МӘМС-тің мәні неде?

586 рет қаралды

2016 жылы құрылған «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы төрт жылда не тындырды? Биылдан бастап енген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жұрт дұрыс түсінді ме? Өткен жұмада Қор басшысы Айбатыр Жұмағұлов Қоғамдық кеңес мүшелерімен онлайн форматта алғашқы отырыс өткізіп, індет кезінде тіркелген кейбір түйткілді ортаға салды.

56 млрд теңге –  індетке қарсы күреске

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жанындағы қоғамдық кеңестің отырысында елімізде коронавирус індетіне қарсы күреске 56 млрд теңге бөлінгені айтылды. Оның 14,8 миллиарды – науқастарды емдеуге, 35,7 миллиарды – медицина қызметкерлеріне үстемақыға, 1,7 млрд – стационарларда ПТР тестінен өткізуге, 3,7 млрд теңге GWH-тест жасауға жұмсалған. Осы жалпы сомадан Нұр-Сұлтан қаласына 6,7 млрд, Алматы қаласына 8,3 млрд теңге бөлінген. Себебін екі қалада індет жұқтырғандар саны көптігімен байланыстырады. Есептесек, бір адамға емделу үшін күніне – 15 мың теңге, провизорлық стационорда жатса – 11 619 теңге, карантинде болса – 10 413 теңге жұмсалуы тиіс.

Індет келгелі және медицина қызметкерлеріне үстемақы төленеді дегелі бері дау-дамай толастамай тұр. Nege.kz редакциясына үстемақы ала алмаған дәрігерлер көп хабарласады. Бұдан кейін Денсаулық сақтау министрлігі сәуірден бастап бұл мәселемен жедел штаб жанынан құрылған аймақтық комиссия шұғылданып, үстемақының кімдерге беретінін анықтайтынын жеткізді. Ал сәуір айынан бұл жұмыс тобына Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры да кірген еді. Аз уақыттың ішінде қор індетке қарсы күреске бөлінген ақшаның жөн-жосықсыз жұмсалып жатқанын да әшкерелеп, жалпақ жұртқа жария етті. Яғни Қор медициналық қызметкерлерге үстемақы үшін деп бөлінген 560 млн теңгенің заңсыз жұмсалғанын анықтады. Қор басқармасы төрағасының орынбасары Марат Шорановтың айтуынша, сәуір айында медицина қызметкерлеріне бөлінген үстемақы наурыз айымен салыстырғанда 2,5 есе көп болған.

Сантехниктер мен картоп тазалаушылар тізімде қайдан жүр?

«Мәселен, наурыз айында 3,3 млрд, сәуірде 7,6 млрд теңге бөлініп, үстемақы мөлшері 56 пайызға еселенген. Оны алатындар 17,7 мың адамнан 42,6 мың адамға артып, Алматы (1,5 млрд),  Нұр-Сұлтан (1,1, млрд), Түркістан облысы (0,8 млрд) медициналық қызметкерлері тізімнің басында болған. Тізімді жедел штаб жанынан құрылған аймақтық комиссия анықтаса, сәуір айынан бұл жұмыс тобына Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілдері де кірді. Нәтижесінде қор ақшаның дұрыс жұмсалмағанын анықтады», – деді Марат Шоранов.

«Яғни, наурыз айында – 88,5 млн теңге, ал сәуірде – 473 млн теңгеден астам қаражат орынсыз жұмсалған. Дәлігерінде, сәуір айында Алматы облысында – 146 млн, СҚО – 101 млн, Нұр-Сұлтанда – 86,5 млн, ШҚО – 47 млн, Шымкентте – 29 млн теңгенің есебі жоқ. Ал бұйрықта бұл үстемақы тек індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлеріне ғана беріледі делінсе де, кейбір өңірде бұл тізімге әкімшілік блок қызметкерлерін, сантехниктер, кір жуушылар, тіпті картоп тазалаушыларды, тағы басқа індетке қарсы күреске қатысы жоқ мамандарды кіргізіп жіберген. Мұны қалай түсінуге болады? Тым болмаса, медицинаға жақын мамандарды кіргізсе, әңгіме басқа», – дейді Марат Шоранов.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жанындағы қоғамдық кеңестің отырысында мамандар «Қазақстан халқын 100 пайыз тесттен өткізуге бола ма, жоқ па?» деген мәселе төңірегінде де пікірін білдірді. Шынтуайтында, халықтың бәрін жаппай тестілеуден өткізу халықаралық тәжірибеде жоқ дейді олар. Себебі, тест арқылы бір рет қана емес, толыққанды нәтиже шыққанға дейін тексере береді. Және бұл анализ аурудың алғашқы белгілері бар және жұғу қаупі жоғары адамдардан ғана алынады.

Қордың әу бастағы миссиясы – халықты тиімділігі дәлелденген, қолжетімді медициналық көмекпен теңдей қамтамасыз ету, жұртшылықты медициналық көмекке негізсіз жұмсалатын артық шығындардан қорғау, медициналық қызметтерді кепілдік пен теңгерімді сақтай отырып сатып алу. Яғни, азаматтарды сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету арқылы қызметтің сапасын тиісті деңгейде ұстап тұру көзделген. Осы тұрғыда Қор медициналық қызметтерді стратегиялық сатып алушы ұйым ретінде дами түсетінін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.

Дереккөз: Nege.kz

25 мамыр, 11:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.