбек етуде.

Бұл жерде де Денсаулық сақтау министрлігінің, бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің және ҚР Азаматтық авиация комитетінің қаулылары қатаң сақталады.

- Мұнда бар қажетті нәрселермен қамтамасыз етілген бе?

- Аэровокзал кешені, сондай-ақ басқа бөлімдердің орынжайлары алдын-алу шаралары үшін қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген, аэровокзал кешенін, перрондық автокөліктерді (жолаушылар автобустары) күнделікті дезинфекциялайтын санитариялық-эпидемиологиялық қызметтермен келісімшарттар жасалған. Аэровокзал кешенінің техникалық персоналы да санитариялық ахуал мен дезинфекциялық жұмыстарға жауапты болып,  тәулік бойына жұмыс істейді. Жұмысымыз жалғасып жатыр. Әрине, бұл жағдайда ең үлкен жауапкершілік медицина қызметкерлеріне жүктелген.


«ЖЕКЕ МЕКЕМЕЛЕРГЕ ҮСТЕМЕ АҚЫ ТИЕСІЛІ ЕМЕС»

Денсаулық сақтау басқармасындағылар материалдық сыйақы әуежайдағы санитариялық-карантиндік пункттің екі маманына ғана тиесілі екенін айтты. Өйткені олар мемлекеттік органға қарайды.

- Эпидемияға қарсы іс-шараларға жұмылдырылған медицина қызметкерлерінің ай сайынғы үстеме ақысы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың бұйрығына сәйкес, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік туралы келісім (МЖӘ) жасалған мемлекеттік медициналық мекемелер мен жеке медициналық мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлерге ғана төленеді. Яғни, ішінара тегін қызмет көрсететін, мысалы, «Салимжан и К» ЖШС, "МЕДИКЕР ЖАЙЫҚ" ЖШС және "МЕДИКЕР ЖАЙЫҚ" ЖШС "QAMQOR QP2" филиалы секілді мекемелерге, - деп түсіндірді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы А.Жеңісұлы. – Сондықтан жеке медициналық мекемелердің де, «АТМА - Атырау әуежайы және тасымалдар» АҚ-ның медициналық-санитариялық бөлімінің, яғни, жеке компаниялардың қызметкерлеріне де бұл үстеме ақы тиесілі емес.

- Бұдан бұрын медиктер жетіспеген жағдайда денсаулық сақтау басқармасының жеке емханаларға көмекке жүгінетіндігі айтылған еді. Егер жүгінсе, олардың қызметкерлері де үстеме ақы ала алады. Мұндай жағдай болды ма?

- Жоқ, болмады. Біздің мамандарымыз жеткілікті.


КІМ ҚАНША АЛДЫ

Естеріңізге салсақ, ҚР Президенті жанындағы ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерінің еңбекақысына үстеме ақы мөлшерін бекітті.

Мемлекеттік комиссияның шешімімен төлемдер коронавирусты жұқтыру қаупі бар үш топ бойынша 3 айдың ішінде жүргізіледі:

1. «Қауіптілігі аса жоғары» —инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстеме ақы 20 ең төменгі жалақыны құрайды (Жалақының ең төменгi мөлшерi (ЖТМ), 850 мың теңге). 

2. «Қауіптілігі жоғары» – провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстеме ақы 10 ЖТМ (425 мың теңге) құрайды.

3. «Қауіптілігі орташа» – карантиндік стационарлардағы дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитариялық дәрігерлер (мемлекеттік қызметкерлер), жедел жәрдем жүргізушілері және т. б. Үстеме ақы 5 ЖТМ (212 500 теңге) құрайды. 

Бұдан басқа, премьер-министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне медицина қызметкерлерінің денсаулығы мен өмірін сақтандыруды қамтамасыз етуді тапсырды. 

Коронавирустық инфекциямен ауырған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлінетін бір реттік әлеуметтік төлем көлемі 2 млн теңгені, ал көз жұмған жағдайда 10 млн теңгені құрайды. 

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, наурыз айында Атырау облысында 858 медицина қызметкері жалпы сомасы 66 200 000 теңгеге жалақыларына үстеме ақы алған. Оның ішінде, бірінші қауіп тобы бойынша - 44, екінші топта – 151, үшінші топта – 663 қызметкер. Сәуір айында 1080 медицина қызметкері барлығы 158 200 000 теңге алды, оның 60-ы - бірінші қауіп тобында, 234-і -екінші, 786-сы – үшінші топта.

Бірақ кез-келген жағдайда медициналық-санитариялық бөлім қызметкерлері де қауіп тобында болады. Біз оларға осынау қиын уақытта шыдамдылық пен төзімділік тілейміз.  Олардың еңбегін мемлекет болмаса да, «АТМА» басшылығы елейді деп үміттенеміз.

Айнұр САПАРОВА

«АТМА - Атырау әуежайы және тасымалдар» АҚ медицина қызметкерлері жолдаған суреттер

28 мамыр, 01:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.