Атырау, 25 сәуір 12:47
 ашықВ Атырау +26
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Теңіз кенішінен 18 мың адам шығарылды, қалғаны 21 мың адам

3 902 просмотра

«Теңізшевройл» ЖШС үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек АРТЫҒАЛИЕВ онлайн өткен брифингте Теңіз кенішіндегі қазіргі жағдай туралы  айтып берді. Осы күнге дейін кен орнынан 18,5 мың жұмысшы уақытша шығарылып, сол үшін 40-тан астам коммерциялық әуе рейсі, 211 рейс ТШО-ның «Dash 8» ұшағымен жүзеге асырылып, 170 автобус рейстері атқарылды. Сондай-ақ 16 пойыз жөнелтілді.

Артығалиевтың айтуынша, Болашақ кеңейту жобасы/Сағалық қысымды басқару жобасы 77 пайызға орындалған.

- Модульдерді дайындау және оларды өндірістік алаңнан түсіру кестеге сәйкес жүргізілуде, кен орнында модульдерді құрастыру жалғасып жатыр. Біз тікелей қатысы жоқ қызметкерлерді  уақытша кен орнынан шығарып жатсақ та, жоба бойынша маңызды жұмыстар тоқтатылған жоқ.

Өндіріс жұмысын үздіксіз атқаруға бағытталған қорғау шаралары ретінде жұмысшыларды жеке топтарға бөлгенді жөн көрдік. Бұл стратегия бойынша топтар арасындағы жақын байланысуға кедергі жасалады. Бұл дегеніміз, егер бір топ мүшесінің бірі вирусты жұқтырса, онда басқа топ оларды ауыстыруға және жұмысты жалғастыруға дайын тұрады.

- Тағы бір мысал ретінде  арнайы бағдарлама мен мобильді құрылғылар арқылы наряд-рұқсатнамаларды онлайн ресімдеуді айтуға болады. Біз Орталық басқару пульттеріне кіруге  шектеу қойдық. Тек пульт операторлары ғана осы бөлмеге кіре алады. Сонымен қатар, ауысым кезінде қатаң ереже бойынша дезинфекциялауды күшейттік, - дейді Р. Артығалиев.

Бұған дейін хабарланғандай, кен орнының аумағында мемлекеттік мекемелерден іссапарға жіберілген медициналық қызметкерлермен жасақталған инфекциялық стационар құрылды. Ол коронавирустық инфекцияның жеңіл және симптомсыз түрлерін жұқтырғандарды қабылдайды, емдік шаралар ҚР-да қабылданған хаттамаларға сәйкес жүргізіледі. Қазір бұл стационарда 376 адам жатыр.

- Теңіз қызметкерлерінің сырқаттануы шамамен 90% жағдайда симптомсыз өтетінін атап кеткен жөн. 8 мыңнан астам ПТР-талдау жасалды. Күн сайын орта есеппен 400-ге жуық талдау жүргізіледі. 

Теңізде оқшаулау, әлеуметтік қашықтық, бетперде кию және жеке гигиена ережелерін сақтауды қарастыратын қатаң шаралар қолданылады:

- Біз мердігер ұйымдардың барлық қызметкерлері осы талаптарды сақтайды деп ойлаймыз. Олай болмаған жағдайда ТШО келісім-шарттар мен еңбек шарттарын бұзуға дейін жеткізетін қатаң шаралар қабылдайды. ТШО Бас директоры Имер Боннер осыны барлық мердігер ұйымдарға жеткізді.

Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Артығалиев Теңіз кенішінен уақытша шығарылған жұмысшылардың жалақысы сақталатынын айтты. Сондай-ақ, бұл ТЖ енгізілуіне және карантиндік іс-шараларға байланысты вахтаға шықпаған қызметкерлерге де қатысты. Өндірісте қалған адамдарға төлем бір жарым есе мөлшерде төленеді.

Қазір кен орнында 21 мыңға жуық адам қалып отыр. Демобилизацияның екінші толқыны жоспарланған – алайда мерзімі әлі белгісіз, бұл туралы қосымша хабарланады.

Ал ОПЕК+ келісімі аясында өндірісті қысқарту туралы нақты жауап берген жоқ - оның айтуынша, «өндіріс жоспар бойынша жүріп жатыр».  Бұған дейін Reuters агенттігі «Теңізшевройл» өндіріс көлемін айтарлықтай қысқартатынын хабарлаған болатын. 14 мамырда Теңізде тәулігіне 483 мың баррель мұнай өндірілді, бұл биылғы жылдың І тоқсанындағы орташа тәуліктік деңгейден 28%-ға төмен.

Айта кетейік, 2020 жылдың бірінші тоқсанында ТШО-ның өндіріс көлемі  7 миллион 680 мың тонна шикі мұнайды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сәл көбірек.   

Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

26 мамыр 2020, 10:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.